«Музей түні» өтті

«Музей түні» өтті

18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Осыған орай еліміздің бірнеше өңірінде  «Музейдегі түн» акциясы өтті. Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты шара екінші жыл қатарынан онлайн режимде ұйымдастырылды.

Елордадағы Ұлттық музейде өт­­кен акцияның тақырыбы – «Му­зейлердің болашағы: қалпына кел­тіру және жаңарту». Іс-шараның ашылу салтанатында музей дирек­торы Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз сөйлеп, көпшілікті Халық­ара­лық музейлер күнімен құттықтады. Акцияның онлайн өтіп жатқанын, мұның ұлттық құндылықтарды, тарихымызды, халқымыздың салт-дәстүрлері мен мұражай ісін наси­хаттауға бағытталғанын атап өтті. Музей қызметкерлері көрер­мендер үшін көрме мен көрме залдарына онлайн тур ұйымдас­тырып, қазақ халқының материал­дық және материалдық емес мәдениетінің ежелгі қорымдары мен құндылықтарының тарихын айтты. Ал Өскеменде «Музей түнінің»  негізгі бөлігі «Алаш асылдары» графикалық портрет байқауы болды. Байқау  Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Алаш үкіметінің көш­басшысы, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына ар­налды. Осылайша,  байқауға Өскемен, Се­мей қалалары мен Тарбағатай, Катонқарағай аудандарынан 17 қатысушы 30 портретті (аква­рель, пастель, тушь, қауырсын, гуашь, аралас техника) ұсынған. Алматыда да аталған іс-шара онлайн форматта өтті. Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыка­лық аспаптар музейі, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемо­риалды музей кешені, Д.Қонаев музейі, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы, Н. Тілендиевтің мемориалды музейлерінде «Музей түні» онлайн акциясын ұйым­дастырды.

А. ЖОЛДАС