Қарағанды облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында тойланатын мерейтой мен арнайы күндер аясы кең. Мұның барлығы ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға қосылған үлес. Ал қандай қиын кезеңде де шынайылығы мен көркемдігін жоғалтпайтын мәдениет және өнер қызметкерлерінің еңбегі қандай құрметке болсын лайық.
Төл мереке қарсаңында мәдениет саласының шырақшысы болып жүрген қарағандылық өнерпаздар екі бірдей қуаныштың куәгері болды. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің бастамасымен ұзақ уақыт ішінде алғаш рет 30 мәдениет және өнер қызметкері жеке баспанаға ие болды. Сонымен қатар облыс әкімінің дәстүрлі жыл сайынғы сыйлығы иелерін тапты.
Салтанатты жиындағы құттықтау сөзінде:
– Қай заманда да мәдениет – ел іргесі. Біздің өңір өзінің мәдениет саласындағы құнды әлеуетімен қашанда ерекшеленген. Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемияға қарамастан, сіздер xалқымыздың руxын мүмкіндігінше қолдап бақтыңыздар. Осы жұмыстардың арқасында біз жылды оң нәтижелермен қорытындыладық, – деді Жеңіс Махмұдұлы.
Қарағанды қаласының іргесінде орын тепкен Саран қаласы мен Ақтас кентінде қаланың театр-концерттік ұйымдарының 30 қызметкері баспаналы болса, келесі жылы Бұқар жырау ауданының Доскей кентінде тағы 40 пәтер беріледі.
Жеңіс Махмұдұлының айтуынша, бұл үрдіс жалғасын тауып, кейінгі жылдары мәдениет қызметкерлері үшін қала маңынан ғана емес, Қарағандының жаңа орталығынан да 150-200 пәтер бөлу жоспарда.
Өнер саласына 17 жылын арнаған Сәкен Сейфуллин атындағы театрдың әртісі Динара Айғазинова Ақтас кентінде екі бөлмелі пәтер кілтін алды.
– Мереке қарсаңында күтпеген тосынсый болды. Жұбайым Жандос Абаев та осы С.Сейфуллин театрында жұмыс істейді. Бұған дейін пәтер жалдап тұрған едік. Енді баспаналы болып, қуанып жатырмыз, – дейді Динара Зейноллақызы.
Сонымен, мәдениет және өнер қайраткерлері арасында облыс әкімінің 2021 жылғы сыйлығы лауреаттарының есімдері белгілі болып, байқау қорытындыланды.
Облыстың мәдениеті мен өнерінің сақталуы мен даму ісіне маңызды жеке үлес қосқан қызметкерлер 21 аталым бойынша марапатталды.
«Ауыл мәдениетінің үздік қызметкері» аталымында Қарқаралы ауданы Көктас ауылы мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Амантай Сағидолла үздік деп танылса, «Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы» аталымы Кеншілер мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Саят Әбдіғали мен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің концерт бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Рахметоваға бұйырды.
Нұра ауданы Шахтер ауылы мәдениет үйінің үрмелі оркестр жетекшісі Ахан Махаметчин «Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі» атанды. Теміртау балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Владимир Хомутов пен К.Станиславский театрының жетекші әртісі Галина Турчина «Жыл әртісі» аталымын иеленді.
«Жылдың үздік эпизодтық рөлі» аталымына С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі Ахай Жұмамұратов лайық деп танылса, «Жылдың үздік театр режиссері» «Музыкалық комедия» академиялық театрының қоюшы режиссері Евгения Пермякова атанды.
«Мамандығына адалдығы үшін» аталымында С.Сейфуллин театрының әртісі Нұржібек Жансүгірова мен К.Станиславский театрының актері Иван Немцов, «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» аталымында – Музыкалық комедия» академиялық театрының әртісі Елена Филинкова, «Халық әнін үздік орындаушы» аталымында Жаңаарқа ауданы Атасу кенті мәдени-сауық орталығының әншісі Бижамал Нұрғалиева үздік танылды.
Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі «Арай» ансамблінің солисі Ксения Николаева «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» аталымын, осы бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің әртісі Динара Хасанова мен Музыкалық комедия академиялық театрының әртісі Алевтина Горлова «Жылдың үздік инструменталисі» аталымына ие болды.
«Жылдың үздік жеке аспапта орындаушысы» ретінде Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің джаз оркестрінің әртісі Михаил Гудыма танылды.
Сәтбаев қаласының Шынболат Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығының «Импульс» үлгілі хореографиялық ансамблінің жетекшісі Татьяна Суркова «Жыл хореографы» атанса, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Аққу» фольклорлық хореографиялық ансамблінің әртісі Перизат Әбдірахман «Балет және хореографиялық ұжымының үздік әртісі» аталымына ие болды.
«Ауылдың үздік кітапханашысы» аталымының жеңімпазы Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Кеңгір филиалының меңгерушісі Назира Смағұлова, ал «Жылдың үздік кітапханашысы» аталымында Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өлкетану әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Телпекбаева үздік шықты.
«Алтын жолақ» аталымында ақын, облыстық Оrtalyq Qazaqstan газетінің бөлім меңгерушісі Жәнібек Әлиман жеңімпаз атанды. Ал айтыскер, жыршы Айтбай Жұмағұлов «Үздік айтыскер» аталымына ие болды.
Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова «Үздік музей қызметкері», ал К.Станиславский театрының қоюшы суретшісі Елена Ким «Жылдың үздік суретшісі» атанды.
Бұл үрдіс алдағы жылдары да өз жалғасын таппақ.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды қаласы