Вакцинаның екіншісін 21-ден 90 күнге дейінгі аралықта алуға болады — министрлік
Вакцинаның екіншісін 21-ден 90 күнге дейінгі аралықта алуға болады — министрлік
5,146
оқылды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі А. Жамаловтың депутаттық сауалына жауап ретінде өз ұстанымын білдірді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың бұдан бұрын пленарлық отырыста айтылған депутаттық сауалына жауап ретінде министрлік былай дейді:
"ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Спутник V вакцинасын әзірлеушілерден РҒА академигі, Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбургтің қолы қойылған "Спутник V" вакцинасының 1-компоненті мен 2-компонентін енгізу арасындағы аралықты 21 күннен 90 күнге дейін ұлғайту мүмкін болып табылады, сондай-ақ "вакцина дозалары арасындағы аралықтың ұлғаюы иммундық жауаптың күшіне әсер етпейді, ал кейбір жағдайларда иммунитеттің жоғары белсенділігіне әкеледі" деген ресми хат алды. Әзірлеушінің осы ұсынысын басшылыққа ала отырып, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысына "Спутник V" екінші компонентімен вакциналау мерзімін 21-ден 45 күнге дейін ұзарту бойынша өзгеріс енгізілді. Бұл ретте, қажет болған жағдайда, Қазақстан азаматтары вакцинаның бірінші компонентін алған жері бойынша өтініш бере алады және 21-ден 90 күнге дейін екінші компонентті ала алады", — делінген министрлік хабарламасында.
Осылайша, вакцинаның екі компоненті арасындағы интервал бойынша ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің ұстанымы құқықтық негізге ие және Телеграмм-каналдан алынған үзінділерде емес, препаратты әзірлеушінің ресми түсіндірмесіне сәйкес түзілген. Есіңізге сала кетейік, республиканың Бас санитарлық дәрігерінің қызметі Қазақстан халқының денсаулығы туралы кодекспен реттеледі. Жалпы, аралықтың ұлғаюы иммундауды едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді, ал вакцинаның бірінші компонентін енгізу антиденелер шығаруды қамтамасыз етуге және 3 аптадан кейін азаматтарда иммунитеттің пайда болуына мүмкіндік береді. "Спутник V" вакцинасының екінші компоненті жеткілікті мөлшерде екенін айта кеткен жөн. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2,3 млн қазақстандық үшін вакцинацияға барынша қолжетімділікті қамтамасыз етті. Бұл вакцинамен халқымыз Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында да, медициналық ұйымдарда да жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген дегенді білдіреді. Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналарды елге жеткізу кестеге сәйкес жүргізілуде және жеткілікті мөлшерде, тапшылық байқалмайды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі барлық азаматтарды санитарлық нормаларды ғана емес, ақпараттық гигиена ережелерін де қатаң сақтауға шақырады. Бұл, ең алдымен, әртүрлі байланыс арналары арқылы таратылатын жалған және арандатушылық ақпараттарға сенбей, коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі ресми көздерден алынған ақпаратты пайдалануды білдіреді.