Экономикалық интеграция басымдықтары айқындалды
Экономикалық интеграция басымдықтары айқындалды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы бейнеконференция режимде өтіп, онда Одақ жұмысын жетілдіруге қатысты бірқатар мә­селелер талқыланды.

Отырысқа Жоғары еуразиялық эко­номикалық кеңестің Құрметті төраға­сы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Армения Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Куба Президенті Мигель Диас-Канель және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Куба басшысы мен Өзбекстан Президенті кеңес жанындағы бақы­лаушы-мемлекет басшылары ретінде қатысты. Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде пандемия мен оған қарсы күрес шаралары жаһандану үдерісі мен бейбіт тыныс-тіршіліктің қалпын өзгерткенін атап өтті. Мұндай жағдайда экономикалық дағ­дарыстың салдарын еңсеру, эконо­миканы қайта қалпына келтіру және дамыту жолына түсу сияқты өте өзекті мәселелердің тиімді шешімін табу қажет. – Біз осы Одақ тарихында алғашқы стратегиялық құжатты жүзеге асыруды бастадық. Аталған стратегия орта мер­зімді перспективадағы интеграцияның және экономиканың барлық саласын­дағы нақты ықпалдастықтың, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың ба­сым­дықтарын айқындап берді. Сондық­тан Одақты дамыту стратегиясының са­палы әрі жедел іске асырылуын қамта­масыз ету маңызды. Бұл, әрине өзімізге байланысты, – деді Қазақстан Прези­денті. Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде өзара сауда-саттыққа қатысты кедергі­лердің қордаланған проблемасын жүйелі шешу қажет екенін айтты. Локдаундар ке­зінде мұндай кедергілер едәуір кө­бейген. – Аталған кедергілер сауда-экономи­калық қатынастардың дамуын ай­тар­лықтай тежеп, өсім әлеуеті мен дамуын шек­тейді. Қазақстан Одақтың басқа мүшелері сияқты, нарықтың барлық қа­тысушылары үшін теңдей және кемсіт­пейтін жағдай қалыптастыруды қолдай­тынына сенімдімін. Комиссия кедергі­лермен тұрақты түрде күресіп келеді. Алайда оларды тиімді деп айта алмаймыз. Бұл ұлттық деңгейде қабылданған ше­шімдердің салдарымен күрес, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы өз сөзінде БҰҰ-ның мәліметіне жүгінді. Президенттің айтуынша, 2020 жылдың қорытындысына сәйкес азық-түлік тауарларының әлемдік бағасы соңғы үш жылда ең жоғары дең­гейге жеткен. 2030 жылға қарай азық-түлікке деген сұраныс 35 пайыздан асады деп болжануда. – Одаққа мүше әрбір елдің азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға әлеуеті жетеді. Сонымен қатар ішкі на­рықты қорғау жөніндегі шектеу шаралары агроөнеркәсіп кешенінің дамуын тежеп, азық-түлік тапшылығына әкеп соқтыруы мүмкін. Әрине, кейбір жекелеген жағдай­ларда олардың уақытша қолданылуы өзін ақтады. Дегенмен мұндай шектеулердің біздің Одаққа мүше елдерге қатысы болмауы тиіс деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент аграрлық ғылыми меке­мелер арасындағы ықпалдастықты кү­шейтуді, ауыл шаруашылығы өнімдерін үшінші елдердің нарығына экспорттау ісін ұлғайту шараларын жандандыруды ұсынды. Мемлекет басшысының ай­туынша, Қазақстан Одаққа мүше елдер­мен бірге шекара маңы инфрақұрылымын дамытуға дайын. экономика Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанмен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық орталығы жобасын мысалға келтірді. Сондай-ақ Одақ ая­сында сауда-логистикалық және кө­терме-тарату орталықтарының жүйесін құрудың маңызы артып отыр. Мұндай жүйе мем­лекеттердің азық-түлік қауіпсіз­дігін қам­тамасыз етуге, агроөнеркәсіп секторының әлеуетін қолдауға, шығын­дарды азайтуға, сәйкесінше негізгі азық-түліктің бағасын төмендетуге мүм­кіндік береді. – Еуразия елдері өздерінің транзиттік әлеуетін толық жүзеге асыруы керек. Мен көлік күрежолдарындағы трансшекара­лық учаскелерді жаңғырту жөніндегі жұ­мыстарды жандандыруды, атап айт­қанда Еуразиялық экономикалық одақ­тың барлық аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің құ­ры­лысын аяқтауды тағы да ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ елдеріміздің дағда­рыстан кейінгі экономикасын қайта қалпына келтірудің қуатты әрі пәрменді факторы болатынына сенім білдірді. Қазақстан Одақты экономикалық ин­те­грацияның тиімді және беделді ұйымына айналдыру үшін барынша күш салады. Ал Кеңестің құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бірлесіп жұмыс істеу арқылы Еуразия экономикалық одағы әлемдік экономикада өз орнын тапқанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін көтеріп, әлемдік «жасыл» экономиканың даму үрдістеріне тоқ­талды. Сонымен қатар Еуразия эконо­микалық одағының басқа интеграциялық бірлестіктермен, ұйымдармен өзара тиім­ді ынтымақтастығы және жүйелі экономикалық диалогті жалғастыруы маңызды екенін атап өтті. – Сенімді серіктестермен жә­не одақтастармен бірлесіп қана ел­деріміздің экономикалық қауіп­­сіздігі мен тәуелсіздігін қам­­­та­масыз етуге болады. Еур­азия эко­номикалық одағы құ­рыл­­ған­нан бері ұйым мүшелері ең күр­делі жағдайда да өзара мәмілеге ке­ліп, бір-бірін қол­дайтын серік­тес­тер екенін көр­сетті. Қазіргі жағ­­дайға бай­ла­нысты біз интег­ра­ция мен өзара түсіністікті бұдан да арт­тыра түсуіміз керек, – деді Жоға­ры Еу­р­азиялық эконо­ми­ка­лық кеңес­тің Құрметті төрағасы. Сонымен қатар Елбасы: «29 ма­мырда Еуразиялық эко­но­ми­калық одақ туралы келі­сім­шартқа біздің елдің астана­сында қол қой­ға­нымызға 7 жыл толады. Бүгінде бір­лесіп күш жұмсаудың арқа­сын­да ЕАЭО әлемнің эконо­ми­ка­лық архи­тектурасынан жүйе­лі орын ал­ғанын әсірелеусіз айтуға бо­лады. Соңғы бес жылда елдері­міз­дің өзара саудасы 21 пайызға өсіп, 2020 жылы 55 млрд долларға жет­ті. Бұл – дағда­рыс жағ­дайын­да­ғы көр­сеткіш. Әйтпе­се, біз одан да үлкен жетіс­тіктерге жете ала­мыз», – деді. Сондай-ақ Елбасы мем­ле­кетаралық қарым-қатынастардың нашарлап, сауда бәсеңдегенін, ке­­дергілер көбейгенін де атап өт­ті. Одаққа мүше кейбір мемле­кет­­терге сыртқы қысым да кү­шейіп барады. Бұл – интеграциялық үр­дістерге кедергі жасауды көз­дей­тін күштердің әрекеті. Сон­дық­тан Елбасы мұндай жағдайда бір­неше бағытқа назар аудару қа­жет деп санайды. «Біріншісі – әлеуметтік инфрақұрылым. Жа­қын жылдарда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың на­рығын толық құру қажет. Екін­шісі – азық-түлік қауіпсіздігі мен аг­­­­роөнеркәсіп саясаты. Бұл ба­ғыт­тағы кооперацияны жедел­де­тіп, азық-түлік тапшылығына жол бермей, бүкіл кеңістікте биз­­­­нестің дамуына мүмкіндік ж­а­сау керек. Сарапшылардың ай­туын­ша, бұл жылдары банктерде қа­лып­тасқан 10 триллиондық инфляция жалпы инфляция туын­дататыны анық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Әрі дүние­де азық-түлік тапшылығы туын­дауы мүмкін екенін атап өтіп, ЕАЭО әлеуетін әлемдік нарықтар ара­сындағы көпір ретінде пай­да­лануды ұсынды. «Біздің одақта өз аумағымыздағы елдердің тұрғын­дарын қамтамасыз ету үшін бәрі бар. Тек дұрыс жоспарлап, дұрыс кооперация жасап, дұрыс бай­ла­ныс орнату арқылы өз аума­ғы­мызда бар дүниемен өзге елдерді қамтамасыз етуіміз керек. Жуықта азық-түлік тапшылығын міндетті түрде сезінеміз», – деді Елбасы. Өз кезегінде одаққа мүше жә­не бақылаушы елдердің бас­шы­лары ойларымен бөлісіп, ұсы­ныс­тарын айтты. Атап айтқанда, Ар­мения Премьер-Министрінің мін­детін атқарушы Никол Па­шинян цифр­лық даму және газ та­сымалы мәселесінің өзек­ті­лі­гіне тоқталса, Беларусь Пре­зи­ден­ті Александр Лукашенко одақ пен Қытай арасындағы сауда-сат­тықты да­мыту қажет екенін атап өт­ті. Оның ойынша, Қытай на­ры­ғы өзгелерге қарағанда ашық әрі ұсынысты қабылдауға әзір. Сон­дықтан одақ өз өнімдерін Қы­тай­ға жөнелтуге мүдделі болуы тиіс. Ал Қырғыз Республикасының Пре­зиденті Садыр Жапаров ортақ еңбек нарығы мәселесіне көңіл бөлді. Қырғыз басшысы еңбек миг­ранттарына медициналық, әлеу­меттік қызмет көрсету тетік­терін жетілдіруді ұсынды. Ресей Пре­зиденті Владимир Путин дәрі-дәрмек өнеркәсібіне ден қою­ды алға тартты. Әрі Қырғыз Рес­пуб­ликасы мен Арменияға вак­цина өндіретін зауыт салып беру­ге әзір екенін айтты. Ал жиын­­ға ба­қы­лаушы мәртебесінде қатысқан Куба Президенті Мигель Диас-Ка­нель өз елінің одақпен бай­ла­нысты нығайта түсуге мүдделі еке­нін мәлімдеді. Өз кезегінде Өзбекстан Президенті Шав­кат Мирзиёев азық-түлік қауіп­сіздігі мәселесінің өзектілігіне тоқ­тала отырып, одақ аясында кө­лік-логистикалық жүйені же­тіл­діру, шекара мен кеден бекет­те­рінен өтудің қолайлы тетігін қа­лып­тастыру өзекті екенін атап өтті. Жоғары еуразиялық эконо­ми­ка­лық кеңестің кезекті отыры­сы­на қатысқан мемлекет басшы­лары Қазақстанның аталған ұйым­­­дағы төрағалығының жо­ғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті.

Ардақ СҰЛТАН