Қазақстандағы үздік бес спорт федерацияcы
Қазақстандағы үздік бес спорт федерацияcы

Бүгінде еліміздегі әр спорт федерациясы спортшылардың әлемдік додаларда сәтті өнер көрсетуіне жағдай жасап келеді. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде қазақстандық спортшылардың жеткен жетістіктері де аз емес. Дегенмен осындай нәтижелер арқылы әр жылдары федера­циялардың жұмысы бағаланып отырады. Кейінгі кездері бокс, футбол, ауыр атлетика, теннис секілді федерациялардың жұмысы көптің үдесінен шығып жүр.

Жалпы, федерациялар өз іші­нен бірнеше бағытқа бөлінеді. Атап айтқанда, олимпиадалық спорт түрлері, олимпиадалық емес спорт түрлері, сондай-ақ қыс­­қы және жазғы спорт түрі бо­йынша деп жіктеледі. Соның ішінде олимпиадалық спорт фе­дерацияларына алдағы Токио Олимпиадасы қарсаңында үлкен міндет жүктеліп отыр. Осы ретте Қазақстандағы ең үздік бес мақ­таулы федерацияны анықтау мақ­сатында отандық спорттың басы-қасында жүрген маман­дардың пікірін білдік. – Бізде теннис федерация­сының жұмысын бас бармақпен бағалауға болады. Теннисшілердің кейінгі кезде қол жеткізген жетіс­тіктері мақтауға тұрарлық. Әсі­ресе, Александр Бублик пен Елена Рыбакинаның әлемнің үздік теннисшілерінің қатарында жүргені қуантады. Бокс феде­рациясының басшылығы ауысты. Бұрын боксты Тимур Құлыбаев басқарды, қазір кәсіпкер Кеңес Рақышев басшылыққа келді. Бокс­шыларымыз да жаман нәти­же көрсетіп жүрген жоқ. Футбол федерациясының жұмысын жоқ­қа шығаруға болмайды. Футбол­шы­лар, әсіресе клубтық деңгейде сәтті өнер көрсетті. Оған кейінгі жылдары «Астананың» жеткен жетістігін мысалға келтіреміз. Ал футзалдан үздік құрамалардың ішіндеміз. Қазақстан әлемдік рейтинг бойынша 4-орында тұр. Әлем және Еуропа чемпионатына тұрақты түрде қатысады. 2016 жылы Еуроның қола жүлдегері атан­ды. Бұл – үлкен жетістік. «Қай­рат» АФК екі рет УЕФА Чем­пиондар лигасын жеңіп алды. Мұның өзі елімізде футзалдың қаншалықты деңгейде дамы­ғанын көрсетеді. Ал футболдан ұлттық құрамамыз әлі күнге дейін ортанқол құрамалар қатарына ене алмай келеді. Жаңа отандық бапкер тізгінді ұстады. Енді көп­шілігі сол жаттықтырушыға сенім артып отыр. Дзюдо әлі күнге дейін өз биігінен түскен жоқ. Максим Раков Әлем чемпионы болды. Асхат Житкеев пен Елдос Сметов күміс, Галбадрах Отган­цецег қола жүлдегер атанды. Мұның бәрі федерацияның нәти­желі жұмысының жемісі. Бір өкініштісі, дзюдо федерация­сының медиа жағы ақсап тұр. Сайтына кірсең де мардымды ақпарат жоқ. Әлеуметтік желіде белсенділігі аз. Басқа жағынан кем­шілік көріп тұрғаным жоқ, – дейді спорт сарапшысы Бек Төлеу. Ал спорт журналисі Дәурен Түлкібай Қазақстан дзюдо фе­дерациясын еліміздегі үздік федерациялардың бірі санайды. Федерация жыл сайын түрлі ба­ғытта қарқынды жұмыс істеп жат­қанын, жетістіктер де жоқ емес екенін жеткізді. Ол сөз со­ңында алдағы Токио Олимпиада­сында дзюдошылардан жақсы нәтиже күтетінін айтып қалды. Отандық спорт жанкүйері Елдос Сайлау Қазақстанда фут­болға қызығатын адамдардың, ішкі біріншіліктің ойындарын қарайтын жанкүйерлердің көп­тігін жасырмады. – Еліміздегі ең үздік феде­рация – Қазақстан футбол феде­рациясы. Өйткені футбол – елі­міздегі бұқаралық спорт түрі са­на­лады. Қазақстан құрамасы мен отандық клубтардың халық­аралық ойындары ареналар мен теледидар алдында орасан ауди­тория жинайды. Ал Қазақстан чемпионаты ТМД елдері ара­сында үздік біріншіліктердің қатарында. Қазақстанда футзал, қыздар футболы мен жағажай футболына да ерекше көңіл бө­лініп келеді. Бұл бағыттарды да­мытып, кең танымал ету мақса­тында жұмыстар атқарылып, жемісін бере бастады. Соның бір айғағы халықаралық аренада тіркелген оң нәтижелер екені сөзсіз, – дейді ол. Көпшіліктің пікірінен, баға­сынан-ақ еліміздегі басқа федерацияларға қарағанда бокс, футбол, теннис, ауыр атлетика, дзюдо федерацияларының қаншалықты танымал екенін аңғаруға болады. Жасыратыны жоқ, бізде ара-тұра федерация­лардың жұмысы басты назарға алынып, соның аясында түрлі мақтаулар мен сыни пікірлер, ескертулер айтылып, оны жақ­сар­ту мақсатында әр басшылыққа тапсырмалар жүктеледі. Сондық­тан қай кезде де спортшы­ларымыздың әлемдік ареналарда жеңіс тұғырына көтерілуі, ко­мандалардың сәтті өнер көрсетуі басты орында тұрады. Бұл ретте кез келген федерация жақсы нә­тижелер көрсетіп, үздік атану үшін жұмыстанады. Ол, әрине ха­лықаралық жарыстардың нәтижесі арқылы бағаланып отырады. Жалпы, 30 жыл бойы Отанға деген сүйіспеншілікті бекемдеп келген спорт саласы алдағы жылдары бұдан да жоғары қарқынмен дамиды деп сенеміз. Оған сөзсіз бірінші кезекте федерациялардың атқарған жұмысы көп ықпал етеді.

Абылайхан ЖҰМАШ