Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят коронавирусқа қарсы вакцина салдырған соң көз жұмған қазақстандықтарға қатысты сұрақтарға жауап берді.
"Барлық жағдайлар Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Алматы облысында алғашқы жағдай қалалық перзентханада жұмыс істеген әріптесімізге қатысты тіркелді. Комиссияның жұмысы аяқталды. Ол созылмалы жүрек ауруымен ауырған, диспансерлік есепте тұрған, бірақ уақтылы дәрігерге қаралмаған, гипертензияға қарсы дәрі ішпеген. Сондай-ақ комиссия вакциналарды сақтау және оны медициналық ұйымның қабылдауына дейінгі барлық жолдарды, барлық санитарлық нормаларға сәйкестігін талдады. Сот-медициналық зерттеудің нәтижелері дайын және комиссияның шешуші қорытындысына сәйкес, бұл вакцина вирусомия тудыруы мүмкін емес екені ескерілді, яғни, дәл осы науқастың мәйітінен вирусомия белгілері немесе вирустармен, атап айтқанда, коронавирус вирусымен органдардың зақымдану белгілері анықталмады, соған сәйкес өлімге епкенің қатысы жоқтығы анықталды. Негізгі себеп - созылмалы жүрек талмасы ауруы, оның вакцинациямен ешқандай байланысы жоқ", - деді ол брифингте.Ол тағы бірнеше істі тергеудің қазіргі жағдайы туралы айтты. Екінші жағдай - Алматыда дәрігерге қаралмаған, диспансерлік есепте тұрмаған, қалалық емханада вакцинаның екінші компонентін алған ер адам.
Науқаста қан қысымы көтерілген, жүрек ауруы болған. Бұл мәселе бойынша сот-медициналық сараптама әлі аяқталған жоқ, комиссия жұмыс істеп жатыр, сондықтан оның әлі қорытындысы шыққан жоқ. Ақтөбе облысында үшінші жағдай тіркелді. Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы комиссиясының қорытындысына сәйкес, науқас созылмалы ауруға шалдыққан, бұл көбіне ишемиялық инсультке алып келетін аритмия. Оның да вакцинациямен байланысы анықталған жоқ. Бүгінгі күнге дейінгі төртінші іс - екінші компонентті алғанына 12-күн болған науқасқа қатысты. Бірақ бұл арада да комиссия жұмыс істейді, оның қорытындысын қосымша хабарлаймыз", - деді вице-министр.