«Өлілер» қатарынан шыға алмай өлетін шығармын»: Щучинск тұрғыны 8 жылдан бері «өлілер» қатарынан шыға алмай жүр
«Өлілер» қатарынан шыға алмай өлетін шығармын»: Щучинск тұрғыны 8 жылдан бері «өлілер» қатарынан шыға алмай жүр
138
оқылды
Щучинск қаласының тұрғыны бірнеше жылдан бері өлілер қатарында. Мәліметтер базасында кеткен қателіктер салдарынан ол барлық жерде тірілер тізімінің қатарынан шығып қалған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Өмір сүріп жатса да, өлілердің тізімінен бір-ақ шыққан 63 жастағы Анастасия Малашенко ауруханаға барып, денсаулығын да тексерте алмайтындай күйге жеткен. Өйткені, барлық мәліметтер базасында ол тірі адамдардың есебінен шығып қалған. Пойызға да билет ала алмаған. Өйткені базаларда өлілер қатарына еніп кетіпті. Өзінің «өлімі» жайлы Анастасия Малашенко 2015 жылы біліпті. Тексере келсе, өзін сонау 1997 жылдан бері өлілер қатарына енгізіп жіберген екен.
«Мен үшін түсініксіз әрі аса күрделі жағдай қалыптасты. Осыдан алты жыл бұрын Щучинск қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығына зейнетақы рәсімдеу үшін барғанмын. Сенесіздер ме?! Маған 1997 жылдың жазында мезгілсіз қайтыс болғанымды айтты! Маған бұл өте ауыр соққы болып тиді! Не істерімді білмей, салым суға кетіп, сылқ етіп отыра кеттім», - дейді Анастасия Малашенко.
Анастасия осыдан сегіз жыл бұрын, яғни, 2013 жылы жеке куәлігін ауыстырғанын айтады.
«Сонда мен қалай тізімнен шыққаныма түсінбеймін. Мен 2013 жылы жеке куәлігімді ауыстырдым ғой. Қатардағы Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің салғырттығының салдарын әлі күнге тартып келемін. Бірақ әлі күнге «тірілер» қатарына іліне алмай келемін», - дейді күйініп кеткен Анастасия Малашенко.
Өлілер қатарына еніп кетуге бір ғана әріп себеп болған. Щучинск қаласы тұрғыны «өлілердің» қатарынан шығу үшін бармаған жер, баспаған тауы қалмаған.
«Әрқайсысы басқа ведомствоға сілтей береді. Кәдімгі тұйық шеңбердің ішінен шыға алмай жүрген тәріздімін. Күресуге дәрменім де қалмай барады. Әбден қажыдым. «Өлілер» қатарынан шыға алмай өлетін шығармын. 2015 жылы Халыққа қызмет көрсету орталығынан оқ болып тиген хабарды ести сала прокуратураға жүгіндім. Онда маған аталған қателікті Алматы облысы, Көксу ауданының АХАЖ бөлімінің қызметкерлері жібергенін хабарлады. Ол жерде аты-жөні, тіпті әкесінің аты да дәл мен сияқты әйел қайтыс болыпты. Тек менің фамилиям – Малашенко болса, оның фамилиясы Милашенко екен. Осылайша мен «өлілер» қатарына кіріп кеттім», - дейді Анастасия Малашенко.
Әйелдің айтуынша, ол «өлілер» тізіміне енген соң-ақ барлық әлеуметтік жеңілдіктер мен басымдықтарынан айырылып қалған. Мәселен, тіпті қарапайым ауруханада да тексеріле де алмайды.
«Ештеңе істей алмаймын. Менің Қазақстанда ешқандай туысқаным да жоқ. Ағам Новокузнецкте тұрып жатыр. Ағамның қасына көшіп кеткім-ақ келеді. Бірақ шыға алмаймын! Өйткені маған «өлі» болғандықтан билет те сатпайды. Мен әбден қажып кеттім. Өзімнің күрделі тағдырыма көмектесу үшін журналистерден де көмек сұрадым. Олар арнайы репортаж да түсірді. Бірақ, мен әлі де болса, «өлілер» тізімінен шыққан жоқпын. Маған көмектесулеріңізді өтініп сұраймын», - дейді Анастасия Малашенко.
«Мен – тірімін және оны дәлелдеп бере аламын!» Ағаттықтың салдарынан жылдар бойы тірі болса да өлілердің тізімінен шыға алмай жүрген әйел өзіне моральдық шығын төленуі қажет деп есептейді.
«Қателік жасағандар дереу түзетуін талап етемін. Маған осы жылдар бойы барлық жүйке-жүйемді тоздырып, ауыр күйзеліске түсіргендері үшін 10 миллион теңге көлемінде моральдық шығын төлесін!», - дейді Анастасия Малашенко.
Қателік түзетілсе де, Анастасия әлі «тірілмеген» Тірі болса да, «Өлілердің» қатарынан шыға алмай қалған әйелдің жағдайы бойынша Ақмола облысының әкімдігі пікір білдірді. Олар Анастасия Малашенконың «өлімі» мәліметтер базасына қателікпен еніп кеткенін растады.
«Алматы облысы, Көксу ауданының әділет басқармасымен тіркеу қызметі комитетінің тапсырмасын орындау және мәліметтерді өзектендіру мақсатында азаматша Анастасия Федоровна Малашенконың өлімі туралы мәліметтер қателікпен енгізілген. Яғни, «өлім» мәртебесі қойылған», - деп хабарлады ведомстводан.
Ведомство аталған факт анықталғаннан кейін қателіктің түзетілгенін атап өткен. Бұл Алматы облысы, Көксу ауданы әкімі аппаратының жауабымен де расталған. Онда Анастасия Малашенко 2018 жылдан бастап өлілер қатарында жоқ екені айтылған. Яғни, әйел енді базада өлілер қатарында болмау керек. Алайда, Анастасия Малашенко осыдан кейін де ауруханаға қарала алмай, пойызына билетін ала алмай, әуре-сарсаңға түскен.
«Мәліметтер базасында белгілі бір өзгешеліктер болып отыр. Қазір барлығы да орталықтандырылған. Щучинск қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығында ол тірі адам ретінде өте алады. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтер базасында ескі мәліметтер қалып қойғаны кәдік. Қазір бұл мәселені толықтай қарастырып жатырмыз. Біздің Денсаулық сақтау басқармасы аталған мәселені қарап жатыр. Әңгіме мынада. Қайтыс болған адамдардың базасы Денсаулық сақтау министрлігінің деңгейінде реттеледі. Қазір Анастасия Малашенконы бұл базадан алып тастап, тірі адам мәртебесін беруге материалдар әзірленіп жатыр», - деп толықтырды Ақмола облысының әкімдігінен.
Әлеуметтік желілерге түскен бұл жаңалық елді елең еткізіп, халық өз пікірлерін қарша боратуда.
«Бұл біздің мемлекеттік жүйеде алғаш рет болып отырған оқиға емес. Тірідей «өлтірген» мұндай қателіктер үшін түрмеге отырғызу керек! Сотқа беріп, моральдық шығын талап етіңіз! Мұндай ақпараттан кәрі адамдар инфаркт немесе инсульт алуы да ғажап емес. Өздері цифрлық жүйеге көшкісі келеді. Мына бей-берекет «былықты» неге көрмейді? Шындыққа ешқашан жете алмайсың! Бағдарлама қателесті сосын өзінің түйе емес екеніңді дәлелдеп көр! Сұмдық! Бейшара әйел, қанша жылдан бері... Ешкім қайда жүгіну қажеттігін айтпағаны қалай?», - деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.
P.S. Сонымен осылай «өлілер» қатарына мемлекеттік қызмет саласындағылардың қателігімен еніп кеткен бейкүнә әйел сегіз жылдан бері сергелдеңге түскен. Қашан толыққанды «тірілер» қатарына енетіні әзірге белгісіз болып отыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы