Бүгінгі қоғам үшін заман зары – баспана. Мемлекетке зәулім ғимарат, тұрғын үйлер тұрғызып беріп жүрген құрылысшылар да, ауылы қаңырап қалған көпбалалы аналар да, зейнеткерлер де қала шетіндегі саяжайларда жазғы күркені баспана етуге мәжбүр. Осы мәселеге нақты көз жеткізу үшін біз елорда іргесіндегі бірнеше саяжай учаскесін аралап көрдік. Тауық қораның көлеміндей бөлмеде он шақты адам күнелтіп жатқан ондағы халықтың тұрмысы шынымен де көзіңе еріксіз жас үйірердей екен. Бау-бақшаға арналған нысанды басына пана еткен олардың дені өркениеттен қағылған. Обал-ақ.
Саяжайынан айырылса, қаңғып қалады
1998 жылдың басында 300-ақ мың болған астана тұрғынының саны негізінен сол саяжайлықтармен толыққан еді. Өйткені олардың көбі – Есілдің қаңырап бос жатқан сол жағалауын адам айтса сенгісіз қалаға айналдырған құрылысшылар. Ал кейін солардың алақанының табы қалып, маңдай тері сіңген дайын пәтерлерді иелене қойғандар мұңсыз-қамсыз. Саяжайдың не екенін де білмеуі мүмкін. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде елордаға жыл сайын 50 мыңнан 100 мыңға дейінгі жұрт қоныс аударып жатыр. Сол ішкі мигранттардың бірден баспана сатып ала қоятын шамасы жоқ. Міне, біз бала-шағасымен жатақхана, жазғы сарай, қосалқы бөлмелер, тіпті монша жалдап көргендердің енді амалсыз саяжайға тұрақтағандарымен жолықтық. «Нұрлы жол» вокзалы маңындағы саяжайға тұрғындар тығыз қоныстанған. Көбі – қазақ. Қабырғасы бір-ақ қабат кірпіштен тұрғызылған, шатыры жұқа, күркелері жылу ұстамайтындықтан, олардың бәрі қазір әлі от жағып отыр. Жаздағысы мынау болса, жылда қыстан қалай шығып жүргенін бағамдай беріңіз... Алдымен 7 баласымен тұрып жатқан отбасына табан тіредік. Олар «баспананы» бау-бақша егіп жүрген байырғы иесінен 20 мың теңгеге жалдап отыр. Оның сыртында отын-суына төлейді. Қуықтай ғана бір бөлмеде 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптының пәтер кезегіне тұрғанына 10 жыл болып қалған. Алайда одан ешқандай нәтиже жоқ. Өзін Алмагүл деп таныстырған әйел қалалық әкімдік пен тұрғын үй инспекциясының табалдырығын тоздырғанын айтты. «Кезегіңді күт» деген жалғыз жауаптан әбден мезі болыпты. Себебі пәтер заң бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен соғыс ардагерлеріне ғана кезексіз беріледі. «Қыс бойы сырт киіммен ұйықтап шығамыз. Кілемнің астына ауылдан әкелген ескі текеметті қабаттап төсесек те еденнің ызғары табаннан өтіп кетеді. Ауылдағылар бізді астанада тұратын бақытты жандар деп ойлайды. Қандай жағдайда тұрып жатқанымызды қайдан білсін?!» деп ашынды ол. Саяжайлықтардың бірде аш, бірде тоқ ғұмыр кешіп жатқанынан билік те хабардар. Өйткені қала шетіндегі көпбалалы аналар жоғары жақтан баспана талап етіп, Министрліктер үйінің алдында жиі ереуілдетіп тұрады. Солардың бірі – Есіл ауданына қарасты Пригородный тұрғын алабында тұратын Сәуле Ерназарқызы. «Біз 2019 жылы Әділет министрлігіне барып, тұрақты тіркеу мәселесін шешіп беруді талап еткенбіз. Өйткені 2016 жылдан бастап билік саяжайға тұрақты тіркеуге тұруға тыйым салған. Содан бері қайда барсақ та тұрақты тіркеу мәселесі алдымыздан шыға береді», – дейді ол. Айтуынша, өздері баспанасыз жүрсе де мемлекеттен үй сұрап жатқан жоқ. Тек сол тұрып жатқан саяжайларына тіркелуге мүмкіндік берсе дейді. Ал өзге саяжайлықтар жергілікті әкімдік EXPO көрмесі кезінде шетелдіктерден ұят болмасын дегендей саяжайды қоршап тастағанын айтады. Қазір сол қоршауы әлі тұр. Көрме біткен соң шенеуніктер саяжайды ұмыт қалдырып, тұрғындардың жанайқайын да естімейтін болған. «Естімейтін мемлекет» деп мырс етті, бізге осы мәселені жеткізген келесі тұрғын. «Мұндағы жағдай ешқандай экологиялық, санитарлық талапқа сай келмейді. Қыстыгүні қар жауған сайын көшенің жолы тазаланбайтындықтан, көлігімді шығарудың өзі мұңға айналып, үйде отырып қалатын кездерім де болады. Шамамыз жеткенше бірлесіп, қолмен күреп, жол ашқанымызбен, кейде апталап жауатын қар жолды тұтасымен алып қалады. Биыл қыстан әрең шықтық», – дейді аты-жөнін атауды жөн көрмеген ол. Тұрғындардың айтуынша, әкімдік бұзуға жіберетін бір саяжайдың құнын 4-5 миллион теңгеге ғана бағалайды екен. Сөйтіп, үйін сатқандардың көбі қазір қаңғып қалған көрінеді.Өңірлердегі өмір де сол
Нұр-Сұлтандағы саяжай учаскелерінің кейбірін аралап келгеннен кейін «Өзге өңірлердегі жағдай не болып жатыр екен?» деп интернетке жүгініп көрдік. Олардыкі де осындағыға ұқсас жағдай. Мысалы, бейресми деректен Алматы облысында 150-200 мыңдай адамның саяжайда тұрып жатқанын білдік. Тек облыс орталығы Талдықорғанның өзінде 12 саяжай учаскесіндегі 30 мыңға жуық адам жазғы лашықты тұрақты баспанасына айналдырған. Бірақ Жиренше шешенге ұқсап «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім!» дей алмайды. Өйткені олардың ауызсу, көгілдір отын, көлік қатынасы дегендей мәселелері шаш етектен. Оралда да саяжай тұрғындары қолайлы жағдайдың жоқтығын айтып, жергілікті билікке шағымданып отыр. Айталық, 500-ден астам бау-бақша телімі бар «Волна» саяжай қауымдастығына қоғамдық көліктер мүлде қатынамайды екен. Сондықтан жауын-шашын күндері балалардың мектепке баруы қиындап кетеді. Қысы-жазы 5 мыңдай адам тұрақты тұрып келе жатқан ол жердің тағы бір қиындығы – қоқыс төгетін контейнерлердің жоқтығы. Сондай-ақ электр сымдарын тартқан бағандары да ескі. Қала аумағындағы осындай 140 саяжай қауымдастығын толғандырған мәселесі бірдей екен. Ал Ақтөбедегі саяжайларда тұратын 33 мыңнан астам адам есепте жоқ десек, көкшетаулық саяжай тұрғындары электр жарығы тарифінің қымбаттығына шағымдануда. Қаладағылардан екі есе артық шығындалып жүрген көрінеді. Сонда олар айына электр қуатына 10-30 мың теңге аралығындағы қаражат жұмсайды. «Біз негізінен үйде бола бермейміз. Тек кешке келеміз. Электр қуатын да көп қолданбаймыз. Бірақ соның өзінде қазір айына 7 мың теңгеден төлеп отырмыз. Ал қалада тұрғанымызда жарықтың ақысы 3 мың теңгеден аспайтын», - дейді саяжай тұрғыны Алина Демещенко. Ал Зеренді тасжолының бойындағы саяжайларға тағы 100 шақты тұрғын қоныс тепкен. Олардың айтар уәжі де сол. Кооператив басшыларының сөзінше, олардың өздері жарықты қымбатқа сатып алатын көрінеді. «Электр қуатын тарататын мекеме барлық саяжай кооперативін «заңды тұлға» деп қабылдап, жарықты бәріне бірдей 21 теңгеден сатып отырған. Алайда бізден басқа ешқандай кооператив әділет орындарына тіркелмеген. Ал 21 теңгеге алынған жарық неге қымбаттайды десеңіз, бұған саяжай ұйымының электр қуатын жеткізудегі өз шығындары қосылады. Сондықтан баға осылай қалыптасады», – дейді жергілікті саяжай кооперативінің төрағасы Алексей Шумейко. Ал әкімдік өкілдері олардың тірлігіне араласа алмайтын көрінеді. Енді Тараздағы Құмшағал, Шөлдала шағынаудандарындағы саяжай алқаптарының қаланың әкімшілік аумағына енгеніне он шақты жыл болса да онда әлі күнге дейін ауыз су, жарық, көгілдір отынмен қамту, жол және кәріз жүйелерін жүргізу сияқты түйткілдер көп екен. Қоғамдық көлік те қатынамайтын көрінеді. Ал қос алқапта 14 мыңға жуық халық тұрады.Тоқетерін айтсақ...
Биыл шалғайдағы ауылдардың жаппай жабылып жатқанын жазған болатынбыз. Сол себепті дала халқының қалаға қарай ағылуы қалыпты құбылысқа айналғаны анық. Әрине, олардың бәріне бағасы аспандап тұрған пәтерлер мен үйлер қайдан бұйыра қойсын?! Содан амалсыз саяжайды сая тұтқан жұрт жыл сайын қажетті жарналарды толықтай, уақытылы төлеп тұруға міндетті. Бірақ соған сай қамқорлық көріп жатқан біреуі жоқ. Керісінше, саяжай бірлестігінің төрағасы жыл сайын ауысатындықтан, оларға тиынына дейін санап беретін жарна қыста өздерінің жолдарын тазалап беруге де жұмсалмайтын болып тұр. Қысқасы, саяжайда адам барын жарна жинау кезінде ғана ескеретін басшыларға бәрібір. Ал ондағы күркелер оқыстан өртене қалса, жолдың нашарлығынан өрт сөндірушілер тар көшеге кіре алмай, тұйыққа тіреліп қалады. Бізбен тілдескен тұрғындар тіркеуде жоқ науқас үшін жедел жәрдем де жоламайтындықтан, көптеген көршілерінің коронавирус салдарынан көз жұмғанын жеткізді. Статистика есебі үшін халық санын толықтырғанмен, адам санатында болмаудың азабы қандай қиын десеңші!..Еркеғали БЕЙСЕН