Кентауда миллиондаған қаржыға салынған құбырда су жоқ
Кентауда миллиондаған қаржыға салынған құбырда су жоқ
125
оқылды
Кентау қаласында бюджеттің миллиондаған қаржысына су құбыры жүргізілген тұтас шағын аудан шөлдеп отыр. Сапасыз құрылысты шенеуніктер бес жыл бұрын қабылдаған. Бірақ құжат жүзінде суы бар Шұғыла ықшамауданының тұрғындары суды тасып ішуде, - деп хабарлайды КТК арнасы.  Халық  шулап әкімдік алдына барса, су бірнеше сағатқа ағады екен. Шұғыла ықшамауданына су берілу үшін Кентау әкімдігіне бару керек. Су азабынан әбден қажыған жұрт бұл жолы да басшыларға барды. Алайда орынбасарларын емес, әкімнің өзі шығуын талап етті. Әкімді жетектеп шенеуніктер бара бермейтін Шұғылаға жетіп еді, апталап ақпаған су аяқ астынан атқақтап шыға келді. Шұғылаға су бес жыл бұрын жүргізілген. Бірақ құбыр жаңа болса да, тіршілік нәрі жиі тоқтайды. Сондықтан тұрғындар арнайы көлікпен су алдырып, үйдегі ыдыс-аяқтың бәрін толтырып қояды. Құбыр бюджет қаржысына жүргізілді деген аты болмаса, халықтан да ақша жиналған. Тіпті тұрғындар судың қысымы болмаған соң өз қаражатына вакуум сорғы да орнатып алыпты.
"Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бастығы Абрасилов рұқсат берсе ғана су қысымын көтереді. Сол кезде су келеді, оның өзінде вакуум сорғымен. Шұғыла шағынауданына екі құбыр жүргізілген. Соның біреуі ғана қазір қосулы тұр. Екіншісінің жүйесі қосылмайды дейді әкімдік", — деді Кентау қаласының тұрғыны Әйгерім Аманқұлова.
Шұғылаға газ да жүргізілген. Бірақ көгілдір отынның өзі болмаған соң, құбыры ұрланып жатыр екен. "Газды жүргізгеніне екі жыл болды. Әне береді, міне береді деп әлі жүр. Құбырлары құлап жатыр. Енді қай уақытта беретіні белгісіз. Құбырлары ұрланып та жатыр", — дейді Кентау қаласының тұрғыны Бегай Сыздықова. Тұрғындар жетектегендей боп келген әкім газ жыл соңына дейін «беріліп» қалар дейді. Қала басшысы Дәурен Мақажанов  су беруге қатысты сапасыз жұмысты қабылдап алған мен емес, бұрынғы әкім деп ақталды. Шұғылаға бес жыл бұрын екі құбыр тартылғанымен, соның біреуін енді іске қосыпты. Ал екінші құбырдың жарамды, не жарамсыз екенін ешкім білмейді.
"Бірінші құбырмен қазір реттеп шығайық. Бір айдың ішінде осы суға халық үйренсін. Бір айдан кейін екінші құбырды қараймыз. Мынаны тоқтатып. Егер ол жерде су болмаса, онда біріншісін бере береміз. Әр жерде анықталған кемшілікті жоямыз", — деді Кентау қаласының әкімі Дәурен Мақажанов.
Бюджеттің 360 миллион теңгесіне жүргізілген құбырдың жарамды екенін Кентауда айтар жан жоқ. Қалай болса да, Кентау әкімі Дәурен Мақажанов Шұғыла ықшамауданында енді су тоқтамайды деп сөз берген еді. Бірақ ол құрғақ уәдеге айналғандай. Себебі, әкім кеткелі бірнеше күннен бері Шұғылада тағы да су жоқ.