Азат елдің белгісі – өмірге құштарлық
Азат елдің белгісі – өмірге құштарлық

Қазақстан азаттық алмай тұрып қазақстандықтар ұзақ жасамайтын. Мұны ресми статистика растайды. «Кеңестік Қазақстан – гүлденген, өрлеген, коммунизмге бет алған республика» деп қанша дәріптегенімен, 1980 жылы елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы небәрі 65 жасты ғана құрапты. Содан кейін де көп өспеген. Халқымыздың өмір сүру көрсеткіші тек тәуелсіздігіміз толыққанды қалыптасқан соң нақты жақсарды. Бұл  азат­тықтың адам ағзасына тигізетін бір пайдасы болса керек.

Көсегең көгерсін, жасың өссін!

Америкалық экономист, заманауи «еңбек экономикасының» негізін қалаушы Джекоб Минсер адами капитал деген терминді алғаш 1958 жылы, «Адами капиталға инвестиция салу және табысты дербес бөлу» атты мақаласында қолданды. Кейін 1961 жылғы жарияланымында америкалық экономист Теодор Шульц, ал 1964 жылы Гэри Беккер бұл ұғымды жан-жақты ашып, түсіндіруге талпынды. Кейін осы екеуі адами капитал теориясының негізін қалағаны үшін Нобель сыйлығын алды. Кеңес Одағында бұл термин кең айналымға жіберілмеді. Өйткені бұл теория бірінші орынға адамды қоятын. Ал КСРО-да бірінші орында компартия, мемлекет және оның нұсқаулары тұрғаны мәлім. Сөйтіп, адами капиталды дамытуға басымдық берілмеді, бұл «іріп-шіріген» батыстың идеология­сы саналды. Салдарынан Қазақстанда туғаннан кейінгі орташа өмір сүру ұзақтығы 1980 жылы – 65 жасты, 1985 жылы – 66,9 жасты, 1990 жылы 66,7 жасты ғана құраған. Бірден айта кетелік, өткен ғасырдың соңында КСРО күйрегеннен кейін басталған экономикалық дағдарыс елге үлкен соққы болды. Соның кесірінен бұл көрсеткіш 1995 жылы – 63,9, 2000 жылы 63,6 жас­қа дейін құлдыраған. Содан бері тұрақты түрде өсіп келеді. Нақтылай кетсек, 2005 жылы – 64,8 жас, 2010 жылы – 68,45 жас, ал 2015 жылы 69,4 жас межесіне жетті. Қазір ше? Бүгінде еліміз дамыған елдердің асуын алуға ден қойды. Елбасы «Қазақстан–2050» ұзақмерзімді стратегиясында әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кірудің стратегиялық мақсатын айқындады: бұл құжат қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығын әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің орта деңгейі­не жеткізуді көздейді. «Күтілетін өмір сүру ұзақтығының (КӨСҰ) көрсеткіші – халықтың өмір сүру сапасы мен денсаулығының жалпы танылған көрсеткіші, индикаторы. Жалпы, соңғы 10 жыл ішінде халықтың КӨСҰ айтарлықтай өсті. Оның деңгейі 2010 жылғы 68,45-тен 2019 жылы 73,18 жасқа дейін ұлғайды. Денсаулық сақтау жүйе­сін жетілдіру және халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру нәтижесінде соңғы 10 жылда КӨСҰ деңгейі бойынша ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдер мен Қазақстан арасындағы алшақтық едәуір қысқарды: 2010 жылғы 10,7 жылдық айырмашылық 2019 жылы 6,9 жылға дейін азайды» деп хабарлады Денсаулық сақтау министрі. 2020 жыл қорытындысында КӨСҰ межесі 71 жастан асты. Айтқандай, «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасында» бұдан да биік белестерді бағындыру көзделіп отыр. Тарата айтсақ, биыл қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 71,77 жасқа жетуі керек. Келесі 2022 жылы бұл көрсеткіш – 72,17 жасты, 2023 жылы – 72,57 жасты, 2024 жылы – 72,97 жасты, ал 2025 жылы 73,37 жасты құрауы тиіс.

Адами капиталың ысырап болмасын

Тәуелсіздік алғалы Қазақстанның «адами капитал индексі» (Human Development Index) тұрақты өсіп келеді. Республикамыздың осы индексі алғаш 1990 жылы бағаланды: 0,650 балға теңелді. Кейін, 1995 жылы 0,620-ға, 2000 жылы 0,614-ке төмендеген. Дегенмен 2005 жылы – 0,696-ға, 2010 жылы – 0,714-ке, 2015 жылы 0,788-ге дейін өсті. Әділдік үшін айта кетелік, төрткүл дүн­иеде осы рейтингте 1 бал алған бірде-бір ел жоқ. Мысалы, №1 орындағы Норвегияның көрсеткіші – 0,957, Ирландия мен Швейцарияда – 0,955. БҰҰ-ның 2020 жылы жариялаған баянжазбасына сәйкес, Қазақстанның HDI индексі қазір 0,825-ті құрайды. Бұл алдыңғы жылдағыдан 0,008-ге жоғары. Осылайша, Қазақ елі HDI рейтингінде 51-орынға тұрақтады. Рас, егер Ирландия мен Швейцарияның – өзара 2-орынды, Гонконг пен Исландия – 4-орынды, Аустралия мен Нидерланд – 8-орынды және басқа да көрсеткіштері ұқсас елдер бір орынды бөлісетінін ескерсек, Қазақстан 41-орынға көтеріледі екен. Жаһандық өркениет постиндустриалдық кезеңге көшкен қазіргі дәуірде адами капитал мемлекеттің әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін негізгі фактор ретінде ерекше мәнге ие. Бұл фактордың экономика мен қоғамдағы рөлі түбегейлі өзгерді. Елдің болашағын да, экономикалық өрлеуін де, рухани жаңғыруын да сол айқындайды. Осы себепті адами капитал – Қазақстанның ішкі саясатының бір ұстыны саналады. – Адами капитал – орнықты экономикалық дамудың негізі және инновацияның бас­ты қозғаушы күші екенін біз нақты түсінеміз. Тәуелсіз мемлекетіміздің саясаты да осы ұстанымға құрылған, – деді Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың саясатында да адами капиталды дамыту – басымдықты міндет. Сол арқылы еліміз алдыңғы қатарлы елдер қатарынан орын тауып, жаһандық бәсекеде табысты бола алады. Бұл ретте өмір сүру ұзақтығын арттыруға бағытталған шаралар дәл осы адам әлеуетін дамыту тұрғысынан қарастырылып жатыр.

Келесі асу көріністері

Қазақстанда 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасын іске асыру аяқталды. Оның аясында қабылданған шаралар негізгі медициналық-демография­лық көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік берді. ДСМ «Денсаулық» бағдарламасының басты жетістіктері қатарында республикада өмір сүру ұзақтығының ұлғаюын; халықтың жалпы өлім көрсеткіштерінің 0,9%-ға төмендеуін; ана өлімінің 11%-ға, нәресте өлімінің 12%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлімнің 8,8%-ға, сондай-ақ жаза­тайым оқиғалардан, жарақаттардан және уланудан болатын өлімнің 13%-ға азаюын атады. Былтыр Қазақстан денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталды. Ресми мәлімет бойынша, тәуелсіздік жылдарында жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, қатерлі ісік, созылмалы респираторлық аурулар секілді негізгі «инфекция­лық емес аурулардан» мезгілсіз өлім-жітімнің кемігені байқалады. Оның көрсеткіші 2010 жылғы 30,5%-дан 2019 жылы 17,4%-ға дейін қысқарды. Алайда Қазақстанда негізгі инфекциялық емес аурулардан мезгілсіз өлім көрсеткіші еңбекке қабілетті жастағы ерлер арасында жоғары деңгейде қалды: бұл көрсеткіш 24,2%-ды құрады. Яғни, әрбір төртінші ер адам 70 жасқа дейін өлу қаупіне ұшырайды. Сарапшылардың байламынша, елімізде инфекциялық емес аурулардың кең таралуына жоғары қан қысымы, темекі, алкоголь, қандағы холестериннің жоғары мөлшері, дененің артық салмағы, көкөністер мен жеміс­терді жеткіліксіз тұтыну себеп. Егер осы кесірлермен тегеурінді күрес жүрсе, ерлердің өмір сүру ұзақтығы да артпақ. Ер не әйел болсын, өз ғұмырында талай тәуе­кел мен сын-қатерге кезігеді. ДСМ мәлі­метінше, Қазақстанда 20-64 жас аралығындағы азаматтардың ерте өлімінің негізгі себептері кейінгі он жылда – 2010-2020 жылдар кезеңінде біршама төмендетілді. Мәселен, жүректің ишемиялық ауруы – 39,8%-ға, суицид – 31,7%-ға, туберкулез– 78,5%-ға, кісі өлтіру – 50,8%-ға, тыныс алу мүшелерінің және кеуде қуысының қатерлі ісіктері 21,3%-ға азайды. Бірақ жүйке жүйесінің дерттері керісінше, 327,2%-ға, қант диабеті – 155,4%-ға, төменгі тыныс жолдарының созылмалы аурулары – 78,8%-ға, бауыр аурулары 9%-ға өсіп кеткен. Сонымен қатар вирусты гепатит, цирроз секілді бауыр аурулары салдарынан ерте көз жұму деректері артты. Жыл сайын қаншама мың қазақстандық жол-көлік оқиғаларында, өндірістік апаттарда, жазатайым оқиғаларда қаза табады. Демек, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы көрсеткішін жақсарту үшін мемлекетке әр саланы қамтитын жан-жақты іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға тура келмек. Би-би-сидің хабарлауынша, Африкадағы 18 елде әлемдегі ең аз өмір сүру ұзақтығы тіркелген. Мысалы, азаматтық соғысты бастан өткерген Лесото мен орталықафрикалық рес­публикада адамдар орта есеппен 50 жасқа дейін ғана өмір сүреді. Азия құрлығында Ауғанстанда орташа өмір сүру ұзақтығы небәрі 58 жасты құрайды. Ал Қазақстан бұл салада тек дамыған елдерге қарап, бой түзегені жөн. Мысалы, Жапонияда КӨСҰ 84,4 жасты құрайды. Бұл жерде ескерер тағы бір жайт бар: қазір өркені өскен қоғамдар жай ғана ұзақ өмір сүруге емес, бірінші кезекте «ғанибетті қарттыққа» ұмтылады. Яғни, қариялардың өзге адамдар көмегіне тәуелді болмай, толыққанды өмір сүруіне, спортпен, сүйікті ісімен айналысуына барынша жағдай жасау маңызды. Ендеше азаттығының 30 жылдық асуына шы­ғып отырған Қазақстан келесі онжылдық­тарда осыған баса мән бергені абзал.

АйханАйхан ШӘРІП