«Nur Otan» бағдарламасы қарқынды орындалады

«Nur Otan» бағдарламасы қарқынды орындалады

Биылғы бюджет қайта нақтыланды. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың тө­раға­лығымен өткен палата отырысында «2021-2023 жылдарға арналған рес­пуб­ликалық бюджет туралы» заңына түзету енгізетін заң қабылданды. Сонымен қатар сайлау туралы заңдар да қабылданды. Енді аудандық маңызды қалалардың, ауылдар мен кенттердің әкімдері тікелей сайланады. Сайлауға жасы 25-ке толған азамат қатыса алады.

Үкіметтің мәлімдеуінше, 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Мәжіліс сайлауында қа­зақстандықтардың басым бөлігі қолдаған «Nur Otan» партия­сының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2025 жылға дейінгі сайлау ал­дындағы бағдарламасын іске асыру үшін қаржы қарас­ты­рылды. Бюджетті қайта қарау ме­дицина және ішкі істер ор­гандары қызметкерлерінің жала­қысын көбейтуге, студенттердің стипендиясы мен талапкерлерге арналған білім гранттары санын арттыруға мүмкіндік береді. Түзетулер коронавирус індетімен күресті күшейтіп, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін іске асырады. Инфрақұрылымдық жо­балардың іске асырылуына да ық­пал етпек: 3 500-ден астам ауылды жаңғырту, жолдар салу және жөндеу, халықты таза ауыз­сумен қамтамасыз ету сияқ­ты бірқатар ауқымды жұмыс ат­қарылады. – «Ауыл – ел бесігі» жобасына бөлінген қаражат көбейтіліп, 106 миллиард теңгеге жетті. Соның есебінен мыңдаған жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. 1 мыңнан астам әлеуметтік және инже­нер­лік инфрақұрылым нысанын салу және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыспен қамтудың Жол картасын қосымша қар­жыландыру арқылы 127 инфра­құрылымдық жоба іске асыры­лады. Сондай-ақ 5 мыңнан астам бизнес-жобаға несие беріліп, нәтижесінде 15 мыңға жуық жұ­мыс орны ашылады. Нақты­ланған бюджет еліміздің эконо­микалық дамуына және халық­тың әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев. Ол қаражаттың тиімді жұ­мсалуын қамтамасыз ету аса маңызды екенін атап өтті. Бар­лық бюджеттік шығын нақты нәтиже беруі керегіне назар ау­дарып, бюджеттің әр тиынына дейін орнымен жұмсалуы тиіс екенін айтты. Бюджет тапшы­лығын қысқарту да маңызды міндет болып қала береді. Бюд­жеттің елеулі бөлігі Ұлттық қор­дан алынады. «Ұлттық қорға сүйене бер­мей, бюджет шығындары қандай кірістердің есебінен өтелетінін нақты білуіміз керек. 2022 жылы Ұлттық қордан 550 миллиард тең­ге көлемінде мақсатты тран­с­ферт қарастырылуда. Соны ескерсек, келесі жылы да салық түсімдерін бюджеттік міндет­те­мелерді орындауға жеткілікті деңгейге жеткізу жоспарланып отыр­мағанын байқаймыз. Әлеу­меттік бастамаларды іске асыру үшін біз тағы Ұлттық қордағы қаражатты пайдалануға мәж­бүрміз. Оның бәрі тұрақты си­патқа ие шығындар. Ендеше ол Ұлттық қор есебінен қаржы­лан­дырылмауы керек», – деді се­натор О.Перепечина. Сенаторлар алдағы уақытта жауапты мемлекеттік органдар экономиканы әртараптандыру мәселесіне баса мән беріп, пан­демия салдарын азайтуға және бөлінген қаражатты, Ұлт­тық қор трансфертін тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлу қажетін тілге тиек етті. Бюджетке түзетулер Мемлекет басшысының тап­сырмаларын іске асыруды қар­жыландыру аясында енгізілді.  

Елдос СЕНБАЙ