Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеге сапары барысында қаладағы Исмоил Сомонидің ескерткішіне гүл шоғын қойып, Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен және Премьер-Министрі Кохир Расулзодамен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға ресми сапары аясында тәжік мемлекетінің негізін қалаған Исмоил Сомонидің «Ұлттық келісім және Тәжікстанның қайта өрлеуі» мемориалды кешенінде орналасқан ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Іс-шарадан кейін «Навруз» сарайында Қазақстан Президентінің құрметіне Тәжікстан Президентінің атынан ресми қабылдау өтті. Ал Махмадтоир Зокирзодамен кездесу барысында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Махмадтоир Зокирзодаға Тәжікстан Президентімен келіссөздердің табысты әрі жемісті өткенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, Тәжікстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде, заң шығару саласы бойынша бірлесіп жұмыс істеу – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі. Өз кезегінде Тәжікстан Парламенті төменгі палатасының төрағасы Мемлекет басшысына кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ екіжақты парламентаралық байланыстардың тиімділігі мен даму деңгейінің жоғары екенін жеткізді. Тәжікстанның Премьер-Министрі Кохир Расулзодамен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тарапы ықпалдастықтың барлық бағыты бойынша конструктивті және нақты жұмыстар жүргізетінін жеткізді. Кохир Расулзода Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары екі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында өтіп жатқанын және оның символдық мәні бар екенін айтты. Кездесу барысында Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері арасында жасалған бүгінгі уағдаластықтардың орындалуына, атап айтқанда, сауда-экономикалық әлеуетті және инвестиция көлемін одан әрі арттыруға баса мән берілді.