«Қазақстанның орнықтылық қоры» өкілдері "Баспана Хит" және "7-20-25" ипотекалық бағдарламаларының тоқтатылуы туралы түсінік берді.
Қордың мәліметінше, "7-20-25" бойынша тұрғын үй алуға берілетін несиенің лимиті - 1 трлн теңге. "Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша шамамен 325 млрд теңге сомаға несие берілді. Бұл бастапқы тұрғын үй нарығында 27 мыңнан астам қазақстандық отбасына тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік берді. "7-20-25" бағдарламасын жүзеге асыру мерзімсіз 1 трлн теңге лимитіне жеткенге дейін жүзеге асырылады", – делінген хабарламада. Ал "Баспана Хит" бағдарламасы 600 млрд теңге шектеуге жеткенде тоқтатылады. "Қазірге дейін "Баспана Хит" бағдарламасы бойынша 493 млрд теңге жұмсалған. Соның көмегімен 54 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Екінші деңгейлі банктердің болжамы бойынша, осы сома осы жылдың соңына дейін игеріледі", - делінген хабарламада. Қордың хабарлауынша, қазіргі уақытта банктер осы бағдарламаға ұқсас несие беру шарттарын әзірлеп, ұсынуға дайын. "Демек енді мемлекет тарапынан ипотека нарығының осы сегментін одан әрі ынталандырудың қажеті жоқ. Бұл жағдай бағдарламаны жоспарлы түрде аяқтауға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада. «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ - ҚР Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы, «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық тұрғын үй бағдарламаларының операторы. Айта кетейік, бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымова мемлекеттің 2021–2022 жылдары «Баспана Хит» және «7-20-25» тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыруды тоқтатуы мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, қаржыландыруды тоқтатуға бірден бір себеп - дағдарыстың экономикаға тигізген кесірі.