Экология министрлігі сафариге неге ынтықты?
Экология министрлігі сафариге неге ынтықты?
266
оқылды

Кейбіреудің тыйым салынғанға ынтызарлығы артып, құмарлығы кү­шейе түсетіні бар. Мысалы, «Қызыл кітапқа» енген, құрып бара жатқан жануарды жойылып кеткенше өз қолымен өлтіріп, қанына қолын малып үлгеруге құштар, сол үшін молынан шығындалуға даяр адамдар бар. Ондайлардың әрекеті «браконьерлік» деп бағаланып, қудаланады және жазаланады. Бірақ алда бұл тірлік заңдастырылуы ғажап емес. Еліміздің Экология министрлігі Африка тәжірибесін қазақ елінде енгізу бастамасын қолға алды.

2020 жылы БҰҰ және эко­­­логиялық ұйымдар дабыл қақты: пандемия Жер бетіндегі жануар атаулыға жаңа қатер әкелді. Адам­­дар жабайы жануарларды ойын-сауық үшін емес, тірі қалу үшін қыра бастаған. Себебі ка­­рантин енгі­зілуіне, туризм секілді тұтас са­лалардың тоқы­­­­­рауына байла­­нысты әлемнің әр елінде тұрғындар жаппай жұмыссыз қалды. БҰҰ дерегінше, 2020 жылы 55 елде аштыққа ұшыраған адамдар саны 20%-ға күрт артып, 155 миллионға жетті. 2019 жылы тамақ таппай тарыққандар саны 135 миллион болатын. 2021 жылы жағдай ушы­ғуы ықтимал. Яғни, әлемдегі жүз­де­­­­­ген миллион ашқұрсақ адам тамақты та­биғаттан іздеп, көзге іліккеннің бәрін жайпап тастау қаупі төнді. Осы орайда Экология, геология және табиғи ресурстар министр­­­­лігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тосын ұсыныспен шықты: ол елімізде аң­­шылық фермаларын, сафари-парктер, «диче-фермалар» ашып, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан аңдарды аулау ісін заңдастыруды ұсынды. Заң жобасы дайын, ол «Кейбір заңнамалық актілерге аңшылық саласын да­мыту және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша өзге­­­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады. Табиғат-ананың әр түлегін жан сала қорғауға тиісті шенеуніктер оларды өлтіруге заң аясында рұқсат етуді ұсынады. Неге? «Бра­­­коньер­­­лерді және «Қызыл кітаптағыларды» қыруға іңкәрланған жандарды тыйым салумен тоқтата алмай­сың», – дейді.

Аңның досынан аңшының досына айнала ма?

«Әлемдік тәжірибе көрсет­­кен­дей, жануарлар дүниесін қорғаудың ең сенімді жолы – тиімді аңшылық шаруашылықты ұйымдастыру. Солтүстік Америкада, Африканың бірқатар елінде жануарларды қор­ғау ісін экономикалық рента­бельді ету – керемет нәти­желерге әкелді, жабайы жануарлар саны өсті. Адамзаттың таби­ғатқа қысымы қарқынды өсіп жатқанда енді аң аулауға тыйым салу және ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) құру арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау мүмкін емес!» деген тосын байламға келді эко­логия ведом­ствосы. Сонымен, Экология министр­лігі қан­дай бизнеске жол ашпақ ниетте? Ме­морганның тұжы­рымдауынша, сирек және Жер бе­тінен құрып бара жатқан жануар­ларды вольерде, фермада өсіру жә­не соңынан аңшылардың атуына ұсыну – экономиканың маңызды сала­сы­на айналып, төрт түлікті өсіруге балама бола алатын кө­рінеді. «Жабайы тұяқты жануарларды фер­мерлік өсіру – дәстүрлі мал шаруа­шылығына балама, аң­шылық және ауыл шаруа­шы­лы­ғының маңызды элементіне ай­налады. Ол экологиялық туризм­нің дамуына серпін бермек. Со­нымен қатар бұл ең құнды био­логиялық ресурсты сақтаудың және қалпына келтірудің ең шынайы жолы» делінген министр­лік әзірлеген заң жобасы тұжы­рым­да­­ма­сында. Ведомство осы бизнесті өріс­тету үшін дәйектеме келтірді: «Көптеген елден айырмашылығы сол, бізде аң аулау парктерін ор­наластыру үшін шексіз мүм­кіндік бар: бұталы жерлерді айтпағанда, миллиондаған гектар егістік жер пай­даланылмайды, қараусыз тас­талған». Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ұсын­ған статистикалық деректерге жүгінсек, аңшылық шаруа­шы­лығын жүргізу шығындары содан түсетін табыстан 6,6 есе асып түседі. Осыдан ой туады: егер бұл кәсіп байлық емес, шығын әкелсе, сала неге әрі қарай дамуда? Неге барлық субъектісі жабылып қа­л­маған? Ол ол ма, бұл кәсіпорындардың қо­­жайындары бизнесін өрістетіп, жаңа инвестиция құюда: ресми мәлімет бойын­ша, аңшылық шаруа­шылық субъектілері жыл сайын өз қызметін дамытуға 2,3-2,8 миллиард теңге салады. Табыссыз, шы­­­­­ғынды салаға миллиардтап инвестиция құятындай, кәсіп­керлер тіпті ақылсыз емес. Де­генмен олар мемлекет мен­шігіндегі және қорғауындағы жануарлар әлемінің өкілдерін өлтіргені үшін рес­публикалық бюджетке әртүрлі төлемдер түрінде жыл сайын небары 150-190 млн. теңге ғана төлейді. Ендеше, кө­леңкелі эко­номикамен күрес органдары бұл салаға да көңіл бөліп қойса, артық болмас.

Білгенге, «Қызыл кітап» та бизнес

Министрлік экологияға жауап­ты шенеуніктер адамнан онсыз да залал-жәбір көріп, құрудың аз-ақ алдында тұр­ған жануарларға са­фари ұйым­дастырып, қуалап өл­тірткізетін ферма­ларды бюджет қаржысы есебінен субси­диялауды ұсынды. Өйткені «жабайы жан­уарларды қолда өсіру қомақты қар­жылық шығынды талап етеді». «Мемлекеттің қаржылай қол­дауы тек қызметтің бастапқы ке­зеңінде керек. Әрі қарай шаруа­шылық өзін-өзі ақтауға көшеді. Ата Заңға сәйкес, жануарлар дүниесі мемлекетке тиесілі. Сондықтан аңшылық шаруашылық субъек­тілеріне жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту міндеттері жүктелген. Олар әртүрлі төлемнің ауыртпалығын көтеруде: орман пайдаланғаны, жануарлар дүниесі объектілерін алып қойғаны, шаруа­шылық ішінде аңшылықты ұйым­дастырғаны және басқасы үшін төлем төлейді. Сонымен бірге аң аулаушыларға аз құқық берілген және олар меморгандардың ара­ласуынан қорғансыз: аң аулауға тыйым салады, мемлекет мұқтажы үшін жері өтемақысыз алып қойы­лады. Бұл орнықты бизнес жүр­гізуге мүмкіндік бермейді. Қа­зақстанда аңшылық шаруа­шы­лықтар өзін-өзі ақ­тайтын көр­сеткіштерге қол жеткізбеді, олар­дың басым көпшілігі шығын­ды» деп аяушылық білдірді коми­теттегілер. [caption id="attachment_138168" align="alignnone" width="1096"]сафари © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Қазақстанда аңшылық алқап­тардың жартысынан астамы «аң­шылардың қо­ғамдық бірлес­тіктеріне» және жеке­меншік аң шаруашылығы ұйымдарына бекі­тіліп берілген. Егер Экология ми­нистрлігі әзірлеген заң жобасын Пар­ламент қа­­­былдаса, онда атал­ған жер телімдерін кері қайтарып алғанда, мемлекет осы жеке фир­­­маларға өтемақы төлеуге мәж­бүр болады. Заң жобасында ондай өтемақы төлеу ережелерін әзірлеп, бекіту құзырын осы ведомствоға беру ұсынылады. Бұған қоса, сафари-парктер мен «диче-фермаларды» субси­диялау ереже­лерін бекіту өкілеттігі де осы министрлікке тимек. Көркем тілмен түйсек, Эко­логия министрлігі аңның досынан аңшының досына айналып шыға келуі мүмкін. Оған аңнан аңшы жақын болмақ. Меморганның байламынша, уәкілетті органға осындай жаңа құзырлар беру, субсидиялау мен қаржыландыру тетік­терін енгізу салаға жеке инвесторларды тартуға мүмкіндік береді. Министрлік комитеті заң жо­басының тұжырымдамасында тиісті есеп-қи­сап­тарын ұсынды: «Бұхара бұғысы бойынша есептеу көрсеткендей, 7 жыл бойы субси­дияласақ, бұғының бұл түрінің саны 878-ден 6 000-ға дейін өседі. Содан кейін оларды ату шегін анықтауға болады. Жетінші жылы алғашқы тобын табиғатқа шығару күтілуде, сол жылы оларды ком­мерциялық сату жолға қойылады. 7 жылда шамамен 544 миллион теңге субсидия беріледі. Жетісу қырғауылы 226 600-ден 1 150 000-ға дейін өседі деп күтілуде. Екінші жылы оларды табиғатқа шығару және коммерциялық сату мүмкін болады. 7 жыл ішінде төленетін жалпы субсидия 212 млн теңгені құрайды». Комитет атуға рұқсат етілетін өзге де сирек жануарлар бойынша ұқсас есептемелер ұсынуға әзір.

Сынның жебесі аңшы жебесінен өткір

Айтқандай, жаңа заң жобасы қол­даныстағы «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемле­кеттік бақылау жасау туралы» заңына өзгеріс енгізбек. Сал­да­рынан, сирек жануарларды қыра­тын шетелдік және отандық аң­шыларға осы мақсатта тек «отты қарумен» шектелмей, садақ және арбалетті пайдалануға рұқсат ету жоспарланып отыр. Азаматтар «бұған жол берілсе, адамдар жануарларды қинап өлтіре ме?!» деп алаңдайды. «Мен садақ пен арбалетке рұқсат етуге қар­сымын!» деп жазады заң жоба­сының қоғамдық талқылауына қатысқан қоғам белсендісі Хорлан Мыр­затаева. Эколог Кеңес Камалов биліктің бұл қадамына қайран қалды. «Жалпы, субсидия берсе, кез келген фермер бұғы және басқа да кез келген жануарды өсіруге ауы­сып алады. Мысалы, АШМ мол субсидия бере бастағаны сол еді, бұрын күріш, бидай өсіріп келген біраз аграршы майлы дақылдар мен жемшөп өсіруге көше қойды. Бұл – экономика заңы. Ол үшін сафари-парктерді суб­сидиялау қажет емес. Эко­логия заңдылығы басқаша. Бүкіл өрке­ниет­ті әлем басқа жолмен дамуда. Мы­салы, Аф­риканың сафарилерінде де ту­ристер жай фотоға түсірумен шек­теледі. «Қару асынып, қалағаныңды қыр» деп біз жаппай рұқсат беріп қойсақ, жаһандық экологиялық қозғалыстардың қуатты қар­сы­лығына ұшыраймыз. Біз бұлай дамыған елдердің қатарына қосыла алмаймыз. Сондай-ақ бұл елдегі әлеуметтік кернеуді күшейтіп жіберуі мүмкін. Халық «қалта­лылар өлтіріп жатқан киік пен бұғыны біз неге атып ала алмаймыз?» деп ашынбасына кім ке­піл?!», – дейді сарапшы. Белгілі биолог ғалым Мария Ворон­цова Африканың жағдайы қазір мәз емес екенін және оның өзгеге үлгі бола алмай­тынын ай­тады. «Африканың үлгісі – қайғылы. Бұл кон­тинент әрқашан био­алуандылықтың орталығы бола­тын. Ондағы бай жануарлар әлемі саяхатшылардың ағылуына түрткі болды. Африка елдері бертінге дейін туристерге жабайы аңдарды атуға квота бөліп келді. Туризм олардың бюджетіне өте үлкен табыс түсіретін. Енді не болды? Фауна ресурсы таусылуға таяу. Аңдарды ату браконьерлік сипатта әрі қарай белең алуда. Пандемия кезінде Кения, Ботсвана және басқа да елдерде туризм дағдарды. Бүгінде Африкада саяхатшы жоққа тән. Қоршаған ортаны қорғау министрлік­терінің бюджеттері нөлге тең. Бұрын олардың қазы­насы туризмнен толығатын. Мысалы, Кенияның Жабайы жан­уар­ларды қорғау қызметі бюд­жетінің 90%-ынан айырылды. Салдарынан браконьер­лермен күресуші бригадаларды жапты. Ал жануарларды, тіпті мүйіз­тұм­сықтарды браконьерлер де, ашық­қан қарапайым халық та қыруда» деп хабарлады маман. Осылайша, жабайы жануар­ларды жою Африкада кең ауқым алды. Конгодағы Вирунга ұлттық паркінде «Қызыл кітапқа» енген жануарларды аулауға құныққан кәсіби аңшылар соған тосқауыл қоймақ болған 13 рэнджерді (парк қызметкерлерін) өлтіріп кеткен. Негізі, мемлекет ел қаржысына сафа­риді субсидиялап, сирек жануарларды қыруға әуестен­гендерді ынталандырудан сақ бол­ғаны жөн.

Елдос СЕНБАЙ.