Полигон жерлері ауыл шаруашылығына беріле ме?
Полигон жерлері ауыл шаруашылығына беріле ме?
162
оқылды

Қылышынан қан тамған Кеңес Одағы тұсында Алаштың қасіретіне айналған Семей ядролық полигоны, Ембідегі әскери полигон жерлерінің жайы жұртшылықты жиі мазалайды. Аталған мәселе биік мінберлерде, БАҚ беттері мен телеарналарда көп көтерілді. Бірақ әлі де болса жіті назар аударылмай, жеткілікті көңіл  бөлінбей келе жатқаны қынжыл­тады.

Бұл орайда ғалымдардың пікірі де екіге жарылған. Бірі – әскери және ядролық полигон жерлерін қалыпқа келтіріп, ауыл шар­уашылығына пайдаланған жөн десе, екінші біреулері полигон зардаптарының алдағы мыңжылдықтарда да қалыпқа кел­мейтініне нық сенімді. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен сарапшылар мен ғалымдардың, тиісті министрліктен сұрап, мән-жайды толығырақ зерделеп көруді жөн көрдік. Тақырыпты қаузаған сәттен-ақ алдымен Ауыл шаруашылығы министрлігі ойға оралды. Дереу ресми хат жазып, бірнеше күнге дейін жауабын күттік. Ақыры қойыл­ған сауалдарымызға жауап та жетті. Ми­нистр­ліктің мәліметінше, Семей ядролық полигонының жерін босалқы жер қорының құрамына беру Үкіметтің 1996 жылғы 7 ақпандағы №172 қаулысымен реттелген. Ал кезінде түрлі ауыр сынақтар өткізілген Ембі әскери полигоны жерлері туралы Қазақстан заңы 2017 жылғы 5 сәуірдегі «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ембі полигонын (5 580 сынақ жұ­мыс­тарын қамтамасыз ету базасы) пай­да­лану және жал­ға беру шарттары туралы келісімнің және 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Үкі­меті мен Ресей Федерациясы үкіметінің ара­сындағы Ембі сынақ поли­гонын (5 580 сы­нақ жұмыстарын қамта­масыз ету базасы) жалдау туралы шарттың қолданысын тоқ­тату жөніндегі шаралар туралы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы хат­таманы ратификациялау туралы» заңымен жалдан шығарылған. Келісім мен шарт 2017 жылғы 1 қаңтарда өз қолданысын тоқ­татыпты. Министрліктен табиғи және қолдан жа­салған сынақтардан топырақ қабаты бүлініп, әбден зардап шеккен полигон жерлерін қайта ауыл шаруашылығына пай­далану мәселесін сұрадық. «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы Ембі по­лигонын (5580 сынақ жұмыстарын қам­тамасыз ету базасы) пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің 5-бабына сәйкес келісім қолданысын тоқтату ба­рысында бірлескен комиссия құрылып, ол жер учаскелерін, жылжымалы және жыл­жымайтын мүлікті қабылдау-беруді жүзеге асырады. Көрсетілген келісімнің нор­малары бойынша Ресей Федерациясы  жер учаскелерін әрi қарай пайдаланатындай жағ­дайда қайтаратыны туралы талаптарды көз­дейді. Комиссия қайтарылатын жерлер­де тиісті зерттеулер жасап, учаскелер жағ­дайы нормативтерге сай болған жағдайда мү­лік­ті қабылдау-беру актісіне қол қойыл­ған соң мемлекет меншігіне қайтарылып, оларды өзге мақсаттарға, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатына да пайдалануға болады», – деді Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің баспасөз қызметі. полигон Мәселені одан әрі топырақтану саласын тереңірек зерттеп жүрген ғалымдардан сұрамақ болдық. «Бұған дейін осыдан 5-6 жыл бұрын полигонның кейбір жерлеріне зерттеулер жүргізілген. Бірақ ол жердің нақты қандай жағдайда екенін анықтап айтып бере алмайды. Сондықтан бұл жерлерге кешенді түрде зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұған, әрине қомақты көлемде қаражат бөлінуі тиіс. Полигон жерлерін арнайы картаға түсіру керек. Топырақ қабатына ауыр металдардың қаншалықты әсер етке­нін анықтау қажет. Біздің институт Ауыл шаруа­шылығы және Қоршаған ортаны қор­ғау министрліктеріне топырақтың құ­рамын зерттеуге ұсыныс білдірген. Бірақ қол­дау таппады. Зерттеу жасауға қаржы қарас­тырылмапты. Аталған бағытта Алматы қаласындағы Энергетика министрлігіне қа­расты ядролық физика институты да бізбен бірлесіп зерттеу жүргізбек болған. Бірақ қаржы бөлінбегендіктен, аяқсыз қалған. Әрине, аталған мәселеге министр­ліктің  назар аударғаны жөн. Әр саладан ғалымдарды қажет етеді. Егер тапсырыс болса, мониторинг жүргізіп, арнайы карта жасап, эксперименттер өткізіп, үш жыл көлемінде зерттеп шығуға болатын еді. Бұл орайда ядролық физика институтында 2014-2015 жылдары зерттеу жүргізілген. Бі­рақ онда ядролық салада болмаса, топы­рақ­тың құрамы зерттелген жоқ», – дейді Ө.Оспанов атындағы Топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының топырақ экологиясы бөлімінің ғылыми қызметкері, жас PhD ғалым Тоқтар Мұрат. Бұл пікірді кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған, топырақтану ғылымының жілігін шағып, майын ішкен қазіргі Парламент Сенатының депутаты, ғалым Ақылбек Күрішбаев та қуаттады. Ғалымның айтуынша, полигон жерлері егістік егуге мүлдем жарамайды. «Елімізде қазір 96 миллион гектардан астам жер игерілмеген. Бұл жерлерде Кеңес Одағынан бері ешқандай егістік болмаған.  Кеңес Үкіметінен бастап қуаңшылық айма­ғының тізімінде болды. Топырақ құнарлы болуы үшін кемінде 250 мм-ге дейін жауын-шашын болуы тиіс. Ал мұнда бар-жоғы 60-100 мм ғана жауын болады. Сондықтан бұл жерлерге нақты кешенді зерттеулер жүр­гі­зу керек. Кеңес заманында космо­экономика тұсында бұл жерлерге қарал­мағандықтан, топырақ қабатындағы залал­дың қаншалықты зиян келтіргені белгілі. Әрине, бұл табиғатқа келтірілген залалдың зардаптарын бізден кейін болашақ ұрпақ та жүздеген ғасыр бойы тартуы мүмкін. Әзірге бұл жерлер ешқандай ауыл шаруашылығына жарамайды», – дейді Ақылбек Күрішбаев. Жердің жағдайына қатысты жайды анықтау және топырақтың құрамын зерттеу жұмыстарына қам-қарекеттерінің бар-жоғын білмекке Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне де хабар­лас­қанбыз. Бірақ баспасөз хатшысы бірден ресми хат жазуымызды сұрады. Қош, хатты да жібердік. Алайда өткен аптада жібер­генімізбен, хатымызға жауапты әлі ала ал­ма­дық. Тіпті, баспасөз хатшысымен тілдесу де мүмкін болмады. Жауабын береміз деп айтқанымен, одан кейін бірнеше мәрте телефон шалып,  WhatsАpp әлеуметтік желісінде жазғанымызбен, еш нақты жауап болмады.

P.S.

Сонымен, аталған мәселені біраз тереңіне бойлап, зерттеп, зерделеуге тырысып көрдік. Алайда қашанда бәрі қаржыға келіп тірелгенін, ал тиісті сала министрліктерінің мәселеге әлі де болса бейжай қарап отырғанын аңғарғандай болдық. Кеңес заманынан бері күрделі өзгеріске ұшыраған полигон жер­лерінің тағдыры қалай болатыны әзірге бел­гісіз. Оған осы салада қағаз кемірген топы­рақтану ғалымдары мен тиісті министр­ліктердің батыл әрекеттері қажет сияқты. Ал оның жуық арада болар түрі көрінбейді...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы