Қазақстанның криминалитет өкілдерінің ішінде тек екі адамның ғана «вор в законе» деген мәртебесі бар деген ақпар бар: Серік Жаманаев (Голова) пен Айтқали Маймышев (Леха Маймыш). Бүгінде екеуі де бас бостандығынан айырылып, темір тордың арғы жағында кезекті мерзімдерін өтеп жатыр.
«Ұры» немесе «заңшыл» ұғымы кеңес заманында 30-жылдары пайда болды, оның әлемдік криминалитетте баламасы жоқ. Бұл – қылмыстық ортаның ең жоғарғы кастасына берілетін мәртебе. Заңды ұрылардың ықпалы одақтың бүкіл аумағына жүріп тұрды, тіпті КСРО құлаған аумалы-төкпелі 90-жылдары ол тіпті күшейіп кетті. Бір нақтылай кететіні, заңда «вор в законе» (заңды ұры) деген ұғым жоқ. Тек Қылмыстық кодекстің ұйымдасқан қылмысқа, террористік және экстремистік қызметтерге қарсы күрес мәселелері жөніндегі заңнамалық актісінде «ұйымдасқан топтардың басшылары арасында жетекші жағдайдағы тұлға» деген анықтама берілген.Жергілікті криминалитет қалыптасты
Тоқырау жылдарында Қазақстанның өз криминалитеті қалыптасты. Сондықтан сырттан келген «бөтендер» жергілікті беделділердің табанды қарсылығына тап болды. Атыс-шабыс көп болды. Осы кезде «Сары Алмастың», «Баха-фестивальдің», Қаныбектің, Сабыржан Махметовтың, Сабырдың, қылмыс әлемінің ірілі-ұсақты ұлты қазақ басқа да беделділерінің есімдері дүркіреп шықты. Олар туралы халық арасында әлі күнге дейін көп әңгімелер айтылады. Бұл уақыттарда мемлекеттік мүлік жаппай жан алысқан-жан беріскен бөліске түсіп, елде жекешелендіру процесі қауырт жүріп жатқан кез. Советтік өндіріс мұраларын молынан қамтып қалғысы келген кейбір ірі ойыншылар осындай кезде өзге бақталастарын қаймықтыру үшін «торпедалардың» қызметін пайдаланды. Ал енді нарық өзара бөліске түсіп болып, дүние сабасына түскенде «мафиоздар» заңды бизнеске көшті, бастықпағандары мен керексіз болып қалғандары абақтыға қамалды немесе атылып, асылып кетті. Дегенмен нарықта әлі күнге дейін көлеңкелі бизнестің үлесі өте қомақты. Қылмыстық топтар миллиондаған долларды айналдырды. Республикалық кеден брокерлері қауымдастығының төрағасы Г.Шестаков Қазақстан мен Қытай арасында заңсыз тауар айналымында 3 миллиард доллар ақша жүргенін айтады. Жалғыз ғана «Қорғас» кеденін қолының жүгіртпесі бар шенеуніктерді былай қойғанда, төрт ірі ҰҚТ (ұйымдасқан қылмыстық топ) «сауып» тұрған. Кейін қылмыстық топтар ұсталып, айыптылар лайықты жазасын тартқанын ақпарат құралдарынан естіп-көрдік. Бірақ «Қорғаста» көлеңкелі бизнес түп-тамырымен жойылды дегенге ешкім сенбес. Кеден нарығынан түсетін, ел бюджетін құрайтын ресми салықтар тек формалды ғана, ал онда соған пара-пар тағы екі-үш бюджеттің ақшасы көлеңкелі айналымда жүргенін айтады білетіндер. Ұйымдасқан топтардың қазынасы негізінен мұнай, түрлі-түсті және металл саудасынан, ақшаны жылыстатудан, есірткі заттарын тасымалдаудан, араб және Еуропа елдерінің бордельдеріне «жанды тауарды» (жезөкше) өткізуден толығып отырады. Кейінгі жылдары республика аумағында құрылыс ерекше қарқын алуына байланысты, одан түсетін үлес те көбейген. Бұған құмар ойындардың, кәсіпкерлерге салынатын «салықтардың» және басқа толып жатқан кірістерді тағы қосыңыз.Трансұлттық топтардың топшысы сынды
Қай елде де сыбайлас жемқорлық пен криминалитет ауыз жаласып кететіні түсінікті. Посткеңестік мемлекеттер осы кеселдермен хал-қадірлерінше әралуан күресіп жатыр. Мәселен, Украина «воріне» мәртебесі бар 557 қылмыс серкелеріне санкция жариялады. Оларды енді елге кіргізбейді, мүлкі бұғатталады. Ал кезінде Грузия билігіне келген жас саясаткер – Михаил Саакашвилидің қылмыстық элементпен күресін тіпті феноменге балауға тұрарлық. Оның «Заңда жалғыз мен» деп айтқаны қанатты сөзге айналды. Одақ кезінде «заңды ұрылардың» отаны болған гүржі елінен қылмыс әлемінің серкелері алыс-жақын шетелдерге тым-тырақай қашты, олардың біразы Қазақстанға қарай ауды. Қылмыстық ортада қатаң сақталатын жазылмаған заңдары бар. «Короналанған ұрылар» зонада отырса да, еркіндікте жүрсе де жергілікті жерлердегі криминалитетті өз бақылауына алды. Қылмыскерлер егемен елдердің мемлекеттік шекарасын мойындамады. Трансұлттық топтар ықпал аймағын кеңейту және есепсіз пайдаға кенелу үшін табиғи қазба байлығы мол қазақ жеріне де көздерінің сұғын қадады. Ал енді трансұлттық қылмыстық қауымдастық пен жергілікті криминалитетпен ауыз жаласып кетсе, бұл мемлекет тұрақтылығы үшін тіпті зор қауіп. Оперативтік деректерге сенсек, тәуелсіздік жылдарында посткеңестік елдерден 40-тан астам «ұры» Қазақстанды өздерінің ықпал аймағына айналдырмақшы болған. Алайда ұлттық қауіпсіздік қызметі полицейлермен бірлесе отырып, бұл әрекеттердің бәрінің жолын кескен. 2013 жылдан бастап «ұрылар» әлеміне қақырата соққы бере бастады. Қылмыстық топтардың топшысын оңдырмай сындырды. Республика аумағында екі жыл ішінде трансұлттық қылмыстық топтардың беделділері саналған 60 адам тұтқынға алынды. Олардың ішінде 22 жыл түрмеге кесілген – грузин «ұрысы» Бондо Стуруа да бар. Ол Қазақстанда «положенецтерді» тағайындап, колониялардың тәртібін бақылады, сотталғандар мен олардың туыстарынан ақша жинаған. 2016 жылы тұтқындалып, мал-мүлкі тәркіленіп, 21 жылға бас бостандығынан айырылған шымкенттік «сыра королі» Тоқтар Төлешовтің де ісін осыған жатқызуға болады. Оған посткеңестік ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландырды, мемлекеттік құрылымды күшпен өзгертпек болды деген айып тағылды.Оперативтік деректерге сенсек, тәуелсіздік жылдарында посткеңестік елдерден 40-тан астам «ұры» Қазақстанды өздерінің ықпал аймағына айналдырмақшы болған. Алайда ұлттық қауіпсіздік қызметі полицейлермен бірлесе отырып, бұл әрекеттердің бәрінің жолын кескен.
Онымен бірге қылмыскерлермен қамқорлық жасап жүрген құқық қорғау органдарының бірталай жоғарғы шенділері де ұсталды. Қазақстанның аумағында трансұлттық қылмыстық топтар үшін «криминалды кассаны» жинайтын бірқатар «ұрыға» халықаралық іздеу жарияланды: М.Джангвеладзе («Мераб Сухумский»), К.Көлбаев («Қамшы») және С.Ахметов («Самара»). Сондан бері «ұрылар идеясын» таратушылар біздің елімізді айналып өтетін. Тек 2018 жылы 1 тамызда республиканы дүр сілкіндірген тағы бір суыт хабар тарады. ҚР ІІМ мен ҰҚК бірлескен операциясы барысында атыс қаруы мен есірткі затын сақтады деген күдікпен 1986 жылы туған Әзербайжан азаматы Орхан Алиев тұтқындалды. Кейін анықтай келгенде, ол посткеңестік елдер арасында криминалдық әлемнің көшбасшысы, өмірінің 22 жылын темір тордың арғы жағында өткізіп, тек 2017 жылы қазан айында бостандыққа шыққан, «Лоту Гули» лақап атымен танымал «заңды ұры» Надыр Салифовтың адамы болып шықты. Оның Қазақстанға келудегі мақсаты біздің елде Салифовке бағынышты қылмыстық топтарды қалыптастыру болатын. Салифовты Ресейдің, Украинаның, Латвияның, Швецияның және тағы бірқатар мемлекеттің құқық қорғау органдары ең қауіпті қылмыскер деп таныған. Ол 2020 жылы сыбайластарының бірінің қолынан қаза тапқаны естеріңізде болар. Әлбетте, қылмыс серкелерін темір торға қамау оңай іс емес. Олар қылмысты басқалардың қолымен жасайды. Мәселен, алыс жерде жүріп, Қазақстандағы қылмыстық ортаны бақылап отыруы мүмкін. «Ұрыларға» халықаралық іздеу жариялау да олардың ісіне аса көп кедергі келтіре қоймайды. Дегенмен жоғарыда айтып өткен шаралардан кейін трансұлттық топтар Қазақстанға аса жолай қоймайтын болған. Қазақстан ІІМ Криминалдық полиция департаменті таратқан ақпаратқа қарағанда, елдегі криминогендік жағдай толық бақылауда. Бүгінде ІІМ-нің деректер қорында жүздеген қылмыстық беделдінің, экстремистік-террористік ұйымдардың және қарулы құрылым мүшелерінің мәліметтері жинақталған.Дәулет АСАУ