Қызылордалық көпбалалы ана қарыздан құтылу үшін бүйрегін сатпақшы
Қызылордалық көпбалалы ана қарыздан құтылу үшін бүйрегін сатпақшы
107
оқылды

Қызылорда қаласының тұрғыны, көпбалалы ана қарыздан құтылу үшін бүйрегін сатуға бел буған. Оның сөзінше, олар қарыздан көз ашпай кеткен. “Астана” арнасының мәлімдеуінше, 31 жастағы қызылордалық келіншектің алты баласы бар. Өзі жұмыс істемейді. Ал жолдасының табысы тамақтан артылмайды. Күнделікті күнкөріс, балалардың қажеті деп жүріп, қарызға белшесінен батқан екен. Сол себепті де бүйрегін сатудан басқа амалы қалмағанын айтты.

“Шыны керек, амалым қалмады. Қарызын сұрап, үйге күнде біреу келеді. Бірде "ақыры қарызыңды төлей алмасаң, баланы маған бер" деп бір жасар қызымды алмақшы болды. Кім баласын қиып береді. Қандай жағдай болмасын, ешкім баласын қимайды ғой. Күйіп кеттім”, – дейді қызылордалық әйел. Оның айтуынша, қара нарықта адам ағзасына сұраныс бар екенін естіп-біліпті. Тіпті, біраз адам хабарласыпты. Бүйрегін тегін беруін де өтінген.

“Жеті милион теңге деп отырмын. Ешкімге тегін бере алмаймын. Өзім амалсыздан, мұқтаж болғандықтан сатпақпын. Ол ақшаны қарызымды жабамын”, – деді ол.

Жалпы, бүкіл елде бүйрекке сұраныс жоғары. Нұр-Сұлтандағы транспланттау орталығының мәліметінше, бүйрек жетіспеушілігімен есепте тұрғандар саны үш мыңнан асады. Өкпе, бауыр, жүрекке де сұраныс жоқ емес. Орталықта ағзаны ауыстыру тегін жүргізіледі. Ол үшін донорларға ақша төленбейді. Тек заңды жолмен, тиісті талаптармен ғана қабылданады. Ал өз еркімен дене мүшесін саудалағандар жазаға тартылады екен.

“Адамның ағзалары мен тiндерiн алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу фактілері - ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабы бойынша тергеледі. Дәл осы қылмыстар абайсызда жәбiрленушiнің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса немесе мұны қылмыстық топ жасаса, 8 жылдан 12 жылға дейiн бас бостандығынан айыруға жазаланады”, – деді ҚР ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, адам ағзаларын саудалау бойынша өткен жылы 57 қылмыстық іс тіркеліпті.