Бүгінде еліміздегі әр спорт федерациясы спортшылардың әлемдік додаларда сәтті өнер көрсетуіне жағдай жасап келеді. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде қазақстандық спортшылардың жеткен жетістіктері де аз емес. Дегенмен осындай нәтижелер арқылы әр жылдары федерациялардың жұмысы бағаланып отырады. Кейінгі кездері бокс, футбол, ауыр атлетика, теннис секілді федерациялардың жұмысы көптің үдесінен шығып жүр.
Жалпы, федерациялар өз ішінен бірнеше бағытқа бөлінеді. Атап айтқанда, олимпиадалық спорт түрлері, олимпиадалық емес спорт түрлері, сондай-ақ қысқы және жазғы спорт түрі бойынша деп жіктеледі. Соның ішінде олимпиадалық спорт федерацияларына алдағы Токио Олимпиадасы қарсаңында үлкен міндет жүктеліп отыр. Осы ретте Қазақстандағы ең үздік бес мақтаулы федерацияны анықтау мақсатында отандық спорттың басы-қасында жүрген мамандардың пікірін білдік. – Бізде теннис федерациясының жұмысын бас бармақпен бағалауға болады. Теннисшілердің кейінгі кезде қол жеткізген жетістіктері мақтауға тұрарлық. Әсіресе, Александр Бублик пен Елена Рыбакинаның әлемнің үздік теннисшілерінің қатарында жүргені қуантады. Бокс федерациясының басшылығы ауысты. Бұрын боксты Тимур Құлыбаев басқарды, қазір кәсіпкер Кеңес Рақышев басшылыққа келді. Боксшыларымыз да жаман нәтиже көрсетіп жүрген жоқ. Футбол федерациясының жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Футболшылар, әсіресе клубтық деңгейде сәтті өнер көрсетті. Оған кейінгі жылдары «Астананың» жеткен жетістігін мысалға келтіреміз. Ал футзалдан үздік құрамалардың ішіндеміз. Қазақстан әлемдік рейтинг бойынша 4-орында тұр. Әлем және Еуропа чемпионатына тұрақты түрде қатысады. 2016 жылы Еуроның қола жүлдегері атанды. Бұл – үлкен жетістік. «Қайрат» АФК екі рет УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Мұның өзі елімізде футзалдың қаншалықты деңгейде дамығанын көрсетеді. Ал футболдан ұлттық құрамамыз әлі күнге дейін ортанқол құрамалар қатарына ене алмай келеді. Жаңа отандық бапкер тізгінді ұстады. Енді көпшілігі сол жаттықтырушыға сенім артып отыр. Дзюдо әлі күнге дейін өз биігінен түскен жоқ. Максим Раков Әлем чемпионы болды. Асхат Житкеев пен Елдос Сметов күміс, Галбадрах Отганцецег қола жүлдегер атанды. Мұның бәрі федерацияның нәтижелі жұмысының жемісі. Бір өкініштісі, дзюдо федерациясының медиа жағы ақсап тұр. Сайтына кірсең де мардымды ақпарат жоқ. Әлеуметтік желіде белсенділігі аз. Басқа жағынан кемшілік көріп тұрғаным жоқ, – дейді спорт сарапшысы Бек Төлеу. Ал спорт журналисі Дәурен Түлкібай Қазақстан дзюдо федерациясын еліміздегі үздік федерациялардың бірі санайды. Федерация жыл сайын түрлі бағытта қарқынды жұмыс істеп жатқанын, жетістіктер де жоқ емес екенін жеткізді. Ол сөз соңында алдағы Токио Олимпиадасында дзюдошылардан жақсы нәтиже күтетінін айтып қалды. Отандық спорт жанкүйері Елдос Сайлау Қазақстанда футболға қызығатын адамдардың, ішкі біріншіліктің ойындарын қарайтын жанкүйерлердің көптігін жасырмады. – Еліміздегі ең үздік федерация – Қазақстан футбол федерациясы. Өйткені футбол – еліміздегі бұқаралық спорт түрі саналады. Қазақстан құрамасы мен отандық клубтардың халықаралық ойындары ареналар мен теледидар алдында орасан аудитория жинайды. Ал Қазақстан чемпионаты ТМД елдері арасында үздік біріншіліктердің қатарында. Қазақстанда футзал, қыздар футболы мен жағажай футболына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттарды дамытып, кең танымал ету мақсатында жұмыстар атқарылып, жемісін бере бастады. Соның бір айғағы халықаралық аренада тіркелген оң нәтижелер екені сөзсіз, – дейді ол. Көпшіліктің пікірінен, бағасынан-ақ еліміздегі басқа федерацияларға қарағанда бокс, футбол, теннис, ауыр атлетика, дзюдо федерацияларының қаншалықты танымал екенін аңғаруға болады. Жасыратыны жоқ, бізде ара-тұра федерациялардың жұмысы басты назарға алынып, соның аясында түрлі мақтаулар мен сыни пікірлер, ескертулер айтылып, оны жақсарту мақсатында әр басшылыққа тапсырмалар жүктеледі. Сондықтан қай кезде де спортшыларымыздың әлемдік ареналарда жеңіс тұғырына көтерілуі, командалардың сәтті өнер көрсетуі басты орында тұрады. Бұл ретте кез келген федерация жақсы нәтижелер көрсетіп, үздік атану үшін жұмыстанады. Ол, әрине халықаралық жарыстардың нәтижесі арқылы бағаланып отырады. Жалпы, 30 жыл бойы Отанға деген сүйіспеншілікті бекемдеп келген спорт саласы алдағы жылдары бұдан да жоғары қарқынмен дамиды деп сенеміз. Оған сөзсіз бірінші кезекте федерациялардың атқарған жұмысы көп ықпал етеді.Абылайхан ЖҰМАШ