Біреудің жетегімен бизнес бастау мүмкін бе?
Біреудің жетегімен бизнес бастау мүмкін бе?
228
оқылды

Қазір екінің бірі, егіздің сыңары бірден байып кетуді армандайды. Соның салдары­нан қомақты қаржының шетін көрсеткен алаяқтар мен же­лілік маркетингке желіктірген қаржы пирамидаларының қақпанына оңай түсіп қалып жатқандар көбейді. Қоғамның осындай осал тұсын тез аңғар­ғандар да аяқастынан бизнес-тренер болып шыға келіп, «ал­­ма піс, аузыма түс» деп отыр­ған жұрттың жалқаулығын жақсы пайдалануда. Өйткені тренингтің өзі – ақыл айтуға бағытталған ең оңай бизнес. Ал «жетектеп қосқан тазы түлкі алмайды» дегендей, сол ақылы ақылды тыңдағандардың бәрі шетінен бизнесмен болып кетті ме? Үкімет грант беретін курс­тар­дың тиімділігін кімдер көрді? Гәп – сонда!

Қолдауды құр жібергісі келмейді

Шын мәнінде, бизнес-идеяны таңдау, оның жоспарын әзірлеу, салықтарды түсіну, сатуды жолға қою дегендерің – кәсіптен нәсіп көргісі келгендер үшін қиын шаруа. Оларды меңгермесең, ұлы Абай айтқан «Тым болмаса кеттің ғой мал баға алмай» дегеннің керін кел­тіру бір пәсте. Сондықтан мем­лекет «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының аясында «Бастаушы кә­сіп­керлер үшін», «Кәсіпкерлер үшін», «Бизнестегі әйелдер үшін» арнайы бағдарламаларын қарас­ты­рып көрді. Сондай-ақ «Бизнестің Жол картасы-2020» құжаты, «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасының арнайы «Бастау Бизнес» бағдар­ламасы, Жастар бастамаларын қолдау қорының жұмысы сынды қолдаулар баршылық. Оған қоса, осыдан 2 жыл бұрын Жастар жылы аясында «Жас кә­сіпкер» бағдарламасы пайда болды. Себебі шетел тәжірибесінде жас­тардың жеке кәсіппен шұғылдануға бейім болғаны елдің инновациялық даму жолына түсуін жеделдететін фактор саналады. Егде тартқан­дарға қарағанда жастардың бизнесі тұтынушылардың сұранысын те­зірек өтейді екен. Ал бүгінде Қазақ­станда жастар қатарына 14-29 жас аралығындағылар жатады десек, сол санаттағылардың 125 мыңнан астамы ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Басқа замандастары – айлық жалақыға өмір сүретіндер мен жұмыссыздар. Енді нақты іске келсек, «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы 2017 жылдан бері «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы аясында жұмыссыздарды кәсіпкерлікке оқытуды іске асырып келеді. 2020 жылға дейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 150 мыңнан астам адам оқып, 144 мың бизнес-жоспар жүзеге асқан. Ал былтырдан бастап елдегі қиын эпидахуалға байланысты 21 күндік оқу курсы онлайн форматта өтуде. Оған жұмыссыздар, еңбекке жарамды мүгедектер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері мен қандастар қатыса алады. Мемлекеттік қызметкерлер, бала күтімімен демалыста жүрген аналар, орта арнайы оқу орындары мен ЖОО студенттеріне рұқсат жоқ. «Оқуы онлайн өтетіндіктен, қатысушыларға шәкіртақы төленбейді. Егер оқу барысында жоба дайындап, қорғап шықса, 555 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Бөлініп жатқан қаражат – кәсіп бастауға берілетін мүмкіндік. Жұмыссыз немесе ЖК ашылған уақыты 3 жылға толмаса, грантқа жоба ұсына аласыз. Ал егер әлеуметтік осал топқа жатсаңыз, жобаны бірден ұсынуға болады. Бірақ сертификат берілмейді. Сертификат берілмеген жағдайда 2-5 миллион теңге аралығындағы грантқа қатыса алмайсыз», – дейді бизнес-кеңесші Назым Әлиева. Бір қызығы, биыл 19 сәуірден бастап «Атамекен» ҰКП «Бастау Бизнеске» құжат қабылдауды бастаған еді. Жамбыл, Қызылорда облыстарында әлгіндей тез байып кеткісі келетіндер бір жапырақ жолдама алу үшін Жұмыспен қамту орталығының алдында кептеліс тудырды. Карантин талаптары сақталмай, «болашақ бизнес­мендер» бір-бірінің үстіне шығып, кейбірі ғимаратқа терезе арқылы кіруге тырысып бақты. Себебі былтырмен салыстырғанда биыл «Бастау Бизнес» бағдарламасына сұраныс 2,5 есе артқан. Жоба бо­йын­ша жыл сайын 30 мыңдай шәкірт арнайы курстан өтіп, оқуын аяқтауы тиіс. Ал Алматыда тіпті «Бастау Бизнес» жобасына қатысушыларға «ақша мен сертификаттар беретін» алаяқтар пайда болды. Олардың мессенджерлер арқылы таратқан хабарламасында «Атамекен» ҰКП-нің осындай қызметтермен 3 жыл бойы айналысып келе жатқаны айтылған. Палата өкілдері «Егер сізге сертификат алуға немесе «Бас­­тау Бизнес» бағдарламасы бойын­­ша оқуға байланысты өз қыз­меттерін ақша немесе сыйақы үшін ұсынатын бейтаныс адам­дар­дан қоңыраулар келіп түссе, әрекет етпеуіңізді және бірден Алматы қа­ласының Кәсіп­керлер палата­сы­на жүгінуіңізді сұраймыз» деп отыр.

Бизнес-тренинг – ақшаның соры ма?

Қаптап кеткен бизнес-тренер­лердің дені – «бизнесі жоқ бизнес­мендер». Мысалы, жоғарыда атал­ған «Бастау Бизнес» мемлекеттік жоба болса, кезіндегі кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың тренинг өткізетін жобасының аты – «Биз­нес Бастау». Атымен қоса заты да «Атамекен» ҰКП жобасының өңін айналдырған түрі. «Кезіндегі кәсіп­кер» дейтініміз, қазір Ахметбек Нұрсиланың тренингтен басқа бизнесі жоқ. Бәрін сатып, жауып тынған. Ал бизнес-тренингті 2 айдан ғана өтетін көрінеді. Сол үшін Ахметбек Нұрсилаға мың шәкірттің әрқайсысы 100 мың тең­геден төлейді. Жалпы алғандағы­сы – 100 миллион теңге ғой! Сол Ахаң бірде «Не істейміз?» бағдар­ла­ма­­сы­на сұхбат беріп, баспанасыз қа­зақтарды суырдан да төмен деп есептейтінін айтты. Еске сала кетсек, кәсіпкер 2009 жылы «Сапа­лы қазақ» деген ұйым құрған бо­латын. Сондықтан сұхбат бары­сында журналист оған: «Бүгінде сапалы қазақ көп пе, сапасыз қазақ көп пе?» деген сұрақ қойды. Ал Ахметбек мырза іркілместен: «Енді ол халықтың ренішін тудырады... Шынайы мойындағанда, сапасыз!» деп салды. Айтуынша, ол айына 500 мың, 1 миллион теңгеден төмен табыс табатын адамның бәрін «сапасыз» деп есептейді екен. Ал өзі 5 жылда 34 790 қазаққа 1 ай ішінде кәсіп бастаттым деп отыр. Оған әріптесі, бизнес-тренер, 2,5 жылда 10 мейрамxана ашып, Shonbay Online университетінің негізін қалаған Қуаныш Шонбай келіс­пейді. Оның айтуынша, тренингке қатысқан көпшіліктің тек 4-8 пайызы ғана кәсіпкер болып кете алады екен. Ал Берікбол Төлеген атты әріптесіміз сол Қуаныш Шон­байдың өзіне қатысты: «Бір­күндік лекциясы 10 мың теңге. Бардым. Қатыстым. Бір ғана нәрсені түйдім. Ол нәрсені Қуаныш Шонбайдың өзі де айтты. «Есекке қанша моти­ва­ция берсең де тұлпар болмайды. Ол жай ғана мотивация­сы бар есек болады». Жақсы сөз, иә?! Сол қа­тар­дан өзіңізді көрдіңіз бе?.. Қимыл­даңыз. Еңбектеніңіз. Биз­нес-тренингтер сізге ешнәрсе жасап бермейді. Олар тек ақыл айтады. Ол ақылды айтуға кез кел­ген қазақтың шамасы жетеді» деп жазды. Бұл ретте бизнесте 30 жылдан астам тәжірибесі бар, «СейМар» компаниясының негізін қалаушы, Қазақ меценаттары тобының мүшесі, еліміздегі үздік 50 бизнес­меннің қатарына кіретін, бүгінде 40-тан астам жобаның акционері болған кәсіпкер Марғұлан Сейсембай қазір бизнес-тренингті қойып, қалған өмірін қоғамдық жұмыстарға арнағанды жөн санап отыр. Кезекті бір сұхбатында ол: «Жас кәсіпкерлерден өмірде нені қалайсыздар деп жиі сұраймын. Бір қызығы, көпшілігі бақытты бол­ғысы келетіндерін айтады. Осыған қарамастан адамдардың 99 пайызы бақыттың емес, же­тістіктің соңы­нан қуады. Ал жетістік – көтерілу мен құлау, абақты мен миллиардтар. Бірақ соңында мен негізгі түсінікке қайтып келдім. Мен үшін бай­лыққа батқан өмірден бақытты өмір маңызды. Бірақ олар қатар жүрсе де болады. Яғни, бай да болып, ба­қытты болуға болады. Алайда барлық кезде бақытты және бай бола алмайсың», – деді. Сөздің тоқетері сол десек, шын мәнінде жас кәсіпкерге мотивация емес, жол сілтейтін адам керек. Ал ол өзі­нің жақын досы немесе туысы болуы мүмкін. Тек сол ақылды сатып алудың қажеті ша­малы.

«Өзіңе сен!» ұстанымы – өміршең

Бүгінде біраз БАҚ-қа «Қазақ­стандағы ең жас кәсіпкер», «15 жасында миллионер атанған жігіт», «Президентке сағат сыйлаған бизнесмен» сынды тақырыптар жарияланған. Соның бәрі – Арман Тосқанбаев атты азамат туралы мақалалар. Ал оның орта немесе жоғары білімі туралы дипломы жоқ, есесіне 6 компаниясы бар. Білім­нен қашпайтын, бірақ диплом үшін 4-5 жыл уақытын жоғалтқысы да келмейтін жас кәсіпкер Informburo сайтына берген сұхбатында бизнес-тренерлер туралы пікір білдіріпті. Айтуынша, қазір сондай «аңқау елге арамза молда» болып, өзі білмейтін нәрсені біреуге үйреткенсіп жүретіндер көп. «Сыртқы мотивацияға сенбеймін және оған жүгінбеймін. Біреулер мотивация жинау үшін жақсы бір кітап оқиды, біреулер бизнес-тренерлердің семинарларына барады. Менің ойымша, ол мотивация – бір-екі күндік. Ұзаса, бір аптаға жетер. Одан кейін адам қалыпты өміріне қайта түседі. Мен бұл үрдісті қате деп есептеймін. Адамның ішкі мотивациясы ғана оны алға жетелей алады. Ал ішкі мотивация нәтижеден келеді. Адам қолға алған жұмысынан нәтиже көр­ген сайын шабыттанады. Сондық­тан нәтижеге ұмтылу керек», – дейді арманы асқақ Арман. Карантинге дейін «Қазақтың кедей болуға хақысы жоқ! 18 миллион халықтың бәрінен биз­несмен шығаруға болады!» деп ұрандатып, мыңдаған шәкірт­терімен партия құрмақ болған бизнес-тренер Ахметбек Нұрсила да кейін екпіні басылып, абайлап сөйлейтін болыпты. «100 пайыз кепілдік тек Алланың қолында. Біз жолын көрсетеміз, білгенімізді үйретеміз. Ары қарай сол ауыр да қиындығы мол жолды сіз жүріп өтуіңіз керек! Өзіңізге сеніміңіз болмаса, бизнеске жоламаған дұрыс. Істеп жүрген жұмысыңыздан айырылып, далада қалсаңыз, обалы бізге болады» депті ол соңғы бір сұхбатында.

Еркеғали БЕЙСЕН