Nur Otan-ның жаңа кеңесі «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды жүйелі бақылауға алады
Nur Otan-ның жаңа кеңесі «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды жүйелі бақылауға алады
119
оқылды
Ауылдық жерлердегі өмір сүру деңгейін арттыруға қатысты партияның сайлауалды уәделерін іске асырудың өзекті мәселелері «Nur Otan» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинскаяның айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандықтардың 40%-дан астамы ауылдық жерде тұрады. Бұл ретте жекелеген ауылдардағы өмір сүру деңгейі мен сапасы арасында айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық айырмашылық сақталуда. Айталық, «Nur Otan» партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, әрбір екінші отбасының ай сайынғы табысы 100 мың теңгеден, әрбір оныншы отбасының табысы 42500 теңгеден аспайды. Ауылдағы отбасылардың орташа табысы қалалықтардан және ресми статистикадан айтарлықтай төмен. Партияның 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында 3,5 мың ауылды жаңғырту міндеті қойылған. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 1,3 млн. адам тұратын 480-нен астам ауылды дамытуға 105 млрд. теңге жұмсау жоспарлануда.
«Бұл көлік, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту үшін мыңнан астам жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Жобаны одан әрі іске асыру аясында 3,5 мың ауылдағы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін 5 жыл ішінде шамамен 800 млрд. теңге бөлінеді», - деді отырыс барысында Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров.
Өз кезегінде Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлік Тайжанов тірек және серіктестер тізіміне кірмейтін ауылдардың тағдыры туралы мәселені көтерді. Ол мысал ретінде отырысқа қатысушыларға Солтүстік Қазақстан облысының Майбалық ауылына апаратын жолдардың жағдайын көрсетті.
«Солтүстік Қазақстан облысында жолдардың жағдайы нашар, сумен қамтамасыз етілмеген. Адамдар неге үйлерін тастап кетіп жатыр? Себебі жергілікті билік жағдайды жақсарту үшін ештеңе істемейді. Өткен жылы бұл жолды жөндеуге 252 млн.теңге жұмсалғаны туралы айтылып еді, бірақ мен онда ешқандай қиыршық тас та, цемент те көрген жоқпын. Бұл жергілікті биліктің салғырттығы», - деді ол.
Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан ауылдық елді мекендерді іріктеу кезінде неғұрлым икемді тәсілді қолданудың және мәртебесіне қарамастан ауылда қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде ауыл тұрғындарының барлығы бірдей тұрғылықты жерін ауыстыруға дайын емес, оған мүмкіндігі жоқтар баршылық. Сонымен қатар, партия мүшелері өңірлерді дамытуға қатысты жүйелі пайымның жоқтығын да атап өтті. Кеңес төрағасының орынбасары, депутат Әмірхан Рахымжанов ауылдық елді мекендерге іріктемелі талдау жүргізу кезінде, аудандардың көп бөлігі жобаға кірмей қалатыны белгілі болғанын баса айтты. Мысалы, Ақмола облысындағы аудандар арасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Астрахан ауданында іріктелген ауылдар ауыл халқының 78%-ын қамтыса, ал Ақкөл ауданында бұл көрсеткіш – тек 11%-ын қамтып отыр. Кеңес мүшесі, депутат Вера Ким тірек және серіктес ауылдарды дамытудың Жол карталарының деректеріне сәйкес, кейбір ауылдық елді мекендерде тұрғындардың табиғи ағынын қоспағанда, жобаны іске асыру көрсеткіштері барлық кезеңде өзгермейтінін атап өтті. Сонымен қатар, «қаржыландырылатын жобаларға жүргізілген талдау жұмыстары қолдау көрсетілетіндердің арасында дамуға емес, ағымдағы жөндеуге бағытталған жобалар басым екенін көрсетеді. Мұндай жағдайда, біз 3,5 мың ауылды іс жүзінде жаңғырта аламыз ба және ауыл тұрғындарының 88%-ның өмір сапасын жақсартуға қатысты берген уәделеріміз бос сөз болып қалмай ма?» - деді Вера Ким. Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева және экономист Ярали Халилов «Ауыл – Ел бесігі» жобасын өңірлерді дамыту, жұмыспен қамту және бизнесті қолдау, суармалы жерлерді бөлу және тұрғын үй салу жөніндегі басқа да мемлекеттік бағдарламалармен үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Кеңес мүшелері ауылдық елді мекендердің басымдылығы үшін көрсеткіштерді есептеу және іріктеу әдіснамасын жетілдірудің маңыздылығына тоқталып, тірек және серіктес ауылдар тізімін қайта қарауды ұсынды. Жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің дамуын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік алуы үшін жоба шеңберінде қаржыландыру жүйесін қайта қарау ұсынылды. Отырыс қорытындысы бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру аясында атқарылатын жұмыстардың сапасына және бюджет қаражатының игерілуіне жүйелі мониторинг жүргізу бойынша кеңес пен Ұлттық экономика министрлігіне бірлесіп жұмыс істеу туралы шешім қабылданды. Кеңес мүшелері, ірі қоғамдық ұйымдардың өкілдері осы жұмысқа қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева Альянстың құрамына кіретін ұйымдардың мүшелері осы жұмысқа тікелей қатысатынын атап өтті.