Бурабай ауданында, Бурабай кентінде ірі қонақ үй кешені отқа оранды. Оқиға бойынша төтенше жағдайлар қызметі әзірге ресми ақпарат білдірген жоқ, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, шатыры қызыл жалын шарпыған қонақ үй кешені Бурабай кентінің орталық көшелерінің бірінде орналасқан. Өрт шамамен күндізгі екілер шамасында шыққан. Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер оқиға орнында шатыр үстіндегі өртпен күресу үстінде. Жергілікті әлеуметтік желілерде аталған факт қызу талқыға түскен. Біреулері отель-қонақ үй кешенінің өртенуін техникалық қауіпсіздіктің сақталмауынан болған десе, кейбірі бір-бірімен келіспей қалғандардың жасаған әрекеті деседі.
«Еліміздің аумағында болып жатқан бейберекетсіздікке қарап, мені бұл өрт таңғалдырып та отырған жоқ. Бұл әдеттегі қарабайыр жағдай деуге болады. Менің ойымша, бұл құрылыс нормалары мен өрт қауіпсіздігінің сақталмауынан болған. Техника жоқтығымен қатар, бірқатар үйлерде су да жоқ. Қалай сөндіреді? Судың қысымы тұтанған өртке жетпейді де! Республикада теңдесі жоқ деп мақтауын асырған өрт сөндіру есептері қайда? Толық өртеніп кеткенше өшіре алмайды. Ондай техникалары да жоқ. Ең бастысы, адамдар аман-сау қалса болды!», - деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.Әзірге өрт сөндірушілер жанып жатқан қонақүйдегі өртпен арпалысып жатыр. Ресми ақпарат аз уақыттан соң жіберілмек.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы