Жазғы күркені баспана етіп отыр...
Жазғы күркені баспана етіп отыр...
211
оқылды

Бүгінгі қоғам үшін заман зары – баспана. Мемлекетке зәулім ғимарат, тұрғын үйлер тұрғызып беріп жүрген құ­рылысшылар да, ауылы қаңы­рап қалған көпбалалы аналар да, зейнеткерлер де қала шетін­дегі саяжайларда жазғы күркені баспана етуге мәжбүр. Осы мәселеге нақты көз жет­кізу үшін біз елорда іргесіндегі бірнеше саяжай учаскесін аралап көрдік. Тауық қораның көлеміндей бөлмеде он шақты адам күнелтіп жатқан ондағы халықтың тұрмысы шы­нымен де көзіңе еріксіз жас үйірердей екен. Бау-бақшаға арналған нысанды басына пана еткен олардың дені өрке­ниеттен қағылған. Обал-ақ.

Саяжайынан айырылса, қаңғып қалады

1998 жылдың басында 300-ақ мың болған астана тұрғынының саны негізінен сол саяжайлық­тармен толыққан еді. Өйткені олардың көбі – Есілдің қаңырап бос жатқан сол жағалауын адам айтса сенгісіз қалаға айналдырған құрылысшылар. Ал кейін солардың алақанының табы қалып, маңдай тері сіңген дайын пәтерлерді ие­лене қойғандар мұңсыз-қамсыз. Саяжайдың не екенін де білмеуі мүмкін. Ресми дерекке сүйенсек, бү­гінде елордаға жыл сайын 50 мың­нан 100 мыңға дейінгі жұрт қоныс аударып жатыр. Сол ішкі мигрант­тардың бірден баспана сатып ала қоятын шамасы жоқ. Міне, біз бала-шағасымен жатақхана, жазғы сарай, қосалқы бөлмелер, тіпті мон­ша жалдап көргендердің енді амалсыз саяжайға тұрақтаған­дарымен жолықтық. «Нұрлы жол» вокзалы маңын­дағы саяжайға тұрғындар тығыз қоныстанған. Көбі – қазақ. Қа­бырғасы бір-ақ қабат кірпіштен тұрғызылған, шатыры жұқа, күр­келері жылу ұстамайтындықтан, олардың бәрі қазір әлі от жағып отыр. Жаздағысы мынау болса, жыл­да қыстан қалай шығып жүр­генін бағамдай беріңіз... Алдымен 7 баласымен тұрып жатқан отбасына табан тіредік. Олар «баспананы» бау-бақша егіп жүрген байырғы иесінен 20 мың теңгеге жалдап отыр. Оның сыр­тында отын-суына төлейді. Қуық­тай ғана бір бөлмеде 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырған ерлі-зайып­ты­ның пәтер кезегіне тұрғанына 10 жыл болып қалған. Алайда одан ешқандай нәтиже жоқ. Өзін Алмагүл деп таныстырған әйел қалалық әкімдік пен тұрғын үй инспекциясының табалдыры­ғын тоздырғанын айтты. «Кезегіңді күт» деген жалғыз жауаптан әбден мезі болыпты. Себебі пәтер заң бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен соғыс ардагер­леріне ғана кезексіз беріледі. «Қыс бойы сырт киіммен ұйықтап шы­ғамыз. Кілемнің астына ауылдан әкелген ескі текеметті қабаттап төсесек те еденнің ызғары табаннан өтіп кетеді. Ауылдағылар бізді астанада тұратын бақытты жандар деп ойлайды. Қандай жағдайда тұрып жатқанымызды қайдан білсін?!» деп ашынды ол. Саяжайлықтардың бірде аш, бірде тоқ ғұмыр кешіп жатқанынан билік те хабардар. Өйткені қала шетіндегі көпбалалы аналар жо­ғары жақтан баспана талап етіп, Министрліктер үйінің алдында жиі ереуілдетіп тұрады. Солардың бірі – Есіл ауданына қарасты Пригород­ный тұрғын алабында тұратын Сәуле Ерназарқызы. «Біз 2019 жылы Әділет министрлігіне барып, тұрақты тіркеу мәселесін шешіп беруді талап еткенбіз. Өйткені 2016 жылдан бастап билік саяжайға тұрақты тіркеуге тұруға тыйым салған. Содан бері қайда барсақ та тұрақты тіркеу мәселесі алдымыз­дан шыға береді», – дейді ол. Айтуынша, өздері баспанасыз жүрсе де мемлекеттен үй сұрап жат­қан жоқ. Тек сол тұрып жатқан саяжайларына тіркелуге мүмкіндік берсе дейді. Ал өзге саяжайлықтар жергі­лікті әкімдік EXPO көрмесі кезінде шетелдіктерден ұят болмасын дегендей саяжайды қоршап тас­тағанын айтады. Қазір сол қоршауы әлі тұр. Көрме біткен соң шенеу­ніктер саяжайды ұмыт қалдырып, тұрғындардың жанайқайын да ес­тімейтін болған. «Естімейтін мемлекет» деп мырс етті, бізге осы мәселені жеткізген келесі тұрғын. «Мұндағы жағдай ешқандай экологиялық, санитарлық талапқа сай келмейді. Қыстыгүні қар жауған сайын көшенің жолы тазаланбайтындықтан, көлігімді шығарудың өзі мұңға айналып, үйде отырып қалатын кездерім де болады. Шамамыз жеткенше бір­лесіп, қолмен күреп, жол ашқаны­мызбен, кейде апталап жауатын қар жолды тұтасымен алып қалады. Биыл қыстан әрең шықтық», – дейді аты-жөнін атауды жөн көр­меген ол. Тұрғындардың айтуынша, әкім­дік бұзуға жіберетін бір сая­жайдың құнын 4-5 миллион теңгеге ғана бағалайды екен. Сөйтіп, үй­ін сатқандардың көбі қазір қаңғып қалған көрінеді.

Өңірлердегі өмір де сол

Нұр-Сұлтандағы саяжай учас­келерінің кейбірін аралап келген­нен кейін «Өзге өңірлердегі жағдай не болып жатыр екен?» деп интер­нетке жүгініп көрдік. Олар­дыкі де осындағыға ұқсас жағдай. Мысалы, бейресми деректен Алматы об­лысында 150-200 мыңдай адамның саяжайда тұрып жатқанын білдік. Тек облыс орталығы Талдықор­ғанның өзінде 12 саяжай учаскесін­дегі 30 мыңға жуық адам жазғы ла­шықты тұрақты баспанасына ай­налдырған. Бірақ Жиренше шешенге ұқсап «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім!» дей алмайды. Өйткені олардың ауызсу, көгілдір отын, көлік қатынасы дегендей мәселелері шаш етектен. Оралда да саяжай тұрғындары қолайлы жағдайдың жоқтығын айтып, жергілікті билікке шағым­данып отыр. Айталық, 500-ден астам бау-бақша телімі бар «Волна» саяжай қауымдастығына қоғамдық көліктер мүлде қатынамайды екен. Сондықтан жауын-шашын күндері балалардың мектепке баруы қиын­дап кетеді. Қысы-жазы 5 мыңдай адам тұрақты тұрып келе жатқан ол жердің тағы бір қиындығы – қоқыс төгетін контейнерлердің жоқтығы. Сондай-ақ электр сымдарын тарт­қан бағандары да ескі. Қала аумағындағы осындай 140 саяжай қауымдастығын толғандырған мәселесі бірдей екен. Ал Ақтөбедегі саяжайларда тұратын 33 мыңнан астам адам есепте жоқ десек, көкшетаулық сая­жай тұрғындары электр жарығы тарифінің қымбаттығына шағым­дануда. Қаладағылардан екі есе артық шығындалып жүрген көрі­неді. Сонда олар айына электр қуа­тына 10-30 мың теңге аралығын­дағы қаражат жұмсайды. «Біз не­гізінен үйде бола бермейміз. Тек кешке келеміз. Электр қуатын да көп қолданбаймыз. Бірақ соның өзінде қазір айына 7 мың теңгеден төлеп отырмыз. Ал қалада тұрғаны­мызда жарықтың ақысы 3 мың теңгеден аспайтын», - дейді саяжай тұрғыны Алина Демещенко. Ал Зеренді тасжолының бойындағы саяжайларға тағы 100 шақты тұр­ғын қоныс тепкен. Олардың айтар уәжі де сол. Кооператив басшы­ла­ры­ның сөзінше, олардың өздері жарықты қымбатқа сатып алатын көрінеді. «Электр қуатын тарататын мекеме барлық саяжай коопера­тивін «заңды тұлға» деп қабылдап, жарықты бәріне бірдей 21 теңгеден сатып отырған. Алайда бізден басқа ешқандай кооператив әділет орын­дарына тіркелмеген. Ал 21 теңгеге алынған жарық неге қымбаттайды десеңіз, бұған саяжай ұйымының электр қуатын жеткізудегі өз шы­ғындары қосылады. Сондықтан баға осылай қалыптасады», – дейді жергілікті саяжай кооперативінің төрағасы Алексей Шумейко. Ал әкімдік өкілдері олардың тірлігіне араласа алмайтын көрінеді. Енді Тараздағы Құмшағал, Шөлдала шағынаудандарындағы саяжай алқаптарының қаланың әкімшілік аумағына енгеніне он шақты жыл болса да онда әлі күнге дейін ауыз су, жарық, көгілдір отын­мен қамту, жол және кәріз жүйеле­рін жүргізу сияқты түйт­кіл­дер көп екен. Қоғамдық көлік те қатынамай­тын көрінеді. Ал қос алқапта 14 мыңға жуық халық тұрады.

Тоқетерін айтсақ...

Биыл шалғайдағы ауылдардың жаппай жабылып жатқанын жазған болатынбыз. Сол себепті дала халқының қалаға қарай ағылуы қалыпты құбылысқа айналғаны анық. Әрине, олардың бәріне бағасы аспандап тұрған пәтерлер мен үйлер қайдан бұйыра қойсын?! Содан амалсыз саяжайды сая тұтқан жұрт жыл сайын қажетті жарналарды толықтай, уақытылы төлеп тұруға міндетті. Бірақ соған сай қамқорлық көріп жатқан біреуі жоқ. Керісінше, саяжай бірлесті­гінің төрағасы жыл сайын ауыса­тын­дықтан, оларға тиынына дейін санап беретін жарна қыста өзде­рінің жолдарын тазалап беруге де жұмсалмайтын болып тұр. Қыс­қасы, саяжайда адам барын жарна жинау кезінде ғана ескеретін бас­шыларға бәрібір. Ал ондағы күр­келер оқыстан өртене қалса, жол­дың нашарлығынан өрт сөндіру­шілер тар көшеге кіре алмай, тұйыққа тіреліп қалады. Бізбен тілдескен тұрғындар тіркеуде жоқ науқас үшін жедел жәрдем де жола­майтындықтан, көптеген көрші­лерінің коронавирус салдарынан көз жұмғанын жеткізді. Статистика есебі үшін халық санын толықтыр­ғанмен, адам санатында болмаудың азабы қандай қиын десеңші!..

Еркеғали БЕЙСЕН