Алматыда үш ер адам ұсталды

Алматыда үш ер адам ұсталды

Алматыда ұрылар арнайы дайындықпен келіп, Lexus 570 автокөлігін айдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz. Ұрылар 1955, 1970 және 1982 жылдары туған үш адам  болып шықты. Олардың екеуі – Алматы облысының тұрғындары, тағы біреуі – алматылық.

– 13 мамырда күдіктілер Медеу аудандық аумағынан Lexus 570 автокөлігін ұрлап кеткен. Қаскөйлер техникалық құрылғыларды қолданып, олардың көмегімен көліктің пультіндегі сигналды оқып, байқатпай есігін ашты және ұрлап үлгерді. Күдіктілер өз құрбандарын бірнеше күн бойы бақылап отырғаны, оның қала бойында жүрген бағдарын зерттегені анықталды. Жол талғамайтын көлікті иесі дәмханада болған кезде ұрлап үлгерген. Осы қылмысты ашу мақсатында арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Біраз уақыттан кейін қаскөйлер ұрланған көлікті жасырған үй анықталды. Бұл – Алматы облысы Талғар ауданы Бесқайнар ауылында жалға берілген тұрғын үй екен, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Тәймерденов.
Полицейлер бұл арнайы шараны арнайы жасақ сарбаздарының көмегімен өткізді. Үйдің аумағында рұқсат етілген тексеру барысында ұрланған жол талғамайтын көлік, осы көліктің салонынан алынған ақшаның бір бөлігі, сондай-ақ күдіктілер қолданған техникалық құрылғылар және жасанды шаш пен мұрттар тәркіленді. Бұған дейін жасы үлкен 8 әйелі өзіне "ғашық еткен" жігіт туралы жазған болатынбыз.