«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Алматы облысының прокуратурасы арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асырудың Жол картасы аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері 1 300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының өңірлік сектор меңгерушісі – Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелері жөніндегі орынбасары Қанат Қабдиев мәлімдеді.
2021 жылдың басында өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратура арасында бірлескен ынтымақтастық туралы Жол картасына қол қойылған болатын. Жол картасы аясында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен оларға қатысты заңсыз деректердің жолын кесу бойынша бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру көзделген. Бизнес өкілі кәсіпкерлер палатасына немесе прокуратура органдарына жүгінген жағдайда, өтінішті қарау қорытындысы бойынша «Атамекен» ӨКП сараптамалық қорытынды дайындайды, прокуратура қорытындыны зерделеу нәтижесі бойынша прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізеді. «Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыс прокуратурасымен бірге кәсіпкерлерден түскен жеке білім беру, мемлекеттік сатып алу, мониторинг мәселелері бойынша өтініштерді қарадық. Нәтижесінде, 1 356 кәсіпкердің құқығы қорғалды, сонымен қатар прокуратура тарапынан бірқатар ұсыныс енгізіліп, төрт лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының өңірлік сектор меңгерушісі – Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелері жөніндегі орынбасары Қанат Қабдиев. Еңбекшіқазақ ауданының прокуратурасы жекеменшік балабақшаларға қатысты облыстық мәслихат жанындағы тексеру комиссиясының 72 заңсыз тексерісін алып тастады. Тексеру комиссиясының №6 НК бұйрығын (сыртқы мемлекеттік аудит жүргізу қағидаларын) бұза отырып, тексеру жүргізу туралы тағайындау актілерінде белгісіз кезең көрсетілген, бұл жағдай қағидалардың нормаларына қайшы. Жыл басында 700-ден астам жекеменшік балабақша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша келісімшарт жасасу мәселесімен өтініш білдірген болатын. Алматы облысының Білім басқармасы Білім және ғылым министрлігі бұйрығының жаңа нормаларын ескеріп, барлық балабақшалармен келісімшарт жасады. Талдықорған қалалық прокуратурасы қала әкімі аппаратымен мемлекеттік сатып алуға қатысқан 23 қатысушының кепілдік жарналарын қайтармау дерегін анықтады. Кәсіпкерлік субъектілер шарттар шеңберіндегі міндеттемелер толық көлемде орындағанына қарамастан, осындай келеңсіздіктерге жол берілген. Ал Қарасай және Ұйғыр аудандарының учаскелік полиция инспекторлары алты кәсіпкердің қызметіне дербес заңсыз тексеру жүргізіп, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзған. Полиция тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметіне жіберілген материалдар кері қайтарылды. Осылайша, прокурорлардың қадағалау актілері бойынша бизнес субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартуға байланысты көптеген деректің жолы кесілді.Болат АБАҒАН, Алматы облысы