Алматыда вакцина салдырғандарға лотерея ойнатып жатыр
Алматыда вакцина салдырғандарға лотерея ойнатып жатыр
139
оқылды

Вакцина салдыртып, сыйлық ұт! Алматы атқамінерлері вакцина салдырғандар статистикасын өсіру үшін қулыққа басқандай. Қаланың үш базарында екпенің бірінші компонентін ектіргендер лотереядан сыйлық ұтады деген жаңалық ел құлағын елең еткізді. Тегін дүние дегенде елпілдегендер сыйлық ұтуға ағылды, - деп хабарлайды КТК арнасы. 

"Естіп, білдім. Арнайы келіп, акция жүріп жатқаннан кейін, бұл мүмкіндік қой, көріп, алайын дедім. Басында толқыдым. Қазір бәрі жақсы", — деді Алматы қаласының тұрғыны Ақылбек Әубәкіров.
Лотереядан бағын сынаймын деп вакцина салдырғандардың бірі қолшатыр ұтса, екіншісі қойын дәптерді қанағат тұтты. Сәттілік серігі болса, басты сыйлық — қысқа толқынды пеш пен шаңсорғышты қанжығасына байлай алады. Бірақ оны бір күндік акцияда әзір ұтқандар жоқ. Тағы да қолдау табылса, ұйымдастырушылар лотереяны одан әрі де ойнатады. Акцияға тек вакцинаның бірінші компонентін салдырғандар қатыстырылды.
"Алатау ауданында бүгін үш ірі сауда орталығында өткізіп жатырмыз. 30-ға жуық сыйлық бар. Барлығы жазылып, лототронға салынып, түгел тіркеліп қойылған. Қазір біз бір күндік етіп жасап отырмыз. Егер шешімі дұрыс болып, оңтайлы жағдай болса, болашақта ойланамыз, мүмкін жалғастырамыз деді әкім", — деді Алматы қаласы №20 емхананың бас дәрігері Сәуле Әшен.