Қазақстанда футболға қарағанда футзал үлкен танымалдыққа ие әрі бұл спорт түрі елімізде өте жақсы дамыған. Оған ұлттық құрама мен «Қайрат» футзал клубының жетістіктері дәлел. Мақтаулы құрамамыз бен клубымыз Дінмұхаммед Сүлейменов, Серік Жаманқұлов, Шыңғыс Есенаманов, Дәурен Нұрғожин бастаған сақа футзалшыларымыздың кезінде спорттағы биік белестерді бағындырды. «Қайрат» АФК Чемпиондар лигасын екі мәрте жеңді, Қазақстан Еуропа біріншілігінің қола жүлдесін иеленді. Мұның өзі мақтауға тұрарлық керемет нәтиже. Бүгінде әлемдегі үздік командалардың бірі саналатын «Қайрат» сапында бірнеше қазақстандық футзалшылар өнер көрсетіп жүр. Осыдан соң футзалдан болашағымыздың жарқын екенін іштей түйсінесің.
«Бразилиялықтарға футзал спортын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреміз. Футзалда жылдан-жылға ұлттық құрамамызда деңгейі жоғары өзіміздің қаракөздеріміздің саны көбейіп келеді» деген оқырмандардың да әлеуметтік желідегі жылы лебізін жиі көзіміз шалып жүр. Шынында да, ұлттық құрамаға қара домалақ қазақ балаларының көптеп шақыртылуы көңілге сенім ұялатады. Ұлттық құраманың осындай деңгейде болуы әр қазақ баласы үшін үлкен мотивация. Қос бапкер Какау мен Кака және құрамадағы бразилиялықтардың арқасында біздің жігіттер де футзал ойнауды үйренді. Бұрындары құраманың ойынына төрт қазақ бір мезетте ойнамайтын, қазір төрт қазақ бір паркетте, бір уақытта алаңда жүрсе де, еш кемшілік байқалмайды. Соған қарап, Қазақстанда футболдан гөрі футзалда көп ілгерілеу барын бағамдауға болады. Мұны ешкім жоққа шығара да алмайды. Өз кезегінде футзалда жасындай жарқылдап жүрген қазақ жастары, олардың еуропалық клубтарға ауысуға мүмкіндігі туралы Нұрсұлтан Құрман айтып берді. – Ұлттық құрамада да қаракөздеріміздің үлесі басым. Олардың қай-қайсысы да үздік ойынымен көзге түсіп жүр. Ал еуропалық клубтарға ауысуға келер болсақ, «Қайрат» – Еуропада рейтингте үшінші орында тұрған команда. Тұрсағұлов, Оразов, Ақбалықов сияқты жастар шетелде өнер көрсетуге ниетті емес секілді. Оларға «Қайратта» жүрген тиімдірек. Онсыз да алматылық ұжым Чемпиондар лигасында ойнайды. Сондықтан аталған ойыншыларға менталитет жағынан да, қаражат жағынан да Қазақстан қолайлы. Екінші тараптан, ойыншыларды тек Ресей шақырып қалуы мүмкін. Бірақ Испания, Португалия сиқты елдер шақырса, Оразов пен Тұрсағұловты ғана шақыратын шығар. Бірақ олар өздері келіспейді деп ойлаймын. Қайраттың басшылығы да негізгі ойыншыларын оңайлықпен жібере қоймайды. Өйткені олар осы жақтағы тактикаға, жүйеге үйренген. Ол жаққа бару үшін тіл үйрену керек. Менің білуімше, Тұрсағұлов, Оразов, Ақбалықовтардың бәрі ағылшыншаға шорқақтау. Шетелде біздің футболшыларға үлкен қаражат та ұсынбайды. Бірақ аталған футзалшылардың қай-қайсысы да шетелде жоғары деңгейде өнер көрсете алады. Өйткені қазақ футзалшылары Тайнан, Лео, Дугластардан артық ойнамаса, кем ойнап жүрген жоқ, – дейді Нұрсұлтан.