Атырауда 60 адамды жұмысқа орналастыруға уәде берген алаяқ ұсталды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырауда Қызылорда облысының тұрғыны «Теңіз кенішіне жұмысқа орналастырамын» деп 60-қа жуық адамның ақшасын алған.
"Жұмыс іздеп, қалтасы қағылған тұрғындар алғашқыда жалған келісімшарт жасағанын білмейді. Себебі, алаяқтық қылмыс егжей-тегжей ұйымдастырылған. Оның дәлелі жасалған төлемдерге берілген түбіртектер. 39 жастағы алаяқ азаматтардың 50 миллионнан астам теңгесін қалтасына басқан. Алданғандардың арасында атыраулықтардан бөлек Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе облыстарының тұрғындарындары да бар», - деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.Күдікті өзінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыру үшін бірнеше қызметкерді ешқандай келісімшартсыз жұмысқа алып, оларға қолма-қол жалақы төлеп отырған. Азаматтармен тікелей қарым-қатынас орнату үшін 47 және 29 жастағы екі танысын пайдаланған. Келісімшарт үлгілерін көрсетіп, екеуіне әр тапқан адамы үшін ақша беретіне сендіреді. Жұмысқа орналасу ақысы 150 000-450 000 теңге аралығын құраған. Ол алаяқтық әрекеті үшін сот үкімімен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.