Ынтымақтастықтың жаңа деңгейі
Ынтымақтастықтың жаңа деңгейі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға ресми сапармен барып, Душанбеде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен екіжақты келіссөз жүргізді. Алдымен  шағын, содан соң кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін екі ел президенті бірлескен мәлімдеме жасап, журналистерге арналған брифинг  өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жоғары деңгейдегі мемлекет­аралық келіссөз басталмас бұрын Қазақстан Президентін салтанат­ты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Салтанатты рәсімнен кейін шағын құрамда кездесу басталды. Та­раптар қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігінің кең ауқымды мәсе­лелерін қарастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға тәжік жеріне келгеннен бастап өзіне және қа­зақстандық делегацияға көрсеткен қонақжайлылығы мен құрметі үшін шынайы ризашылығын біл­дірді.
– Былтыр пандемияға қара­мас­тан, өзара сауда-саттық көлемі 800 миллион долларға жетті. Бұл сауда-экономикалық саладағы әлеуетіміздің әлі де мол екенін көр­сетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа Тә­­­­жік­станға ресми сапармен кел­гені үшін шынайы ілтипатын білдірді.
– Тәжік-қазақ қатынастары бүгінде ынтымақтастықтың бар­лық саласы бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстан – Тә­жікстанның жетекші сауда-эко­номикалық серіктестерінің ішінде екінші орында. Рухани, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ықпалдастық ны­ғайып келеді, – деді Тәжікстан Президенті.
Ал кеңейтілген құрамда екі­жақты келіссөзде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-эко­номикалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде, өзара тауар айналымын ұлғайту, инвестиция тарту, өнеркәсіп кооперациясын арттыру, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне баса мән берілді. Сондай-ақ су-энергетика, әскери-техникалық және мәдени-гу­манитарлық салалардағы ықпал­дастық жағдайы талқыланды. Мемлекет басшысы екі ел арасында 80-нен астам шарт пен келісімдерден тұратын маңызды шарттық-құқықтық база бар екенін, оның ішінде, 2015 жылы қол қойылған Стратегиялық әріп­тестік туралы шартты ерекше атап өтті. Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжік-қазақ байланыстарының өзара тиімді дамуына қосқан зор үлесін жоғары бағалады. Тәжікстан Президенті саяси-дипломатиялық, сауда-эконо­микалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық, сон­дай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы екіжақты ық­палдастықтың дәйекті дамуына көңілі толатынын айтты. Сонымен қатар Мемлекет бас­шыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері бір­қатар құжаттарға қол қойды. Ал БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен брифингте Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжік­станның Қазақстан үшін өңірдегі маңызды серіктес мемлекет қана емес, тілектес әрі бауырлас ел еке­нін атап өтті. Мемлекет басшысы өнеркәсіп кооперациясы мен инвестициялық ынтымақтастық­ты дамытудың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, Қа­зақстан компаниялары Тәжікстан­да автомобиль және автобус шы­ғаратын, трансформатор зауытын салатын бірлескен кәсіпорын ашуға дайын. Сонымен қатар қа­зақстандық кәсіпкерлер теміржол құрал-жабдықтарын, тепловоздар мен вагондарды, тікұшақтарды, «Рогун ЖЭС-і» құрылысы мен басқа да нысандарға металл өнім­дерін жеткізу ісін ұлғайтуға мүд­делі. Президент өзара сауда-саттықтың ұлғаюы ауыл шаруа­шылығы саласындағы ынтымақ­тастықты нығайтуға тың серпін беретініне тоқталды.
– Қазақстан өзара тиімді шарт­тар бойынша бидай, ұн, ет және сүт өнімдерін жеткізуді арт­тыруға ниетті. Өз кезегінде, Тәжікстанның Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдерін экспорттау мүмкіндігі зор. Фермерлерімізді қолдау, қажетсіз аралық кедер­гілерді азайту үшін Тәжікстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Қазақстан нарығына жеткізуді қам­тамасыз ету жөніндегі бірлес­кен көтерме басқару орталықтарын құру идеясын қолдадық, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Тәжік­стан Президентін өзіне ыңғайлы уақытта мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын айтты. Мемлекет басшысы тәжік тара­пының 2025 жылды Халық­аралық мұздықтарды сақтау жылы деп жариялау туралы бас­тамасын қолдайтынын жеткізді.