Құрылысы қарқынды Қызылорда

Құрылысы қарқынды Қызылорда

Тәуелсіздікпен бірге түлеген Сыр елінде 1991-2020 жылдар аралығын­да жалпы ауданы 7 млн 372 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, жүз мыңдаған отбасы баспаналы болды. Халық саны миллион­ға жақындаған Қы­зыл­орда облысы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған­дар әлі де көп. Сондықтан тұрғын­дарды баспанамен қамту бағдар­ламасы биыл да жалғасын таппақ.

СЕГІЗ ЖЫЛДАҒЫ СЕРПІН

Әріге бармай-ақ соңғы 8 жылда жүр­гізіл­ген құрылыс қарқынына тоқталсақ. Мәселен, 2013-2020 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 4 млн 255 мың шаршы метрді құрап отыр.  Осы жылдар аралығында 9 960 пәтерді құрайтын 443 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, сондай-ақ жалпы ауданы 3 млн 456 мың шаршы метрді құрайтын жеке тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға бе­рілген. Мысалы, аймақ бойынша 2004 жылы 92 мың шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға берілсе, бұл көрсеткіш 2015 жылы 5,5 есе өсіп, 500 мың шаршы метрге жет­кен. Ал 2016 жылдың өзінде 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Мұндай құры­лыс қарқыны Қызылордада ешуақытта болмаған. 2017 жылы оған дейінгі 2-3 жылғы қарқынды құрылыс нәтижесінде 11 жаңа шағынаудан бой көтерсе, 2018 жылы Қызылорда облысын­да көпқабатты 70 тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Онда барлығы 1 790 пәтер бар. 2018 жыл қорытындысымен Сыр өңірінде 699,6 мың шаршы метр баспананың кілті табысталса, 2019 жылы аймақта тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында Қызыл­орда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Кешенді жоспардағы тұрғын үй құрылысын жүр­гізуде жалға берілетін тұрғын үй құры­лысы­ның бірінші бағыты халықтың әлеу­меттік жағынан осал топтарына арналған. Кешенді жоспар аясында аймақта аумағы 208,9 мың шаршы метрді құрайтын 3 510 пәтерді пайдалануға беру көзделді. Былтыр, яғни 2020 жылы пандемия-дағы кедергілерге қарамастан, тұрғын үй салу жоспары 591 мың шаршы метрді құрап, баспана құрылысы өсімін жоғалтпады. Керісінше, 591 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарланса, оның орнына 609 мың шаршы метр баспананың кілті табыс­талды. Осылайша, үй кезегінде тұрған мыңдаған отбасы қоныстойын тойлап, жаңа баспанаға қол жеткізді. Ал биыл облыс бойынша 105 тұрғын үйдің құры­лысы басталды. – Қызылорда қаласындағы сол жаға­лау­да 590 пәтерлі 12 үй, Шиелі кентінде 72 пәтерлі 4 үй салынып жатыр. Оның ішінде 232 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, 430 пәтер аз қамтылған көпбалалы отбасыларға табыс­талатын болады. Сонымен қатар Ұлттық қор есебі­нен аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 342 жалға берілетін пәтер сатып алынады. Атап айтқанда, Қызылорда қаласынан 192 пәтер, Арал ауданынан – 35 пәтер, Қаза­лы ауданынан –  35 пәтер және Қармақ­шыдан – 10, Жалағаштан – 20, Сыр­дариядан – 10, Шиелі мен Жаңа­қорған­нан 20 пәтерден салынуда, – деді Құ­рылыс басқармасының мамандары.

ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНАДЫ

Биыл Қызылорда облысы әкімдігі мен Үкімет арасындағы бекітілген мемо­рандумға сәйкес облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 644,7 мың шаршы метр тұрғын үй көлемін пайдалануға беруді көздеп отыр. Бүгінде қалада 38 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 28 тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынса, 10 көп­қабатты үйдің кірпішін жеке кәсіпкерлер қалап жатыр. Бүгінде СПМК-70 шағынауданында 13 бірдей көпқабатты үйдің іргетасы қала­нып, бірқатарының құрылысы бел ортасына келген. Сәтін салса, жыл ая­ғына дейін барлығының құрылысын аяқтап, пайда­лану­ға беріледі деп күтілуде. Аталған ау­дан­да бой көтеріп жатқан несиелік үй­лердің жалпы құны 8,2 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай аяқталса, ағымдағы жылы 640 отбасы баспаналы болады. Бұдан бөлек, 680 тұрғын сол жағалау­дан салынып жатқан арендалық тұрғын үйлер есебінен баспаналы болмақ. Атал­ған аумақтағы 14 үйдің құрылысы аяқ­талуға жақын. Мұнда жақын күндері баспана кезегінде тұрған тұрғындар қоныстанатын болады. – Сол жағалаудағы тұрғын үйлер үй кезегінде тұрған тұрмысы төмен, көп­бала­лы отбасыларға, нағыз мұқтаж аза­мат­тарға сатып алу құқығынсыз табыс­талатын бола­ды. Алдағы уақытта да қала­дағы тұрғын үй құрылысы бір сәтке бәсеңдемейді, – деді сала мамандары. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жыл­дар­ға арналған Жол картасы аясында 75 пәтерлі 41 тұрғын үйдің құрылысы жүргіз­іле­ді. Кредиттік тұрғын үйлер бойынша барлығы 665 пәтерді құрайтын 38, жеке қаражат есебінен 220 пәтерді құрайтын 6 тұрғын үйдің құрылысы салынады. Жалпы, облыста биыл 644,7 мың шаршы метр көлемінде тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осындай қарқынды құрылыстың нәти­жесі болса керек, жақында ғана  Ұлттық экономика министрі Әсет Ерға­лиев Үкімет отырысында елімізде орын­далған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ке ұлғай­ғанын айтты. Министр барлық өңірде өсім бар екенін айта келе, құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғары қарқыны Қызыл­орда облысында байқалатынын атап өткен еді. Бұл ретте облыс әкімі Гүлшара Әбді­қалықова Сырдарияның сол жағалауында болғанда: «Біз тұрғындардың, әсіресе аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын ойлауымыз қажет. Сондықтан қаржыны бөле­тін кезде, бүгінгі жағдайға икем­делген жоба басымдық береміз. Әсі­ресе, тұрғын үй құрылысы сапалы жүр­гізіліп, мерзімінде аяқталуы тиіс» деген еді.  

Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы