Шарапаты мол «Еңбек»
Шарапаты мол «Еңбек»
149
оқылды

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы жаңа бизнес бастамаларға тың мүмкіндіктер ашып жатыр. Мемлекет тарапынан жасалатын  қолдау шараларына Алматы облысының тұрғындары да белсене қатысып келеді. Биылдың өзінде бағдарламаның екінші бағыты бойынша  3,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бағдарлама аясында шағын несие алған және грант ұтып алғандар арасында қапшағайлықтар да бар. Қазір  Қапшағайдың 30-дан астам тұрғыны нақты көмекке қол жеткізіп, кәсібін бастапты.

Қапшағай қалалық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, жыл басы­нан бері  30 адам мемлекеттік грант және  3 адам шағын кредит алыпты.  Олардың арасында  көп балалы және аз қамтылған 5  отбасы, 29 жас­қа дейінгі 11 жас, мүмкіндігі шек­­теулі 2  жан бар. Тағы 12 грант иегері – басқа да санаттағы азамат­тар. Кәсібін ашқандар қатарында  кон­дитерлік өнерге бұрыннан бе­йі­мі бар, түрлі шеберлік сағат­тарына қатысып, машығын жетіл­дірген қапшағайлық 25 жастағы ана Гүлнұр Задаш та бар. Ол осы «Ең­бек» бағдарламасына қатысып, 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 555 600 теңге көлемінде грант ұтып алып, сол қаржыға  өз ісіне қажетті  құрал-жарақтарын, ас үй ком­байнын сатып алған. – Менің кішкентай балам бар. Сондықтан маған үйде отырып жұ­мыс істеген қолайлы. Мемле­кеттің қолдауымен кондитерлік істі бастау арқылы сол мүмкіндікке  қол жеткіздім. «Бастау Бизнес» курсында бізді бизнесті бастау, дамыту және нәтижесін көру, ай­налымдағы ақшаны есептеу сияқ­ты кәсіпкерлік негіздеріне үйретті. Қазір кондитерлер өте көп, бәсе­лес­тік те үлкен. Сондықтан үнемі өз шеберлігіңді жетілдіріп, дамы­тып отыруың керек, – дейді Гүл­нұр. Жас кәсіпкердің торттары, рулет­тері және басқа да конди­терлік өнімдері Қапшағайдағы «Семерка» дүкенінде саудаланады. Сол сияқты «Еңбек» мемле­кеттік бағдарламасы арқасында  жаңа бизнес-идеясын іске асырған қапшағайлық Мәдина Құлжабаева да «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алды. Соның негізінде «Халыққа цифр­лық қызмет көрсету салонын ұйым­­дастыру» бағытында өз жоба­сын қорғап, 555 600 теңге грант иеленді. Мәдина да осы қаражатқа ісін бастауға қажетті ноутбук, прин­тер, үстел, орындықтар сатып алға жұмсапты. Қазір Қапшағай қаласында «Сандық қызметтер салонын» ашып, халыққа қызмет көрсетуде. – Қазір цифрлық дәуір. Сон­дықтан заманның сұранысын зерттей келе, мен халыққа цифр­лық жағынан қызмет көрсету тиім­ді деп шештім. Осы қызметке жүгінетін тұрғындар баршылық. Ісім ақырындап алға басып келеді, – дейді су жаңа кәсіпкер. Алматы облысына 2021 жылы «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша шағын несие және несиелер мен шағын несие­лерді кепілдендіруді ұлғайту міндетін жүзеге асыру үшін 3 319,2 млн теңге қарастырылып, соның 239,2 млн теңгесі қалалар мен моноқалаларға, ал 3080,0 млн теңге ауылдық жерлерге шағын несие­лерге бөлінді. Өткен жылы бағдарлама аясында 4791,3 млн теңге сомасына 1 104 шағын несие беріліп, 1 525 жұмыс орны құрыл­ған. Биылғы  1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Алматы облысында 123 290 шағын және орта бизнес суб­ъек­тісі жұмыс істейді.   Бұл көр­сеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 1,6% жоғары. Өңірдегі шағын және орта бизнесте 263,6 мың еңбек етеді.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы