«Жалдамалы жазушының» ақысы қанша?
«Жалдамалы жазушының» ақысы қанша?
282
оқылды

Әдебиетте  «литературный раб» деген ұғым бар. Оған уикипедияда: «Әдеби жалдаугер» – әдебиетте басқаға, яғни белгілі адамға тапсырыс бойынша мәтін (кітап, мақала, өмірбаян және т.б.) жазатын жазушы» деген түсінік береді. Ең қызығы, бұл қызметті атқаратын­дардың есімі кітапта көрсетілмейді. Сол үшін олардың көбі «көлеңкеде» қалып қояды. Қазір нарық заманында бұл қызметтің дәурені жүріп тұр­ған секілді. Қазақ әдебиетінде де мұн­дай «жалдаугерлер» көп  кездеседі. Олар мұны «тапсырыс орындау» деп қабылдайды, әрі «күнкөрістің қамы» деп санайды.

Кезінде әлемге әйгілі жазушылар да осындай «тапсырыс орындаушыларды» пайдаланған. Мәселен, Александр Дюма өз романдарын жазу кезінде драматург-романист Огюст Макетпен бірге жұмыс істеген. Кейін ол тең авторлықты тану туралы Дюманы сотқа берген. Бұл туралы француздар «Басқа Дюма» деген фильм түсірді. Орыс әдебиетінде «литературный раб» дегендерді кәсіби маман қатарына қосады. Бұл бір жағынан әдеби редактордың да атқаратын қызметі болса керек. Баспалар­дың көбі әдеби редактордың қызметіне жүгінеді. Әдеби редактор өңдейді, керек жерін түзейді, артық жерін күзейді. Бірақ біз оны «әдеби жалдаугер» деп айта аламыз ба?

Тапсырыс орындау – күнкөрістің қамы

Белгілі ғалым, профессор Айгүл Ісмақова «тапсырыспен кітап жазатындарға кінә артуға болмайды» дейді. Ғалымның айтуынша, бұл – заман талабы. «Бірін­шіден, бұл шығармашылық адамының уақытын ұрлайды. Екіншіден, ол оның шығармашылығына кері әсерін тигізеді. Мәселен, бір жазушы бір адамның өмірбаянын, не болмаса кітабын дайындап беретін болса, бүкіл энергиясын соған жұмсайды. Кейін ол өз шығармасын сондай жоғары деңгейде жаза алмай қалуы мүмкін. Өзіне жазамын деген шығармасын біреуге беріп қойды.  Кері әсерін тигізеді дегенім – сондықтан. Ал тапсырыспен жазу мәселесіне келгенде, таңғалудың қажеті жоқ. Жазушы не ақын ғана емес, ғалымдар да «тапсырыс» орындайды. Небір мықты ғалымдар біреулердің атынан Skopus-ке мақала жазып жүр. Бұл да амал жоқтықтан. Әйтпесе, қаражаты жетіп тұрса, мұндай амалға бармас еді.  Мұны  бір жағынан жансақтау деп айтар едім. Бұрынғыдай қаламақы өте жоғары емес. Бір жағынан көбінің тұрақты жұмысы да жоқ. Шығармашылық адамының жазудан басқа қолынан не келеді? Ары кетсе, таксист болып, шай-пұлын табатын шы­ғар. Жазушылығы бар, оны тастай алмай­ды. Құр жазу жазып, жансақтау мүмкін емес. Содан кейін амалсыз «тапсырысқа» жүгінеді.  Мәжбүрлік. Әсіресе, мұндай үрдіс жастардың арасында көбірек байқалады. Оларды  түсінуге болады. Баспанасы жоқ, кішкентай баласы бар. Оларды да бағып-қағу керек. Мүмкін кейін өзінің шығармашылығына оралатын шығар.  Бұл біздің елдегі жазушылардың ғана басындағы жағдай емес.  Шетелдіктер де осындай «мәжбүрлікке» барады. Ақылы негізде шығарма жазып беретіндер көп. Кейбіреулер «коллективтік жұмыстар» орындайды», – дейді. Әрине, мұның кемшін жақтары да бар. Жазушы  «тапсырыс» орындауды ғана мақ­сат тұтып, өз шығармашылығын ұмытып кетуі мүмкін. Әдебиеттегі «халтура» осыдан басталатын секілді. Белгілі ақын Бақыт Беделхан да «тапсырыспен жазатындарды» кінәлауға болмайды деп отыр.  «Мұндай қызмет бар. Біреуге өлең, біреуге кітап жазып береді. Бірақ мұны көбі «жасыр­ғысы» келеді. Ешкім «мен мынадай шығар­ма, не өлең жаздым» деп айта алмайды. Өйткені оның көбі тапсырыспен орын­далады. Мұны қазір көпшілігі күнкөріске айналдырып алған. Нақты мынау тапсы­рыспен жазады деп айта алмаймын. Тіпті, менің өзіме де ұсыныс тастайтындар көп. «Бүкіл энергиямды жұмсап, ақша таппай-ақ қойдым» деп айтамын. Ақын не жазушы болып кетейін демейді, біреулер отбасылық кітап шығарғысы келеді. «Тарихым тасқа басылып қалсын» деген ой болуы керек. Кейбіреулер отбасының шежіресін жазғысы келеді. Ондай тапсырыстар болса, көп ақын-жазушылар жазып беруге келіседі», – дейді.

«Өлеңшілер» жоқ емес, бар

Жарайды, бұл отбасылық кітап болсын делік. Біреудің атынан роман не поэма жазу мүмкін бе? Бұл сауалымызға: «Роман жазу – қиын. Олай біреудің атынан роман жазыпты деген сөзге сенбес едім. Логи­ка­лық тұрғыдан да бұл қисынға келмейді. Ал жеңіл поэма жазып жүрген «тақпақшылар» бар шығар. 10-15 беттік толғау жазып, поэма деп жүргендер де жетерлік. Таза өлеңге, шығармашылыққа адал адамдар мұндай «халтураға» барады дегенге сенбеймін. Ал «өлеңшілер» бар», – дей­ді ақын. Әдеби жалдамалы қызметкерлер дегенде тағы бір мәселе туындайды. Ол – қаламақы. Бұрын қаламақысы қомақты болғандықтан, шығармашылық адамы «тапсырысқа» көп бет бұра қойған жоқ. Қазір бәрі күнкөрістің қамы үшін осындай қадамға барады. «Жазушылар одағы мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптың жүйесін жасап келе жатыр. Мемлекеттік тапсырыс бойынша шығатын кітаптың авторлық құқығы бес жылға дейін министрлікте болады. Ол кітапты бес жылға дейін автор пайдалана алмайды. Қаламақасы  баспа табағына 200 мыңнан көп. 20 баспа табақ болса, 2 млн-дай ақша алады. Көп авторлар бес жылға дейін кітап шығара алмайды екенбіз деп ойлайды да, жеңіл-желпі жазылған дүниелерін жинақтай бастайды. Сөйтіп, соны тапсырыспен шығаруға тырысады. Осылай «халтураға» барып,  ақша тауып жатқандар да бар. Бұл мәселе де жүйеге келуі керек деп ойлаймын», – дейді ақын Бақыт Беделхан. Әдеби редактор дегеннен шығады. Бұл қызмет «әдеби құлдың» рөлін атқара ала ма? «Кезінде мықты деген жазушылардың да шығармаларын әдеби редакторлар өңдеп, түзеп жатты. Кеңес Одағы кезінде көркем дүниелердің көбі осындай әдеби редакторлардың қолынан өтті. Бір кітапқа жарты жылын арнаған ақын-жазушылар бар. Кітаптың соңына  олардың есімі жазылып қоятын. Қазір олай емес. Тап­сырыстың көбі келісім арқылы жүзеге асырылады. Әрқайсысының өз бағасы бола­ды. Бір кітапты біреулер 1 000 долларға жазып берсе, енді біреулер 5 мың долларға бағалауы мүмкін. Осылай «келісім» арқылы жұмыс істейтін қызметкерлер бар. Олардың бәрін көркем туынды деп айтуға болмайды. Біреуі мақала, біреуі очерк, біреуі отбасылық жинақ болуы мүмкін. Оның өзінде бұған қаламгерлер жан бағу үшін барады. Мұны «кәсіпке» айналдырып алғандар бар. Мұның еш айыбы жоқ», – дейді ақын Болат Үсенбаев. Әдебиетке арындап келген жастар да «тапсырыстан» айналып өтпейді. Олар да жан бағу керек. Жас ақын Еділбек Дүйсеннің бұған көзқарасы мүлдем басқа.  «Әдеби ортада да, сыни мақалалар мен әртүрлі талқыларда «әдеби құл» деген сөздер жиі болмаса да, айтылып қалып жатады. Өз басым бұл тіркестерді мүлдем түсінбеймін. Оларды «құл» деп айтатындай, ешкім әдеби жұмысқа зорлап жегіп жатқан жоқ. Оның үстіне белгілі бір деңгейде алатын қаламақылары бар. Кез келген уақытта бұл жұмыстан бас тартуына бола­ды деп ойлаймын. Сондықтан алдымен осы тілдік қолданыстың мерзімі өтіп кет­кенін айтқым келеді. Ал олардың «әдеби құл» болуына материалдық жағдайдың нашарлығы себеп болатыны түсінікті. Әлбетте, өзге де себептер бар...Қазақ әде­биетінде дәл қазір айта қаларлықтай көлемде мұндай адамдар өмір сүріп жатыр деп ойламаймын. Өйткені бізде мұның орнын плагиат басқалы қашан. Оның үстіне мұндай дүниелерді әдебиет деп есептеу орынсыз. «Жалдама­лылардың» қолынан шыққан дүниелерден оқырман бәрібір фальшты сезінеді деп есептеймін. Ал шоу бизнес өкілдері мен қаптаған мотиваторлардың, психолог «...ханым­дардың» бірінен соң бірі кітап шығаруына осы «жалдамалылардың» ең­бегі сіңді ғой деймін...» деген ойын жет­кізді.  

Айым БЕКТҰР