Қазыналы Қазақстан
Қазыналы Қазақстан
315
оқылды

Әлемге танылған Қазақстанның қойыны құтқа толы. Олай деуге басты себеп, біздің еліміз – әлемдегі ең ірі минералды шикізат өндіруші мемлекеттің бірі. Дүниежүзінде рений, уран, бериллий өндіруде 1-орында, хром кені, феррохром, титан өндіруде 2-орында; марганец кені, ферроқорытпалар, тантал, асбест, ниобий, галлий, техникалық таллий, мышьяк өндіруде 3-орында, тазартылған мыс, мырыш, кадмий, бор, күкірт өндіруде 7-орында, темір кенін өндіруде 10-орында, көмір өндіруде 11- орында, мұнай мен газ өндіруде 17-орында.

Қиын-қыстау заманды өткеріп, өткен ғасырдағы 90-жылдары то­­­­қы­­рауды бастан өткізген бұл салаға Азаттықтың ақ таңы атқанда бойына жаңаша қан жүгірді. Қазақ­­­стан­ның экономикалық құрылымында мұнай мен газ саласы секілді тау-­кен металлургия өнеркәсі­­­бінің алар орны ерекше. Бүгінде елі­­­міздің жалпы ішкі өніміндегі ме­­­­­­таллургия саласының үлесі 5,9 пайызға жетіп отыр. Ал өңдеу өнеркәсібінің барлық саласындағы тау­­-кен металлургия өнеркәсібінің үлесі 43,2 пайызды құрайды. Сонымен қатар бұл сала инвестиция тарту көлемі бойынша көш бастап тұр.

Өндіріс көлемі артты

Соңғы 10 жылда өндіріс көлемі артты. Бұл – еселі еңбектің нәтижесі. Мысалы, 2009-2019 жылдар аралығында металлургия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,5 есе артып, 1,1 трлн теңгеден 4,9 трлн теңгеге жетті. Соңғы 10 жылдың ішінде металлургиялық өндірістің нақты көлем индексі 1,5 есе еселенген. Өткен 2020 жылдың 11 айында металлургиялық өндіріс көлемі 11,6 пайызға артып, 4,98 трлн теңгені, нақты көлем индексі 1,6 пайызды құрады. 2019 жылы салаға салынған инвестиция көлемі екі есе артып, 309,8 млрд теңгеге жетсе, 2020 жылдың қаң­тар-қарашасында 327,4 млрд теңге болды. Айта кету керек, түсті металл өн­діруге салынатын инвестиция ұлғайып келе жатыр. Еліміздің тау­-кен металлургиясында негізгі 5 ірі кәсіпорын, атап айтқанда «Қазмырыш» ЖШС, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Еуразиялық топ» ЖШС, «АрселорМиттал Темір­тау» АҚ және KazMinerals тобы Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында шоғырланған. Қазақстанның өнеркәсіп секторында 200 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл жетістіктерге жету оңай болмады. Мұның артында жылдар бойғы қажырлы еңбек пен маңдай тер бар. Қарағанды облысындағы ірі кен орындары да қиындықтан – жетістікке дейін бірнеше сатыдан өтті. Соған тоқталсақ...

Тіктелген Теміртау

Қазақ металлургия зауыты – Қазақстан қара металының тұң­ғышы, Қарағанды металлургия комбинатының негізін қалаушы. Қазақстан Магниткасы атанған осы Қарағанды металлургия зауыты 1960 жылы 3 шілде күні алғашқы шойынды берді. Дәл осы күні Қарағандыдағы металлургия комбинатында тұңғыш домна пеші іске қосылды. Бұл күн Қазақстан Магниткасының дүниеге келген күні болып саналады. Алайда 1990 жылғы тоқырау кезеңінде бұл алпауыттың басына бұлт үйірілді. Комбинатта жұмыс істейтін мыңдаған адамның жұмыссыз қалу қаупі туды. Әлеуметтік жағ­дай ауыр еді. Бірақ Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі шыңдалған кәсіпорынның жабылуына жол берген жоқ. Барлық күш-жігерді өндірісті дамытуға жұ­­­мылдырды. Бұл сын сәтті металлург­тер де ұмытқан жоқ. – Тәуелсіздік алғаннан кейін 90-жылдары комбинат өте қиын ке­зеңді бастан кешірді. Сол кезде біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев комбинатқа инвестор тауып, аман алып қалды, – дейді металлург Мұ­­рат Қойшыбаев. 1995 жылғы қараша айында комбинат жұмысы LNM-Qroup компаниясына берілді, компанияның негізін құрушы және бас­­­­­қарушы Лакшми Миттал мырза (LNM). 2005 жылғы қаңтар айынан компанияның аты ААҚ «Испат Қар­­мет» АҚ «Миттал Стил Теміртау» бо­­­­лып өзгертілсе, 2007 жылы қыркүйек айында «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы болып өзгерді. «Миттал Стил» компаниялар тобы мен «Арселор» бірлескеннен кейін жаңа корпорация жылына 120 млн тонна болат өндіретін әлем­­дегі аса ірі өндірушілердің біріне айналды. Әлемнің 21 елінде 61 зауыты бар «Арселор Митталдың» географиялық ауқымы мен өнімдерінің алуан түрлілігі бойынша теңдесі жоқ. Еңсесін тіктеген комбинаттың 2020 жылғы табысы да айтарлықтай.

Әлемге әйгілі «Қазақмыс»

Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші «Қазақмыс корпорациясы» тазартылған мыс өндіру көлемін 5%-ға, құйма алтынды 35%-ға, сондай-ақ түйіршікті күмісті 17%-ға ұлғайтты. Дегенмен бұл іргелі кәсіпорын да қиындықтарды бастан өткерді. Жабылып қалып, сол жерден нәпақасын тауып отырған жұмысшылар еңбексіз қала жаздаған уақыты болды. «Тәуелсіздіктің елең-алаңында «Жезқазғантүстіметалл», еліміздің басқа да көптеген кәсіпорыны секілді, тұралаудың сәл алдында тұрған еді. Проблемалар тасқыны бірінен кейін бірі өндірісті қыспаққа алған болатын. Оларды шешу үшін басшылыққа озық ойлы, жауапкершілік пен тәуекелді мойнына толық ала алатын адамды қою керек болды. Сол кездердің куәгері ретінде айтарым, сол сәтте ел басшылығы тарапынан жалғыз ғана дұрыс жол таңдалды, бұл көпшілік үшін күтпеген шешім еді», – дейді сол уақыттың куәгерлері. «Жезқазғантүстіметалл» АҚ-қа бірінші басшы болып 35 жас­тағы Владимир Сергеевич Ким тағайындалды. Уақыт Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының дұрыс қадамға барғанын көрсетіп берді. Президент жас, іс жүзінде сы­нақтан өткен қазақстандық­тарға басымдық берген болатын. Бірінші кезекте жаңа команда өнді­рістің стратегиясын айқындап, кеніш­тердің, фабрикалар мен зауыттардың техникалық қайта жарақтандырылуы мәселелерін шешті, сонымен бір мезгілде бірте-бірте жаңа өндірістік қуат іске қосылып, жұмыстың ілгерінді пішіндері енгізілді. Сөйтіп, зауыттың құбырларынан түтін будақ­тап, Жезқазған өңіріне жаңа леп әкелгендей болды. Осылайша, адам­дардың да көңіл күйлері көтеріліп, болашақ­тарына сеніммен қарай бастады. Сол кезде «Жез­қазған­түсті­металл» құрамына жаңа құ­рылымдық бө­лімшелер енгізілуіне байланысты кәсіпорынды «Қазақмыс Корпорациясы» деп қайта атау туралы ше­шім қабылданды. Жос­­парлы жұмыс өзінің нәтижесін берді. 2005 жылы компания өзінің акцияларын Лондонның қор биржасына салып, бүкіл әлемге әйгілі, баршаға ашық мәр­тебеге ие болды.

Балқаштан да сеп бар

Қазір «Қазақмыс корпорациясы» құрамына кіретін Балқаш кен-металлургия комбинаты ал­ғашқы мысты берген уақыттан бері (1938) қиындығы мол ауыр кезеңдерге қарамастан айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, мол табысқа ие болды. Қазір комбинат шетел капиталын тарту арқылы өзінің даму дәуірінің жаңа кезеңіне көтерілді. Зауыт жұмысы техникалық қайта жабдықтаумен тікелей байланысты, өйткені негізгі мақсаты – шикізат өнімінің кез келген түрін қайта өңдеу және жоғары сапалы мыс алу жолында техникалық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып экологиялық таза өндіріс құру. Қымбат металды зауыт –техникалық жағынан бірегей кәсіпорын. Бірнеше операцияларды қоса атқаратын Калдо пеші Доре металын таза күмістен 97%, алтыннан 2% береді.

Жезқазған: мыс балқыту зауыты

Жезқазған мыс балқыту зауыты бүкіл ел болып тағатсыздана күткен алғашқы катодтық мысты 1971 жылы берді. Алайда 90-жылдардың басында тозығы жеткен агрегаттар шығарылған өнімдердің тиімділігі төмен, сапасы нашар екенін және бұрынғы ішкі одақтық экономикалық байланыстарының тоқтаған кезеңіндегі бәсекелестікке төтеп бере алмайтынын көрсетті. Комбинатты Оңтүстік Кореяның «Самсунг» компаниясының басқаруына беру уақытында жасалған шара болды. Жұмыс зауыттың технологиясын жетілдіру және жаңаша жабдықтаудан басталды. Мыс концентраттарын кен термиялық бал­қытуда әлемдік тәжірибесі бар шве­циялық «Болиден Контек» фирмасында балқыту пештерінің конструкциясы өзгертілді. Қара мыс өнімділігі 40 % өсті, суық присадканы қайта өңдеу көлемі артты, қосымша қара мысты өндіруде аз күкіртті мыс концентраттарын тікелей конверттерге беру мүмкіндігі туды. Жезқазған мыс балқыту зауыты бүгін «Қазақмыс» корпорациясының құрамына жатады және әлемдегі ең ірі мыс өндірушілердің бірі болып саналады, өнімдері барлық жағынан халықаралық стандартқа сай. Қазақстан тәуелсіздік жылдары маңызды экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге жетті. Эко­­­номиканың барлық салалары серпінді дамуда, соның ішінде – тау­-металлургиялық өндірісі. Бұл са­­лада ел­­дің экспорттық жетістігі маңызды. Қазақстан металды 30-дан астам елге экспортқа шығарады. Құрылған трансұлттық компаниялар мен біріккен өндірістік ұйымдар әлемдік нарықта өздерін тиімді жағы­­­­­­нан көрсетті және елдің экономикасына едәуір салмақты үлес қосып отыр. Әлемдегі 11 млрд тонна минералдың 250 млн тоннасы Қазақстанның үлесінде екен. Әлем бойынша 11-орын­­­­ды иеленеміз. Айта кетерлігі, тау-кен металлургия саласы жер­­­­гі­­­­­­лікті қамту үлесін арттыруда да драй­­­­­­­вер саналады. Тау-кен өндіру секторында 732 компания жұмыс істейді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ