Қазақ футзалшыларының келешегі кім?
Қазақ футзалшыларының келешегі кім?
186
оқылды

Қазақстанда футболға қарағанда фут­­зал үлкен танымалдыққа ие әрі бұл спорт түрі елімізде өте жақсы дамыған. Оған ұлттық құрама мен «Қайрат» футзал клубының жетістіктері дәлел. Мақтаулы құрамамыз бен клубымыз Дінмұхаммед Сүлейменов, Серік Жаманқұлов, Шыңғыс Есенаманов, Дәурен Нұрғожин бастаған сақа футзалшыларымыздың кезінде спорттағы биік белестерді бағындырды. «Қайрат» АФК Чемпиондар лигасын екі мәрте жеңді, Қазақстан Еуропа бірінші­лігінің қола жүлдесін иеленді. Мұның өзі мақ­тауға тұрарлық керемет нәтиже. Бү­гін­де әлемдегі үздік командалардың бірі саналатын «Қайрат» сапында бірнеше қазақстандық футзалшылар өнер көрсе­тіп жүр. Осыдан соң футзалдан бола­шағымыздың жарқын екенін іштей түй­сінесің.

«Бразилиялықтарға футзал спортын да­мытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреміз. Фут­залда жылдан-жылға ұлттық құрамамызда деңгейі жоғары өзіміздің қаракөздеріміздің саны көбейіп келеді» деген оқырмандардың да әлеуметтік желідегі жылы лебізін жиі көзіміз шалып жүр. Шынында да, ұлттық құрамаға қара домалақ қазақ балаларының көптеп шақыртылуы көңілге сенім ұялатады. Ұлттық құраманың осындай деңгейде болуы әр қазақ баласы үшін үлкен мотивация. Қос бапкер Какау мен Кака және құрамадағы бразилиялықтардың арқасында біздің жігіттер де футзал ойнауды үйренді. Бұрындары құраманың ойынына төрт қазақ бір мезетте ойнамайтын, қазір төрт қазақ бір паркетте, бір уақытта алаңда жүрсе де, еш кемшілік байқал­майды. Соған қарап, Қазақстанда футболдан гөрі футзалда көп ілгерілеу барын бағамдауға болады. Мұны ешкім жоққа шығара да алмай­ды. Өз кезегінде футзалда жасындай жарқыл­дап жүрген қазақ жастары, олардың еуропалық клубтарға ауысуға мүмкіндігі туралы Нұрсұл­тан Құрман айтып берді. – Ұлттық құрамада да қаракөздеріміздің үлесі басым. Олардың қай-қайсысы да үздік ойынымен көзге түсіп жүр. Ал еуропалық клубтарға ауысуға келер болсақ, «Қайрат» – Еуропада рейтингте үшінші орында тұрған команда. Тұрсағұлов, Оразов, Ақбалықов сияқты жастар шетелде өнер көрсетуге ниетті емес секілді. Оларға «Қайратта» жүрген тиім­дірек. Онсыз да алматылық ұжым Чемпиондар лигасында ойнайды. Сондықтан аталған ойын­шы­ларға менталитет жағынан да, қара­жат жағынан да Қазақстан қолайлы. Екінші тараптан, ойыншыларды тек Ресей шақырып қалуы мүмкін. Бірақ Испания, Португалия сиқты елдер шақырса, Оразов пен Тұрсағұлов­ты ғана шақыратын шығар. Бірақ олар өздері келіспейді деп ойлаймын. Қайраттың басшы­лығы да негізгі ойыншыларын оңайлықпен жібере қоймайды. Өйткені олар осы жақтағы тактикаға, жүйеге үйренген. Ол жаққа бару үшін тіл үйрену керек. Менің білуімше, Тұрсағұлов, Оразов, Ақбалықовтардың бәрі ағылшыншаға шорқақтау. Шетелде біздің футболшыларға үлкен қаражат та ұсынбайды. Бірақ аталған футзалшылардың қай-қайсысы да шетелде жоғары деңгейде өнер көрсете алады. Өйткені қазақ футзалшылары Тайнан, Лео, Дугластардан артық ойнамаса, кем ойнап жүрген жоқ, – дейді Нұрсұлтан. футзал Ол сонымен қатар футзалда Қарғандының мектебі мықты екенін ерекше атап өтті. «Қайратта» өнер көрсеткен қазақ ойыншы­ларының көбі сол өңірден шыққанын мысалға келтірді. Одан бөлек, Алматы мен Қарағанды­дан басқа елімізде Рудный, Ақтөбе, Ақтау, Атырау және Екібастұз сияқты қалаларда аймақтық футзал мектептері бар. Бұл қалалар­ды еліміздің басты футзал орталықтары деп айтуға болады. – Қазақстан футзалы туралы сөз бастасақ еліміздің ішкі футзал лигасының командалары­ның жетістіктері еске түседі. Біріншіден, лигадағы командалардың ойын деңгейінің қатты өсуі байқалады. Оған себеп, әр регион­дағы футзал академияларының саны мен оқыту сапасының ілгері жылжуы.  Екіншіден, лигамыздағы ең мықты командалардың әлем­дік деңгейдегі ойынды көрсетіп, үлкен жетіс­тік­терге жетуі. Мысалы, Алматы қаласының «Қайрат» футзал командасы 1995 жылы жай ғана футбол әуесқойларымен құрылып, қазір Еуропаның ең үздік командалары қатарына кіруі. «Қайрат» бар жоғы он жыл ішінде футзал өмірінің грандына айналды. Клубтың ең басты жетістігі – УЕФА футбол кубогының екі дүр­кін иегері атанды. Құрамының жетістігі де аз емес, – дейді спорт журналисі Фараби Әбді­халық. Айтпақшы, футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде барлық қарсыласын жеңіп, үздік екендерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Е тобына түскен футзалшыларымыз Венгрия, Израиль және Беларусь құрамаларымен бірге сынға түсті. Жерлестеріміз 6 ойынның бәрінде қарсыластарын қоғадай жапырып, 18 ұпаймен өз тобында бірінші орын алды. Футзалшы­ларымыз келесі жылы Нидерландтың бас қаласы Амстердам және Гронинген шаһарында өтетін Еуропа біріншілігіне қатысады. Бұл – Қазақстан құрамасының өз тарихында үшінші мәрте Еуропа чемпионатына шығуы. Сол сында Қазақстан құрамасы сапындағы ойыншылардың деңгейіне тағы бір мәрте куә боламыз. Арнольд Кнауб, Дәурен Нұрғожин, Альберт Ақбалықов, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұловтардың, Нұрбек Қарағұлов, Жомарт Тоқаев, Азат Валиуллиндердің шеберлігін көрсетіп, құраманың көшін алға сүйрейді деген үміттеміз. Осындайда елімізде футзал кең қанат жайып дамып келе жатқанына қуанасың. «Шіркін, қазақ футболшылары қашан осы деңгейге жетеді?» деп армандайтынымыз да бар.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ