Алғашқы PhD бағдарлама
Алғашқы PhD бағдарлама
137
оқылды

Биыл жиырма бес жылдық меретойын тойлағалы отырған Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 2000 жылы қазан айында сол кездегі ректор Мырзатай Жолдасбековтің шақыруымен келіп, «Алгебра және гео­метрия» кафедрасына меңгеруші болып жұмысқа ор­наластым. 2001 жылы ғылыми бағытыма сәйкес, «Қол­дан­балы және есептеу математикасы»  кафедрасын ашып, сонда 2009 жылдың көктеміне дейін кафедра меңгерушісі, 2009-2018 жылдары «Іргелі математика» кафедрасының про­фессоры болып қызмет еттім.

2018 жылдың күзінен бастап Еуразия математикалық ин­сти­тутының директоры қызметін ат­қарып келемін. Елорданың ал­ғашқы қабырғасы осы уни­вер­ситеттің ғимаратынан бас­та­лады деген сөз тегін емес. Біз келген жылдары жаңа үлгідегі бас ғи­мараттың сән-салтанаты көздің жауын алатын. Сол ғимаратқа бүкіл түркі жұртының көне тарихы «Күл­тегін» ескерткішінің көшір­месін әкеліп орнатты. Оған Пре­зиденттен бастап елдің жақсы-жайсаңы түгел қатысты. Ол кездің қиындығы да, қызығы да болды. Астана көше­леріне асфальт са­лынбаған, жаң­быр жауса, жер балшық, әсіресе көктем кезінде университет ғи­мараттарының алдында аяқкиім жуатын суға толы астау тұратын. Бір кездері ғи­мараттың ішіне киетін қосымша аяқкиім мін­деттеліп, анда-санда ұмыт­шақ­тығымнан ішке киетін аяқ­киі­міммен балшыққа батып, үйге жеткен кездерім де болды. Қазір ол қиыншылықтан да өттік. Ол күндер бір ертегі сияқты. Уни­верситеттің ғимараты жаңа за­манның тех­нологиясымен жасақ­талды. Ал­ғашқы жылдары мате­матика са­ласынан мамандар өте тапшы болып, 2001 жылы ашылған ка­федраның жұмысын бар бол­ғаны бес оқытушымен атқарып жүрдік. Мен университетке Ғылым академиясы жүйесінен келген едім. Ол жақта ғылыми-зерттеумен айналысасың. Университет көп бағытты болғандықтан, маған алғашында психологиялық тұр­ғыдан қиындау болды. Сөйтіп жүргенде, 2005 жылы экс­пе­ри­менттік түрде шетелдік профес­сорлармен бірігіп PhD докто­ранттар дайындау бағдарламасы бойынша универ­ситетке қаржы бөлінді. Бұл мәселе бойынша 2004 жылы Швецияның профессоры Ларс-Ерик Перссонмен (Lars-Erik Persson) Чехияның астанасы Прагада кездесіп, 2002 жылы кан­дидаттық қорғаған шәкіртім Ай­герім Қалыбайға Швецияда PhD диссертациясын қорғау үшін орындайтын тапсырмалар берген екен. Соның нәтижесінде 2006 жылы Швецияның Лулео техно­логиялық университетімен Еура­зия ұлттық университетінің ара­сында PhD докторанттар дайындау жөнінде келісімшарт жасалды. Бұл келісімшарт бойынша ЕҰУ-дің PhD докторанттары Швецияның Лулео технологиялық уни­вер­си­тетінде өздерінің PhD дис­сер­тациясын қорғай алады. Мұн­ай келісімшарт математика саласы бойынша бүкіл Қазақстанда тек Еуразия университетінде жасалды. Осы келісімшарттың негізінде 2006 жылы А. Қалыбай PhD диссер­тациясын Швецияның Лулео тех­нологиялық универ­ситетінде қор­ғап, Швецияның PhD докторы деген ғылыми дәрежесін алды. Ол бұл бағдарламаның бірінші түлегі еді. Ары қарай 2007 жылы Ита­лия­ның Падова универ­ситетімен бірігіп, PhD докторанттар дайын­дау бойынша қос дипломдық ке­лісімшартқа қол жеткіздім. Бұл келісім бойынша Еуразия ұлттық университетінің PhD докто­рант­тары Падова университетінде алты ай тағылымдамадан өтуі керек. Осы келісімшарттардың арқасында ЕҰУ-дің тоғыз PhD докторанты Швецияның Лулео технологиялық университетінде, бес докторанты Италияның Падова униве­рси­тетінде диссертацияларын қорғап шықты. 2000-жылдан бері қарай ЕҰУ-дің қабырғасында сегіз ғылыми жобаға ғылыми жетекші болдым. 2009 жылы университет ректоры Бақыт­жан Әбдірайым халықаралық жоға­ры рейтингі бар журналда мақа­ла­­сын жариялаған оқыту­шыларға ақ­шалай сыйлық беремін деп ұсы­ныс жасады. Бұл ұсыныс Қазақ­станның барлық уни­вер­ситетіне тарап, ЕҰУ-мен қатар Қазақстан ғылымының дамуына үлкен серпі­ліс болды. Жал­пы, Еур­азия ұлттық универси­тетінің қабыр­ғасында 80-нен астам ғы­лыми мақала жария­лаппын. Профессор Виктор Инванович Буренковпен бірігіп 2003 жылдан бастап университетте ағылшын тілінде халықаралық стандартпен математикалық журнал шығару мәселесін көтердім. Бұл мәселені 2008 жылы университет ректоры Бақытжан Әбдірайым қолдап, 2010 жылдан бастап ЕҰУ-де Eurasian mathematical journal шыға бастады. Биыл 2021 жылы ол журналдың 12 томы жарық көріп отыр.  

Рысқұл ОЙНАРОВ, ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор