Халықты әурелегендер жауапқа тартылады
Халықты әурелегендер жауапқа тартылады
117
оқылды

Жақын күндері елімізде күшіне енетін жаңа заң аясында мемлекеттік органдардың арыз-өтініш иелеріне қайтарған жауабының дұрыс-бұрыстығы қажет болса, сотта қара­латын болады. Сондай-ақ тұрғын­дар­дың мәселесіне жүрдім-бардым қарап, әуре-сарсаңға салғандар жауап­қа да тартылады. Шағымдану кезінде шешімдердің немесе жауап­тардың негізділігін мемлекеттік орган дәлелдейді. Бұл ретте жаңа әкім­шілік соттар құрылады. Тағы бір жа­ғымды жаңалық, өтініштерді қа­рау мерзімі 30-дан 15 күнге қысқар­тылады. Бұл туралы  Түркістан облысына іссапармен келген Президент көмекшісі – Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бө­лімінің меңгерушісі Тамара Дүйсен­ова­ның түркістандықтармен кездесуі барысында мәлім болды.

Оңтүстік өңірге іссапармен келген Тамара Қасымқызы алдымен Түркістан облыстық әкімдікте жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен кездесіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына тірек болар басты құжатпен таныстырды. Тарқатып айтсақ, осы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енеді және азаматтардың мемле­кеттік органдарға жазған арыз-өтініші «е-Өтініш» базасына енеді. Ол бойынша азаматтардың өтініштері мемлекеттік органдарға біртұтас ақпараттық жүйе арқылы түсетін болады. Кезең-кезеңмен жүзеге асатын ақпараттық жүйе билік пен қоғамның қарым-қатынасын күшейтпек. Жиында Президент көмекшісі «е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстарына оң баға беріп, оның өзектігілі мен маңыздылығын, жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жұмысын кеңінен түсіндірді. «Президент 2020 жылғы 29 маусымда қол қойған Әкімшілік рәсімдік-процес­суалдық кодексі биыл 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа кодекс – Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының іргелі нормативтік құжаты. Қоғамдық әлеуметтік белсен­ділікті ескерсек, бұл құжаттың маңызын түсінуге болады. Халықтың арыз-өтініші «е-Өтініш» базасына еніп, оның орындалу барысы осында жинақталады. Енді мем­ле­кеттік орган өтінішті қараған кезде бас­қа органдар тарапынан қандай шешім қабылданғанын көре алады. Барлық ақпарат сол жерде жинақталады», – деді Тамара Дүйсенова. Басқосуда жаңа заң мен бұрынғы қол­даныста болып келген жүйенің айырма­шылығы туралы және алдағы уақытта мем­лекеттік органдардың арыз-өтініш иелеріне қайтарған жауабының дұрыс-бұрыстығы қажет болса, сотта қаралатыны туралы айтылды. Мәселен, тұрғындардың мәселесіне жүрдім-бардым қарап, әуре-сарсаңға салғандар жауапқа да тартылады. Шағымдану кезінде шешімдердің немесе жауаптардың негізділігін мемлекеттік орган дәлелдейді. Бұл ретте жаңа әкім­шілік соттар құрылады. Жиын барысында белгілі болғандай, өңірде аталған жүйенің кейбір тұстары енгізіліп, дамытылуда. Заңнаманы мемлекеттік органдар мен азаматтарға түсіндірме жұмысы жүргізілді. Өтініш беруші «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын қадағалай алады. Егер мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, оның жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруге, одан кейін шешім қабылдаған мемлекеттік органды талап-арызбен сотқа беруге құқығы бар. Азаматтар мен бизнес өкілдерінің талап-арызын арнайы әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың «кінәлілік пре­зум­пциясы» қағидаты бойынша қарайтын болады. Яғни, өтініш беруші емес, мемле­кеттік орган өзі қабылдаған шешімінің немесе берген жауабының дұрыстығын дәлелдеп, негіздейді. Өтініштерді қарау мерзімі 30-дан 15 күнге қысқартылады. Қазір орталық мемлекеттік және жер­гілікті атқарушы органдар «е-Өтініш» бірыңғай ақпараттық жүйесіне 100 пайыз ақпараттық жүйеге қосылған, ел көлемінде пилоттық қолдану басталды. Жалпы, «е-Өтініш» – бұл барлық мем­лекеттік және сот органдарына, сондай-ақ өтініш берушілерге өтініштерді қараудың бүкіл тарихы сақталатын бірыңғай база. Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысы бойынша азаматтардан 17 000-нан астам өтініш келіп түскен. Хат үш түрге бөлінеді: стратегиялық, типтік және шағымдар. 1 шілдеден бастап бірыңғай ақпараттық жүйесіне кезең-кезеңмен көшу жүзеге асырылып, азаматтардың мемлекеттік органдарға өтініштері бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы түседі. Осы жүйенің көмегімен өтініш беруші өтінішті қарау барысын бақылай алады.  

Тельман БЕЙСЕНОВ