Түркі әлемі және Елбасы
Түркі әлемі және Елбасы
172
оқылды

Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласына ат басын тірегені бар. Ал Мағжан ақын екі дүниенің есігіне балаған Түркістан туралы сөз еткенде ойға күллі түркінің ғасырларға созылған арман-аңсары оралатыны бар. Сонау оғыз-селжұқ қолбасшылары оңтүстік пен батысқа, күн түбіне жортуды бастаған сәттен іргесі ажырап, уақыт өткен соң жеке-жеке «отау құрған» түркі халықтары ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырда жұдырықтай жұмыла түскенді қалайтынын байқатып жүр. Ал осынау интеграциялық үрдісте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы мен алға қойған мақсат-мүддесінің орны бөлек.

Әдетте «түркі әлемі» дегенде Моңғолияның солтүстік-шығысынан басталып, Қазақстан, Еділ бойы арқылы батыстағы Дунайға тірелетін ұшы-қиыры жоқ дала, Алтай мен Тарбағатай, Саян мен Хангай, Тәңіртау мен Алатау, Хорасан мен Ферғана, Анадолы мен Балқан түбегі тә­різді орасан зор аймақты қамтитын өлкелер еске түсетіні бар. Осы геогра­фия­лық аймақта жеке мемлекет құрған алты түркі елі мен Ресей, Иран, Қытайдың қоластындағы туыс халықтар да соңғы ширек ғасырда бір-бірін жақын тартып, туыстық байланыстарға ден қоя бастағаны аян. Алайда ХХІ ғасыр интеграция­лық үрдістерді сабырмен, жан-жақты ойластырыл­ған сипатта жүргізу қажет екенін көр­сетті. Жаһандану заманында этникалық белгілер ар­қылы да, наным-­се­німнің ор­тақ болуы арқылы да біріге қою қиын. Содан да болса керек Елбасы сонау 90-жылдары бас­талған интеграциялық байланыстарды байыппен жүргізіп келеді. Нұрсұлтан Назарбаев «асық­­паған арбаға мініп, қоян алады» дейтін тәмсілдегідей түркі бірлігін бірте-бірте бекемдеп келеді. Ал түркі әлемі оны Ақсақал деп құрметтеп, абыз­ға балайды.

Интеграциялық үрдістерде эмоцияға жол жоқ

Негізі, түркі халықтарының интеграциялық үрдістерін бақылаған адам бауырлас жұрттарды біріктіруді мұрат тұтқан қайраткерлердің көбі сезімге беріліп, қанға қызғанын байқайды. ХХ ғасырдың басындағы зиялылар арасында да, өткен ғасырдың 90-жылдарында бауырластықты нығайтуға ұм­тыл­ған тұлғалардың әрекеттерінен де мұндай «мінез» байқалатыны бар. Айталық, Түркияның бұрынғы президенті, марқұм Тұрғыт Өзал түркі мемлекеттерінің арасындағы байланыс­тарды нығайтуға зор еңбек сіңіргенімен, ұзақ жылдар бойы бір­-бірінен ажырап, туыс екенін ұмытудың аз-ақ алдында тұрған халықтарға одақ құру идеясын ұсыну кезінде КСРО құрамында болған түркі халықтарының «одақ» ұғымынан әбден шаршағанын ескермеді. Елбасы Н.Назар­баев­тың Тұрғыт Өзалдың ұсынысын сыпайы түрде қабылдамай қоятыны сол кез. Өйткені Елбасы посткеңестік кеңістіктегі түркі халықтары үшін бірінші кезекте рухани серпіліп, өз-өзіне келуі қажет екенін жақсы білді. Сөйте тұра ин­теграциялық үрдіс­терді тежеген жоқ, керісінше өзара бай­ланыстарды одақ құрмай-ақ нығайту керек екенін жақсы білді. Әрі тура сол саясатты ұстанды. Елбасының осы саясатының арқасында түркі бірлігі нығайып келеді. Түркиялық профессор Мехмет Сейфеттир Эрол өзінің бір зерттеуінде «Н.На­зар­баевтың түркішілдігі» деген ұғым қолданғаны бар. Ғалым «Түркі еуразияшылдығының басты идеологтарының бірі Н.Назарбаев «түркішіл» сипатымен де көзге түседі. «Нұрсұлтан Назарбаевтың түркішілдігі» деп сипаттауға болатын бұл түркішілдіктің өзгелерден өзгеше қыры да бар. Н.Назарбаевтың саясатында сезімге берілу мен ұлылыққа ұм­тылу жоқ. Ке­рісінше әр қадамын нық басып, нақты мақсат көздеген, өзара пайдалы болуды көздейтін, салмақты стратегияны алға шығару бірінші орында тұрады. Оның ең басты мұраты – түркі әлемінің бірігуі», – деп жазады. Шынында да Елбасы – түркі бірлігін нығайту үшін асығыс әрі популистік шешім қабылдамаған жан. Әскери, саяси, экономикалық одақ құру тәрізді идеяларды алдыңғы қатарға шы­ғармауы да содан. Өйт­кені ХХІ ғасыр шарттарында мұндай одақ құру өте қиын екенін, аймақтық және жаһандық державалар интеграцияның бұл түріне мейлінше кедергі жасап ба­ға­тынын ол жақсы білді. Сондық­тан интеграция мәдени-гуманитарлық, ағартушылық бағытта дамыды. Дегенмен тәуелсіз түркі мем­­­лекеттерінің өзара ынтымақ­тас­тығы саяси, экономикалық, әскери, құқықтық салада да алға жыл­­­­­­жы­ды, ресми одақ құрылмады демегенмен, одақтастардан кем бол­­­­­майтын деңгейде интеграция­лық үрдіс жалғасып жатыр.

Түркі интеграциясының кілті мәдениетте

Н.Назарбаевтың түркі әле­мінің ынтымақтастығын арттыруға бағытталған саясатын сөз еткенде «ешбір ұйым құрылмады» деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. 1993 жылы Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түрік­менстан, Түр­кия мемлекеттері бірлесе құр­ған TÜ RKSOY, 2008 жылы құ­рылған Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы (ТүркПА), 2009 жылы Әзербай­жанның Нахчыван қаласында дүниеге келген Түркітілдес мемлекет басшыларының кеңесі (Түркі кеңесі), 2010 жылы құ­рылған Халықаралық Түркі академиясы, Бакудегі Түркі мәдениеті мен мирасы қоры қатарлы ұйымдар Түркі дүниесі Ақсақалының атсалысуымен жасақ­талған болатын. Елбасы бұл ұйымдардың бірқатарының құ­рылуына тікелей өзі бас-көз болса, тағы бірқатарын құру жөнінде кеңес берген-ді. Одан бөлек, Кавказ арқылы Еуропаға бағыт түзейтін бірқатар кө­лік-транзиттік жобалардың жү­зеге асуын да ұдайы қолдап, бауырлас мемлекеттердің басшыларына қа­жет кезінде демеу жасап отырды. Ал ел ішінде бұқараның бауыр­лас халықтармен жақындаса түсуі үшін тиісті шаралар қабылдады. Түркістан қаласының 1500 жылдығын тойлау, Күлтегін бітіктасының көшірмесін елордаға әкелуге ықпал ету, Алтай атауын қалаға беру, Түркістан атауымен облыс құрып, аудандық деңгейдегі қаланың мәртебесін ресми түрде көтеру интеграциялық үрдістерге өз ықпалын тигізетіні сөзсіз. Бәлкім мұндай шаралардың интеграцияға тікелей қатысы жоқ секілді болып көрінуі мүмкін. Алайда халық арасына бауырластық идеясын сіңіруге бұл қадамдардың тигізер ықпалы зор. Ал бұл саясат өз кезегінде түркі ынтымақтас­ты­ғын дамыта түседі. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы түркі интеграциясының алдағы 50 жылдық, тіпті ғасырлық межесін белгілеп берді. Сонымен бірге ол түркі интеграциясының бір орталыққа негізделгенін де құп көрмейтінін байқатты. Өйткені интеграция­лық үрдістер бір орталыққа негізделген жағдайда бауырлас халықтардың ынтымағына сызат түсуі мүмкін еді. Сондықтан интеграцияға ық­пал етуі тиіс құ­ры­лымдар әр мемлекетте, Түркияда, Қырғыз Рес­пуб­ликасында, Әзербайжанда және Қазақстанда орналастырылды. Өзбекстан мен Түрікменстанның интеграция­лық үрдістерге қатысуына мүмкіндік қалдырды. Соның нәтижесінде соңғы жылдары осынау қос мемлекет бауырластар арасындағы барыс-келіс, алыс-беріске қайта ден қоя бастады. Күндердің күнінде бұл мемлекеттерде де интеграцияға қызмет ететін институттар құрылуы бек мүмкін. Түркиялық сарапшы Гөкхан Гюлер Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын да түркі ынтымақтастығын тереңдете түседі деген пікір айтады. «Ақ­с­ақал» сөзі дана, өзгелер сөзін тыңдайтын, кемел басшыға қарата айтылатын болса керек. Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тек қазақ халқының та­рихи танымын жаңғыртып, ұлттық се­зімін оятып қана қоймайды, он­дағы ойлар күллі түркінің береке-бірлігін нығайтуға қызмет ете­ді. Мақала өткенді шолу емес, болашаққа бағдар көр­се­тетін. Ақсақалдың даналығы да осында», – деп жазады. Міне, бұл пікір Елбасының түркі интеграциясы турасындағы ұстанымдарына бе­рілген әділ баға болса керек.  

Ардақ СҰЛТАН