Жүнді бит, теріні ит жеп жатыр
Жүнді бит, теріні ит жеп жатыр
269
оқылды

Бүгінде елімізде шағын және орта бизнестің көкжиегі кеңейгені  жасырын емес. Алайда жеңіл өнеркәсіп саласында ақсап тұрған тұстарымыз баршылық. Әсіресе, кеңестік кезең­де кең көлемде қолға алынған жүн мен тері өңдеу шаруашылығы тұра­лап тұр. Бір сөзбен айтқанда, мал жүні желге ұшып, тері текке шіріп жатыр.

Дайын шикізатыңды тегін де алмайды

Ресми мәліметке сүйенсек, Жамбыл об­лысында қазір 3 4 млн уақ мал және 7 495 бас түйе бар. Осы малдың барлығы қырықтыққа түсуі тиіс. Алайда қырқылған мал жүні еш пайдаға жарамай жатқан­дық­тан, шаруалардың жүн қырқуға қолдары бар­мау­да. Себебі бұрындары шаруалар қыр­қыл­ған жүнді өткізіп, өз шығынын шығарса, қазір теңгесін төлеп, мал жүнін жалынып жүріп қырыққызады. Оған әр қой үшін 300-350 теңгеден алатын болса, түйе жүнін қырыққызу 1 500 теңгеге жуықтап тұр. – Қолымда 200 түйе мен 500 уақ мал бар. Мал қырқу науқанын бастау үшін қазір қырықшылар іздеп жатырмын. Был­тырдан бері  қаржылық тұрғыдан қиналып қалдық. Сондықтан биыл тек уақ малдарды қырық­тырамын деп отырмын. Ал түйенің жүні өзі түлеп түсер. Әйтпесе, 200 түйенің әр басын 1 500 теңгеден жүндетуге шамам жоқ. Іргелес отырған кейбір шаруа қожа­лық­тар қырықтық шығынынан қашып, малдарын жылына бір рет ғана қырық­тырып жатқанын естіп жатырмын. Біз де осы әдіске көшетін шығармыз. Өйткені бұрын жүн-тері қабылдайтын адамдарға малының жүнін тегін қырқып алып кетші дейтін болсақ, қазір жүнді өзім қырық­тырып беремін, тегін алып кетші деп жалынатын болдық. Өйткені қырқылған  жүнді ауыл сыртына тастасаң, ертең жел тұрса қайта ауламызға ұшып келеді. Өртеп жіберейін десең бір аптадай  бықсып жатып алып, ауыл ішін көк түтін қылады.  Бір сөзбен айтқанда, мал жүнінен бізге зиян­нан басқа бір пайда келіп жатқан жоқ, – дейді  Талас ауданының Ақкөл ауылдық округіне қарасты «Барлыбай» шаруа қо­жалығының иесі Рәт Баржықов.

Инвестор қаржы салуға құлықты емес

Байзақ ауданындағы «Жадыра» шаруа қожалығының төрайымы  Гүлнар Дәулет­баева  да  осындай қиындықпен бетпе-бет келіп жатқанын айтады. – Шаруашылығымда 2 мыңға жуық қылшық жүнді асылтұқымды қой бар. Әр қой 350 теңгеден қырық­тырсам, жылына шамамен 1,5 миллион теңге кетеді. Ал бұл үлкен шығын екені айтпаса да түсінікті. Себебі не теріні, не жүнді қазір ешкім қабылдамайды. Шаруа ғана емес  Байзақ аудандық мәслихатының депутаты ретінде бұл мәселені талай мәрте көтердім.  Тіпті, Тараз қаласындағы «Тараз-ПОШ» жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тігінің жанынан жүн-тері өңдейтін цех аштыруды да ұсы­нып жатырмын. Алайда ол қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз,  – дейді Гүлнар Бақбергенқызы. Дәл қазір «Тараз-ПОШ» ЖШС тоқтап тұрғаны белгілі. Ал шағын жүн-тері өңдейтін цехы бар кәсіпкердің бірі Мұхтар Сегізов  кәсіпорнын қайта іске қосқанымен  тек тері қабылдайтынын айтады. Алайда ол да теріні тұрғындардан қанша теңгеден қабылдайтынын әзірге білмей отыр. Оған қоса оңтүстік өңірге қарағанда солтүстіктегі малдардың терісі салмақты әрі қалың болатындықтан кәсіпкердің аңсары өзге өңірдің шикізатына ауып отыр. Жалпы, Алматы облысында сиырдың терісі – 500, ал бұқаның терісі 1500 теңгеден қабылданып жатыр екен. Ал Жамбылда баға қалай болатыны белгісіз. Оған қоса жүн-тері өңдейтін цехы бар деген кәсіп­кердің өзі көзін солтүстікке тігіп отырса, бізде жағдай оңала қоймайтын секілді. Облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы бас­қар­масының мал шаруашылығы бө­лімінің басшысы Сражаддин Сүлейменов­тің айтуынша,  2014 жылдары шаруалардың меринос қойының жүніне 100-150 теңгеден субсидия беру бастау алғанымен, 2019 жылы бұл тірлік кілт тоқтаған. Сол жыл­дары 280-300 тонна жүнге мемлекет тара­пынан субсидия төленген екен. Қазір бас­қарма Венгрия, Чехия сияқты мемле­кеттерден инвестор тартуға күш салуда. Алайда олар шығынын есептей келе, бас тартып жатыр.

Мемлекеттік гранттарды неге бағыттамаймыз?

Әрине, әлемдік нарықта бәсекелестік жоғары. Дамыған мемлекеттер табиғи жүннен тоқылған жіптен гөрі синтетикалық бұйымдарға көп иек артып жатқаны да түсінікті. Алайда мұнда ең бірінші сапаны ойлау қажет емес пе? Синтетикадан гөрі табиғи шикізаттан жасалған тауарлар көпке шыдас беретіні анық. Сондықтан әлем елдеріне мықты әрі сапалы өнімімізді неге шығармасқа? Ол үшін әр өңірде кеңестік кезеңнен қалған цехтар да тұр. Осының бойына жан үрлеп, мемлекет тарапынан қолдау білдірсе, неге тірлік алға жүрмейді? Түптеп келгенде, жылда бірін-бірі қайталаған, әр жерден көшіріп алған пайдасыз  жобаларға мемлекеттік грант бере бермей, бір жолғы қаржыны неге осы жеңіл өнеркәсіп саласына бағыттамаймыз? Мемлекеттік грантқа қатысып жатқан үміткерлерге жүн-тері өңдеу бағытында жоба ұсыну туралы талап қойсақ та, бұдан ұтылмасымыз анық. Бұл жаңа жұмыс орындары мен кәсіп­орын­дарды іске қосып ғана қоймай, отандық брендімізге айналар еді. Осыны Үкімет үйіндегілер санаға салып, сүзгіден өткізеді деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы