Суға талас: әркім өзінікін жөн санайды
Суға талас: әркім өзінікін жөн санайды
134
оқылды

Баурайы көлдер мен бұлақтарға толы Бурабай өлкесінде де су мәселесі халықтың шымбайына батып тұр. Әсіресе, мал суаратын суаттар мен өзен-көлдерден малын емін-еркін суара алмаған Бурабай ауданының Златополье ауылында жағдай ушығып тұр.

Ауылдағы қалың бұқара ауыл және аудан әкіміне шағымданғанымен, еш нәтижесі болмаған. Малымен жанын бағып жүрген ауыл тұрғындары үшін биылғы жыл әбден қиын болған жайы бар. Өйткені жергілікті Алексей Волков есімді кәсіпкер осыдан елу жыл бұрын, кеңес заманында жасанды жолмен қазылған қазаншұңқырды жалға алған. Өткен жылдары еш қиындық болма­ғанымен, биыл ауыл жұрты мал ұрттай­тын бір жұтым суға зар болып қалған. Бурабай ауданының Златополье ауылында 400 түтін тұрады. Ауыл әкім­дігінің берген мәліметтеріне сенсек, қазір 1 200 адам тұрып жатыр. Негізінен, мал және егін шаруашылығымен айналыса­тын ауыл жұртының негізгі табыс көзі де ірі қара екен. Осыдан елу жылдай бұрын сонау 1972 жылы жасанды жолмен салынған қазаншұңқырдан ауылдың бар малы мен құсы суға қанып, бау-бақшасын суарып келген. Алайда соңғы жылдары іс насырға шапқан. Ауылдың іргесіндегі су қазаншұңқырын 2017 жылы жалға алған кәсіпкер биылдан бастап ауылдың малын жолатпай қойған. Қазаншұңқыр сонау бұрыннан бері елдің игілігі еді. Қасындағы ұңғымадан сумен толтырылып тұратын. Ауылда екі бірдей табын бар. Бірінде 250-ге тарта, екіншісінде 170 шамасында ірі қара мал бағылады. Бірақ биыл Алексей Волков деген кәсіпкер малды суаруға жол бермей тұр. Ауыл әкімінің де, тіпті аудан әкімдігінің де бұл адамға сөзі өтер емес. Күні кеше қазаншұңқырдан мал суарғаны үшін тағы бір малшыға айыппұл салды. Учаскелік инспектор хаттама толтырған. Біз малмен ғана күнімізді көріп отырмыз. Жақын маңдағы өзендерге апара алмай­мыз. Өйткені ол жаққа өтетін жолдың бәріне егін егілген. Тек күзгесалым ғана суара аламыз. Ал қазір мал қайтіп су ішпек? Малымызды түгел қырып, етке өткізбесек, басқа амалымыз қалар емес. Өзімнің жеке шаруа­қожалығым бар. Елуден астам жылқым бар. Бұған қоса, ауылдың жұрты жылқы­ларын маған қосады. Қайтерімізді білмей әбден дал болдық», – дейді шаруа Олег Дигтярев. Мәселе жөнінде ауыл әкімінен мән-жайды түсіндіруін өтіндік. Ауыл әкімі де жұртшылықтың бұл қазаншұңқырсыз күні қараң қалатынын ашық мойындады. Ол ауылдағы су қоймасының жеке­меншікке жалға берілгенінен де хабар­сыздығын айтып, ақталды. «Ауыл жұртына түсіндіру аса қиын. Барлығы мені ауылдың қасындағы тоғанды сатып жіберді деп ойлайды. Бірақ ауыл әкімдігінің бұл жағдайға еш қатысы жоқ. Ақмола облысының су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясы жалға берген. 2017 жылы жалға алынғанымен, екі-үш жылдай тұрды. Мен оның жалға алынғанын тек былтырғы жылдың ақпанында ғана білдім. Енді биыл ауылдың малына су бермей жатыр. Дәл қазір осы мәселені прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері, учаскелік полиция инспек­торлары, кәсіпкер Алексей Волковпен бірге аудан әкімдігінде тағы талқы­ламақпыз. Тұрғындар шу көтеріп жатыр. Расында да, малға су аз. Мәселені дереу арада шешуге күш салмақпыз», – дейді Златополье ауылдық округінің әкімі Сәкен Сиполдин. Ал тұрғындарының билікке өкпелері қара қазандай. Жұрттың көпшілігі қазаншұңқыр жекеменшікке сатылып кеткен деген пікірде. «Біз өмір бойы ауылда осы малмен күн көріп келеміз. Ал ауыл кеңес заманында салынған осы жасанды су қоймасымен малын суғарып, бау-бақшасын күтеді. Енді малымызды түп-түгел жою ғана қалды. Ауылда мал суаратын басқа су қоймасы атымен жоқ. Ал малшылар малды бағудан да бас тартып отыр. Біз әкім мен Волков тара­пы­нан жасалған әрекеттер құқықтары­мызды бұзып отыр деп санаймыз. Бұлай жалғаса берсе, малымыздың көзін жойып, мемлекеттен біздің отбасымызды асырауға ақша сұрауға мәжбүр боламыз. Біз жалға алған аталған келісімшартты жойып, біздің малымыздың су қоймасын қайтарып беруін талап етеміз», – дейді ауыл тұрғыны Оля Куцевалова. Ал кәсіпкер Алексей Волковтың ай­тар өз уәжі бар. Оның айтуынша, ол бас­қаратын «Бурабай – 2020» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі бұл су қой­масын су ресурстары министрлігі арқылы 10 жылға жалға алған. Содан бері су қоймасына қыруар қаражат бөлгенін, сондықтан өз кәсібін кеңейткісі келгенін баян етті. «Осы жылдар ішінде көлемі 2-3 гектарлық бұл су қоймасындағы бұзылған бөгендерін жөндеп, қайта дұрыстадым. Суын толықтыруға күш салдым. Шама­мен 5-6 миллион теңгеден астам қаржы шығындадым. Тек су қоймасын жөндеу­дің өзіне 2 миллион теңгеге жуық қаржым кетті. Ал мұны ауыл халқының тіпті тың­дағысы да келмейді. Тұрғындарға су қой­ма­сының жанындағы шағын өзектер­ден суаруды ұсындым. Бірақ олар осы су қоймасын беруімді үзілді-кесілді талап етіп отыр. Оны қалай бермекпін? Мұнда жыл сайын шортан, сазан және басқа да балықтарды жіберіп жатырмын. Биылдан бастап судың жағасына күркелер орна­тып, балық аулағандарға барынша жағ­дай жасадым. Қармақ салып демалатын­дар 500 теңге төлеп күні бойы балық ау­лай алады. Былтырдан бері су қоймасын күзетуге күзетші жалдадым. Оған да ай сайын 60 мың теңге жалақы төлеймін. Мені де дұрыс түсінулерін сұрай- мын», – дейді Алексей Волков. Ал аудан әкімдігі Алексей Волковпен ешқандай келісімшарт жасамағанын алға тартты. «Златополье ауылдық округінің әкімдігі бұлақ пен су қоймасын жалға берген жоқ. Ол тікелей Ақмола облысы­ның су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясымен келісімшарт жасап, жалға алған. Біз ауыл шаруашылығының бөлім басшысы, учаскелік полиция инспекторы, Есіл су бассейні инспек­циясының өкілі және Алексей Волковтың қатысуымен жиын өткіздік. Волков арнайы ауыл малына су қоймасын қазуға уәдесін берді. Мәселені осылай шешетін болдық», – дейді Бурабай ауданының әкімдігі. Бірақ әкімдіктің бұл жауабына ауыл тұрғындары қанағаттанбаған. Олар су қоймасын бұрынғысынша ауылға қайтарып беруді талап етуде. Мәселенің қалай шешімін табатыны әзірге белгісіз күйде қалып отыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы