Көкшетау – Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы
Көкшетау – Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы
414
оқылды
Бұл туралы Көкшетауда өткен “Рухани қазына – 2021” фестивалінің ашылу салтанаты кезінде белгілі болды. Арнайы мәртебені облыс орталығына келіп, көкшелік жұртшылықпен кездескен Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеевке ресми түрде табыс етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Бұл статус Ақмола облысының мәдениет саласындағы ұзақ жылдардағы жетістіктері үшін берілді. Министрлік пен Ақмола облысы әкімдігі арасында аталмыш жылды іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жол картасы әзірленіп, бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2021-2022 жылдарда мәдени, концерттік, музей және кітапхана салаларында 100-ге тарта мәдени шара өткізіледі.  width=
“Фестивальдің ұйымдастыру комитетінің шешімімен бүгін Көкшетау тұңғыш рет «Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы» деп жарияланады. Бұл өз кезегінде мәдени астана статусы берілген өңірдің мәдениет және өнер саласындағы қол жеткізген жетістіктері мен озық тәжірибесін іс жүзінде өзге өңірлермен бөлісуге мүмкіндік береді. «Рухани қазына» фестивалі, бұл – өнер мен мәдениет мерекесі. Сіз бен бізге ортақ қуаныш. Осыған дейін әр өңірде басталған байқау бірнеше кезеңнен өтіп, қорытынды межеге жақындады. Ең басты мақсат – үздік қызметкерлер мен ұйымдарды анықтап қою ғана емес, олардың өзара тәжірибе алмасып, жаңа сапаға көтерілу үшін бірлесе қызмет етуіне мүмкіндік сыйлау. Олай болса, Фестиваль өз мақсатын орындап, бәріміз үшін нәтижелі болады деген сенім білдіремін! Қызметтеріңізге жеміс пен шығармашылық табыс тілеймін!” , – деді Ақтоты Райымқұлова.
 width= Тағы бір ескерте кететін жайт, “Рухани қазына” фестивалі Көкшетауда үш күнге дейін жалғасады. Фестиваль тарихында өңірде алғаш рет кең көлемді іргелі іс-шаралар ұйымдастырылу көзделуде. Шара барысында Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері сияқты сал-серілердің туындылары насихатталып, Көкше жерінен шыққан өнерпаздардың өнері паш етілмек.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы