Ақша-кредит саясаты стратегиясы қайдан шықты?
Ақша-кредит саясаты стратегиясы қайдан шықты?
362
оқылды
Президенттің қатысуымен өтетін жиындарда, әйтеуір біз естімеген бір жаңалық жылт ететін дәстүр бар. Мысалы, өткен аптадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2030 жылға дейінгі Ақша-кредит саясаты стратегиясы жасалатыны белгілі болды. Инфляцияны ауыздықтауда  маңызы зор болатын бұл құжат елімізде алғаш рет жасалатын көрінеді. Олай болса, бұл құжат бүгінге дейін неге қабылданбаған? Біздің білетініміз, Ұлттық банк пен Үкімет жыл сайын ақша-кредит саясаты туралы ортақ мәлімдеме қабыл­дай­тын. Сол мәлімдемеде  инфляцияны өсірмеу жоспары бо­латын. Ендеше екі құжаттың бір-бірінен қандай айырмасы бар? Ақша-кредит саясаты стратегиясын жасауға не түрткі болды? Осы сауал­дарға жауап іздеп көрдік. Әуелі ақша-несие саясаты туралы бірер сөз, ол айналымдағы ақшаның саны мен құнына әсер ету үшін орталық банк жүргізетін мемлекеттік экономикалық сая­сат­тың бір бөлігі. Ұлттық банк ақша-несие саясатын баға тұрақ­тылығын қамтамасыз ету мақ­са­тында жүзеге асырады. Ол үшін Ұлттық банк ақша-несие сая­са­тын инфляциялық таргеттеу ре­жимінде іске асырады, біз бұл режимге 2015 жылы өттік. 2016-2017 жылдары Ұлттық банк инф­ляцияны 6-8 пайыз дә­лі­зін­де ұстап тұруды мақсат етті. Ал 2018 жылдың соңында 5-7, 2019 жылдың соңында 4-6, 2020 жылдың соңында, сондай-ақ ке­ле­сі жылдары 4 пайызға жуық дең­гейде ұстап тұруды жоспарлап отыр. Жоспарлап қоймай, қар­жы­лық реттеуші ретінде соған үлес қосуы қажет. Үкіметтің кеңейтілген отыры­сын­да Ерболат Досаев 2019 жыл­дың қорытындысы бойынша ин­фля­ция 5,4 пайыз болғанын, бұл 4-6 пайыздық нысаналы дәлізге сәй­кес келетінін айтты. Оның ай­­­туынша, былтыр инфляцияға кө­бінесе нан-тоқаш өнімдері мен жар­ма, ет және ет өнімдерінің қым­баттауы әсер етіпті. Азық-тү­лікке жатпайтын тауарлар мен ақы­лы қызметтер бағасының өсуі де қалыпты болған. Ұлттық банктің есебіне сүйен­сек, инфляция дәлізі сақталып отыр. Ал нақты өмірде ше? Себебі қым­батшылық алқымнан алғанын ай­тып жүргендер көп. Стратегия осы олқылықтың орнын толырса, игі.  

Жоба қашан дайын болады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Ұлттық банк орталық банктің классикалық қызметтерін орындауға назар аударуы тиіс еке­нін айты. Ол үшін ақша-кредит сая­сатын әзірлеуді тапсырды. Сол жиында Ерболат Досаев бірінші тоқ­санда 2030 жылға дейінгі ақша-кре­дит саясаты стратегиясының жо­басы әзірленетінін, сонымен қа­тар биыл қаржы тұрақтылығын қам­тамасыз ету аясында тиімді ақ­ша-кредит және валюта сая­сатын жүргізу, заманауи төлем инф­ра­құрылымын құруға жағдай жасау сияқ­ты міндеттерге басымдық бері­летінін жеткізді. Оның айтуынша, стратегияны іс­ке асыру екі кезеңге болжа-нып отыр – бірінші кезең елдің 2025 жыл­ға дейінгі Стратегиялық жос­пары­мен үйлестіріледі. Екінші ке­зең инфляциялық таргеттеу сая­сатын толыққанды енгізу бойын­ша ұзақмерзімді міндеттерді іске асы­руды болжайды. «Биыл 1-тоқсанның соңына дейін Сіздің тапсырмаңызға сәй­кес 2030 жылға дейінгі ақша-кре­­­дит саясаты стратегиясының жо­басын әзірлеу аяқталады», – де­ді Е.Досаев. Осы тұста Ұлттық банк төрағасының былтыр қа­зан айында Алматыда өткен бри­финг­тегі сөзі еске түсті. Төраға сол брифингте «Ақша-кредит сая­саты стратегиясының жобасын жыл соңында (2019 жылдың соңы – ред.) аяқтап, қаржы қауым­дас­ты­ғы­мен талқылаймыз» деген бо­латын. Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында стратегия жобасы  бірін­ші тоқсанда жасалатынын жет­кізді. Ал Үкіметтің кешегі ке­зек­ті отырысында баяндама ж­а­саған Е.Досаев жобаның соң­ғы нұсқасы Ұлттық банк бас­қармасына осы жылдың шілдесіне дейін ұсынылатынын айтты. «Ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру, инфляциялық кү­тулерді тұрақтандыру және эко­номиканы ұзақмерзімді қор­­­­ландыруды қамтамасыз ету үшін біз осы жылдың наурыз айы­ның соңына дейін Ақша-кредит сая­сатының 2030 жылға дейін­гі стратегиясының жобасын әзір­лейміз. Сараптамалық қауым­дас­тық талқылап, мүдделі мемлекеттік ор­гандарда келісілгеннен кейін жоба ағымдағы жылдың 1 шіл­­­де­сіне дейін Ұлттық банк бас­қар­масына ұсынылады», – деді тө­раға. Көріп отырғанымыздай, жо­баны жасап, аяқтау мерзімі үш айғ­а ұзартылған және ол Үкіметтің кеңейтілген отырысынан бұрын берілген тапсырма болып отыр. Ен­деше стратегияны жасап, аяқ­тауға не кедергі болды екен?    width=

Стратегия не үшін қажет? 

онымен былтырдан бері жа­сап біте алмай жатқан стратегия не үшін қажет болды деген сұрақ туын­дайды. Бұлай деуімізге себеп, біздің елде Қазақстанның қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бар. Бұл құжатта Ұлттық банктің міндеті мен мақсаты да анық көрсетілген. Аталған тұжырымдаманың не­гі­­зінде жасалған 2015-2020 жыл­дар­ға дейінгі стратегиялық жос­пар тағы бар. Бұл құжатта да инфляцияны 6-дан 4 пайыз­ға төмендету, ақша-несие ай­на­лы­мының тұрақты дамуы, ұлттық валютамыздың айыр­бас­тау курсының тұрақтылығын, ха­лықты, кәсіпорындарды несиемен қамтамасыз ету және депозиттік саясатты жүзеге асыру, қаржы на­рығын дамыту мәселелері белгі­ленген. Бұл аз десек, сөз басында айт­қ­анымыздай, жыл сайын Үкі­мет пен Ұлтық банк бірлескен Мә­лімдеме қабылдайды. Бұл құ­жатта да банктердің жағдайы, айыр­бастау курсы, кредиттің пайыздық мөл­­шері, Ұлттық банктің қайта қар­­жыландыруға бөлетін қар­жы­сының көлемі белгіленеді. Ендеше 2030 жылға дейінгі Ақша-кредит саясаты стратегиясын жасаудың қа­жеті бар ма еді? Экономист Сапарбай Жобаев­тың айтуынша, Президенттің стра­тегиялық жоспарды қайта қа­­рап шығу туралы тапсырмасы 2011 жылдан бері Ұлттық банктің құра­мында болып келген Қаржы на­рығын реттеу және дамыту  агент­­тігінің  қайтадан бөлініп шы­ғуы­мен байланысты болуы мүм­кін. «Бізде зейнетақы қорын тиім­ді пайдалану, бағалы қағаздар нарығын дамыту, банктер мен мик­­рокредиттік ұйымдардың ха­­лықты несиемен қамтамасыз етуі, халықтың депозиттегі қар­жы­сының сақталуы сияқты мә­селелер өте көп. Қазақстан 2050  жылы дамыған 30 елдің қатары-на кіруді көздеп отыр. Міне, осы жос­парда Ұлттық банктің алдына 7 мақсат қойылған: ақша-несие сая­сатын жақсарту, инфляцияны тежеу, алтын валюта қоры резервін қалыптастыру, сақтандыру сала­сын, жинақ жүйелерін дамыту, валю­та­ны реттеу деп кете береді. Енді Қар­жы нарығын реттеу және да­мыту агенттігі бөлек шықты. Бұл – бір, екіншіден, бүгінгі әлемдік өзгерістерге, экономикалық сая­сат­қа сай жаңа жоспар түзу талап еті­­леді. Стратегиялық құжат сол үшін қажет болды деп ойлаймын. Енді осы құжатта сақтандыру жүйе­­сін дамытуға баса көңіл бө­лін­­се деген тілек бар», – дейді С.Жобаев. Экономикалық саясат инс­титу­тының директоры Қайырбек Арыстанбековтің пікірінше, Ұлт­тық банк пен Үкімет жасап кел­ген Ақша-кредит саясаты туралы ор­тақ мәлімдеменің заңды мәртебесі жоқ. Ал стратегияның заңды-құ­қықтық орны болады. «Яғни, стратегия жауап­кер­ші­лік­ті күшейтеді. Сонымен қатар стра­тегияда нақты өлшейтін инди­ка­торлар болады. Сондықтан бұл жерде саяси-құқықтық жауап­кер­ші­лік көзделеді. Мәлімдеме мен ст­ратегияның айырмасы осын-да», – дейді. Оның айтуынша, осы күнге дейін Ұлттық банктің ақша-несие саясатындағы түпкі мақсаты – ин­фляцияны таргеттеу болды. Басқа мақсаттар инфляциялық тар­геттеуге бағындырылды да, өз­гесі маңызды емес деген пара­диг­ма жүзеге асырылып келді. Егер жаңа стратегияда инфляцияны ғана емес, валюта бағамын да таргеттеу жүргізілсе, тиімді болар еді. «Одан бөлек, сырт елдерде пайыз­­дық ставканы таргеттеу де­­ген түсінік бар. Әлемде эконо­ми­­калық ғажайып жасаған мемле­кет­тер тарихына зер салсақ, олар­да реттеуші (біздіңше Ұлттық банк – ред.) экономикалық өсу­ге, өнеркәсіптің түбегейлі дамуына өзгеше валюта бағамын ай­қын­да­ған. Өнеркәсіптік немесе индуст­риал­ды-инновациялық дамуға сер­пін берер кезде сол саясатты жү­­зеге асыруда іріктелген төрт са­­ты бар. Біріншісі, шетелден жап­­пай технологияны импорттау, екін­­шісі, сол технологиямен өнді­ріл­ген өніммен ішкі нарықты то­­лықтырған соң, экспортқа шы­ғару, демек бірінші саты мен екінші сатының Ұлттық банк айқындайтын валюта бағамына қоятын талаптары әртүрлі. Сон­дық­тан Үкімет пен Ұлттық банк осы­ған назар аударса, тиімді ақ­ша-несие саясатын жүргізуге бо­лад­ы», – дейді Қ.Арыстанбеков.  Эко­номистің пікірінше, бізде соң­ғы екі сатыға байланысты валю­та бағамын сәйкестендіру тура­лы түсінік жоқ. Сондықтан біз­де қарқынды экономикалық өсу де, өнеркәсіптің дүркін дамуы да болмайды, демек халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілмейді. Сонымен былтыр жасалып бас­таған Ақша-кредит саясаты стра­тегиясының жобасы жазда ғана қа­былдануы мүмкін. Ал оған дейін азық-түлік бағасының өсуінен туындайтын инфляциямен өзіміз күресуге тура келеді.    width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ