Елде демалуға дайынсыз ба?
Елде демалуға дайынсыз ба?
265
оқылды

Жаз шыға ел-жұрт демалатын жер іздейді. Бірі шетелде демалуды ойласа, енді бірі елде қалуды көздейді. Әдетте соңғылар қалтасындағы қар­жыға қарайтыны сөзсіз. Алайда ел ішін аралауға ақша жұмсағаннан айнып қалатындар да көп. Не­ліктен? Ішкі туризмге тұсау болып отырған ба­ға­ның қымбаттығы ғана ма? Әлде экомәде­ниеттің төмендігі, инфрақұрылымның нашарлығы да әсер ете ме?

Жол мен дәретхана жыры

Ақпарат алу мақсатында бір­неше туристік агенттікпен әңгіме­лестік. Мәселен, Demal Travel агент­тігінің мәліметінше, Көлсай мен Қайыңдыға баруға 17-20 мың теңге, Бозжыраны көруге 90-100 мың тең­ге ақша жұмсайсыз. Ал Қатон­қа­рағайдың көз тоярлық сұлулығын көремін десеңіз, қалтаңызда 70-80 мың теңге болғаны жөн. Ішкі туризм саласында 5 жыл бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан Limon.kz агенттігі биыл туристер таңдауы Түркістанға түскенін ай­тады. Шамамен сұраныс 10 есеге артқан. Тіпті, туристерге орын жоқ деп айтуға мәжбүр болған екен. Өйткені наурыз-сәуір айында ру­хани астанадағы қонақ үйлер лық толған. Сол себепті агенттік апта­сына 150-200 адамға тур ұсынумен шектелген. Одан кейін ел арасында Көлсай мен Қайыңдыға сұраныс басым. Алматыдан Көлсайға дейінгі 300 шақырым жолды оңай жүріп өт­кенмен, Саты ауылынан Қайың­ды көліне жету қиын. Арадағы 15-20 шақырым жерге асфальт төселмеген. Сол үшін туристік агенттіктер ар­найы УАЗ көлігін жалдауға мәж­бүр. Байқасаңыз, агенттік көмегіне ж­үгінбей-ақ, өз бетімен келген ту­рист үшін де айтарлықтай мәселе. Өйткені Саты ауылына дейін келген көлігіңізді қалдырып, ары қарай басқа транспорт іздейсіз. Оған қоса аймақтағы интернет желісі мәселесі де шешімін таппай отыр. Осы тұста «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің қызметкері Бейсенбек Тұқанұлы да бірнеше мәселенің басын қайырды. «Интернет пен жолдан бөлек, дәретхана мәселесі тағы бар. Көл жа­­ғасына келетін мың адам болса, 30-40 дәретхана салу керек. Бір жағынан бұлай болмайды. Көл маңайына биодәретхана қойылға­нымен, әлі іске қосылған жоқ. Осы мәселе шешімін тапса игі еді. Одан кейін қоқысқа қатысты да сұрақ көп. Адамдарда туристік мәдениет жоқ. Қоқысты көрінген жерге тастайды. Биыл арнайы қоқыс тө­гетін орын ашылып, бір жасап қал­дық. Содан кейін, бірінші көл мен екінші көл арасындағы жолды жүріп өту турист үшін қиынға соғады. Екі арада ирек бар. Сол тұста баспалдақ салынса деген жоспарымыз бар. Екі көлдің арасын атпен жүріп өте алмайтындарға таптырмас көмек. Одан ары қарай үшінші көл бар. Бірінші көл мен үшінші көлдің ара­сы – 6 шақырым. Менің көптен бері мазалаған мәселе жайын да айта кетсем. Көл маңынан 49, 25 жыл­ға жерді жалға алып, кәсібін дөңге­­лентіп жатқандар жетерлік. Оларға жерді 5-10 жылға жалға бер­се де тиімді деп ойлаймын. Бізге жердің тозбай, сақталғаны керек», – дейді Бейсенбек Тұқанұлы. Елге танымал Алакөл мен Боз­жырада да жол мен дәретхана жайы ақсап тұр. Туристік агенттіктер Боз­жырадағы шаңды дауылдан жол талғамайтын көлік жалдайтындарын айтады. Бозжыраға баратын жол да жөнделмеген. Кәсібін жеті жыл бұрын бастаған Жібек Шәріпбайқызы Алакөлдің айналасында қашан биодәретхана тұрғызылатынын сарыла күтіп жүр. Көл маңында дәретхана жоқ бол­ғандықтан, адамдар көлді ластай­тынын айтады. «Мирас» қонақ­үйі­нің иесі табысының 70%-ын гүл мен ағаш отырғызуға жұмсайды. Ал жер­гілікті әкімдіктен сұрайтыны – қоқыс пен дәретхана мәселесін ше­шу. Одан бөлек, кәсіп иесі ту­ристерде табиғатқа жанашырлық жоғын атап өтті.

Батыс пен Шығыстың арасын жалғар рейс жоқ

Қатонқарағай десе, көз ұшына әсем табиғат елестейтіні сөзсіз. Бі­рақ бұл өңірде пассив демалыс түрі дамыған екен. Яғни, демалыс өт­кізудің өзі екі түрге бөлінетінін ес­керсек, Қатонқарағайда белсенді демалыс ұйымдастыру жағы дамы­маған. Адамдар тау мен тасты ара­лап, шатыр құрып демалғаннан гө­рі, шипажайға барады. Ал шипа­жайда жату – пассив демалыс түрі. Сондықтан туристік агент­тік­терге Қатонқарағайға тур ұйымдас­тыруға ұсыныс көп түседі. Олардың айтуынша, Қатонқарағайда да ішкі туризм аса дамымаған. Енді-енді қол­ға алынып жатыр. Қазір Өскемен әуежайы жөндеуге жабылғандықтан, Қатонқарағайға туристер Семей арқылы барады. Аталған әуежайда тамыз айына дейін жөндеу жұмысы жүргізіледі. Байқасаңыз, дәл де­малыс маусымы қызған шақта де­малыс орындары үшін бұл ай­тар­лықтай мәселе. Limon.kz агент­тігінің құрылтайшысы мұны «Қа­тонқарағайға жеткеннен, Шри-Ланкаға жеткен оңай» деп түсіндірді. «Халыққа демалысын ойдағы­дай өткізуге жағдай жасалса деймін. Ел көп біле бермейтін орындарды ашып, түсіндіру жұмысын жүргізсе, ішкі туризм дамитын еді. Қазақ­станның жер көлемі үлкен. Мысалы, Ақтау тұрғындары шығысқа, Қа­тонқарағайға барғысы келетінін айтады. Бірақ олар үшін батыс пен шығысты жалғар рейс жоқ. Ақ­таудан Нұр-Сұлтанға ұшып келіп, ары қарай Өскеменге пойызбен барады. Онсыз да жолдан шаршаған жолаушы үшін бұл ыңғайсыз. Оған қоса, саяхат ұшақ бортынан бас­талатынын ескерсек, ел ішіндегі жо­лаушылар ұшақ қонған бетте ке­зекке тұрып, сыртқа шығуға асы­ғады. Былай айтқанда, өздеріне өздері проблема тауып алады. Бірін-бірі күтіп, сыйласа дейсің. Қоқыс тастамай, таза ұстаса игі», – дейді Demal travel туристік агенттігінің иесі Мұхтархан Мәденұлы.

Марал мүйізі және интернет

Мұндай мәселенің барын Қа­тонқарағайдағы «Жанат» шипа­жайының иесі Дамир Қалихан рас­тады. Алты ай қыс бойы керегін қамдайтын кәсіпкер үшін үш ай жаздың берекелі болғаны маңызды. Келушілерді марал қанымен ем­дейтін шипажай шағын шаруа­шылық дерсіз. Шипажай мамыр айының соңынан басталатын ке­зеңге қыс бойы дайындалады. 20 жыл осы кәсіпті жанына серік еткен ол Өскемен әуежайының дәл дема­лыс маусымында жабылып қалға­нына қынжылады. Ал марал қа­ны­мен емдеу тек тамыз айының соңы­на дейін жалғасады. елде демалу Дамир Қалиханның тағы бір қоз­ғаған мәселесі – марал шаруа­шылығы. Оның айтуынша, марал өсіріп, баптау – қиындығы көп жұ­мыс. Оған арнайы қоршау тұр­ғы­зып, жем-шөбін реттеу керек. Бұ­рын марал шаруашылығына суб­сидия берілсе, кейінгі кезде бұл да көзден бұлбұл ұшқан. «Елімізде тіпті шошқаға да субсидия бергенде, марал шаруашылығына не күн ту­ды?», – деп мұңын шақты ол. Одан бөлек, урбанизация мәселесі рөл ойнап тұр. Жастар ауыл-ай­мақ­тан қалаға көшуге құмар. Ал шипа­жайдың жұмысы шаруа­шылықпен тікелей байланысты. Сондықтан кәсіп иесі маусым сайын ветеринар, медбике, шипажайда қызмет көр­сетуші маман іздеуге мәжбүр. Кә­сіпкердің бұдан түйгені: «Дип­ломмен – ауылға!» маман даярлап жібереміз деп жар салады, ал олар қайда жүр?»

Монополия мен лицензия жайы

Limon.kz туристік агенттігінің құрылтайшысы Алмас Маратұлы да ішкі туризм жайында еркін көсілді. Оның айтуынша, халық Францияға, Түркияға баруды армандайды да, 14 облыстағы әдемі жерлерден бей­хабар. Ел арасында Эйфель мұна­расын біліп, бірақ Түркістандағы Ясауи кесенесін білмейтіндер бар. Сол үшін ол оқулықтарға қосымша пән немесе сынып сағаты ретінде «Туған жерді тануды» енгізуді ұсы­нып отыр. Өйткені үлкен адам­дардың бойына туризм мәдениетін сіңіруге кеш қалдық. Ал балаларды үйретуге болады. Өйткені адамдар туған жерін танығанда ғана, ішкі туризмге үлес қосады. «Мәселен, пойызбен Атырау мен Семейдің арасын 3 күн жүрген 15 бала Қа­зақ­станның жері қандай үлкен екенін біледі», – дейді ол. «Ел ішінде рейстер қымбат, шағын лоукостерлер аз. Мысалы, Limon.kz ішкі туристік агенттік ретінде тіркелген тұста бәсе­ке­лес­теріміз саусақпен санарлық еді. Көпшілік шетелге саяхаттауды таң­дайтын. Қазір ішкі туризм са­ла­сында агенттіктер көбейгесін, баға да тиі­сінше төмендеді. Адам­дарда таң­дау пайда болды. Ал бізде бір ғана лоу­костер бар. Сондықтан ба­ғаны өзі белгілейді. Ал осындай компа­ния­ның бесеуі болса, баға төмендері анық. Мысалы, Шарын ұлттық паркінде бір ғана монопо­лист ком­пания отыр. Қаншама шақы­рымды алып жатқан ұлттық паркте бір ғана дәмхана бар. Ол жердегі палаудың бағасы Алматы­дағы баға­дан қымбат. Неге? Себебі – ол жалғыз. Шарынға 3,5 сағат жүріп барған адам амал жоқ сол жерден тамақтанады. Сондықтан барлық жерде монополистер бар. Ол ұшақ мәселесіне де, ұлттық парктер жайы­на да қатысты», – дейді Алмас Маратұлы. Ол туристік агенттіктер арасын­дағы лицензия алу мәселесін де қозғады. Мәселен, туристік агент­тікпен демалыс орнына барып кел­ген адам екі аптадан соң ту­рис­терді жинап, апаруға бейім екен. Байқа­саңыз, өзі бір-ақ рет көрген жерді толығымен таныстыра ал­майтыны анық. Осылайша, оны­мен бірге барған туристерде «Қа­зақ­станның ішкі туризмі осындай екен» деген пікір қалып­тасады. Сондықтан Алмас Маратұлының айтуынша, лицен­зия берумен жұмыс істеу керек. «Шыны керек, лицензия алу оңай. Меніңше, туристік автобустар жиналатын орында туристік поли­цей жүруі керек. Мәселен, Алматы­дағы Абай және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында туристік полиция автобустың жанына ба­рып, тур оператордан лицензиясы бар-жоғын сұрасын. Лицензиясы жоқ операторлардан мән-жайды сұ­рап, заң жүзінде мәселені шешсе болады», – дейді ол.

Бізге беймәлім Қазақстан

Осы елде мекен етсек те, ұшы-қиырын толық білмейміз. Қазақ­станның бізге беймәлім тұсын аша­тын тетік болса, ол – туризм. Сол үшін ішкі туризмді дамыту жайын қозғадық. Мысалы, туристік агенттіктер ашылмай жатқан мар­ш­рут­тардың көп екенін айтады. Со­ның бірі – Қарағанды маңайын­дағы Имантау. Бұл жердің табиғаты айтарлықтай әдемі екен. Алматы облысындағы Бұрқанбұлақ сарқы­рамасы да турист үшін таптырмас орын. Бірақ оған жету өте қиын деседі. Жол жоқтың қасы. Бұр­қанбұлақ – еліміздегі ең биік сар­қырама. Мәселен, Африкада орна­ласқан әлемдегі ең биік сар­қыра­маға адамдар таласа-тарма­са ба­рады. Ал елімізде мұндай сар­қы­рама барын білмейтіндер бар. Шал­­қар аймағы да туристік агент­тіктер үшін жұмбақ сияқты. Айна­лып келгенде, мәселе инфра­құ­рылымға келіп тіреледі. Қорыта келгенде, Қазақстанның ішкі туризмінде шешілмей тұрған түйін – жол мен дәретхана жайы. Монополистердің тамырын тереңге жайып, бәсеке есігін құлыптап қойғаны тағы бар. Осыдан 5-10 жыл бұрын журналистер Көлсай мен Қайыңдыға баратын жолдың ойлы-шұңқыр екенін жарыса жазатын. Қазір жол реңі өзгерген. Бұл тәжі­рибеге сүйенсек, Қатонқарағайдың туристерге құшағын айқара ашуы үшін тағы 10 жыл күтеміз бе?

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ