Қырғызстанда қытай компаниясынан пара сұрады деген шенеунік екі айға қамалды
Қырғызстанда қытай компаниясынан пара сұрады деген шенеунік екі айға қамалды
151
оқылды

Бішкектің Бірінші май аудандық соты ірі көлемде пара сұрады деген күдікпен ұсталған министрлер кабинетінің төраға орынбасары және сандық даму министрі болған Азамат Дыйканбаевты 20 шілдеге дейін қамауда қалдыру жөнінде шешім шығарды.

Экс-министрдің адвокаты Кайсын Абакировтің сөзінше, Дыйканбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамай, мұны "саяси бұйрық" деп атаған.
"Тергеу Дыйканбаев Қытай компаниясынан келісімді ұзарту үшін 2 млн 600 мың сом талап еткен деп жатыр. Бірақ ол өзінің келісімді ұзартуға құзыреті болмағанын айтады", — деді Абакиров.
20 мамырда Азамат Дыйканбаев ірі көлемде пара талап етті деген күдікпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысына қамалған. Мекеме мәліметіне қарағанда, Дыйканбаев "Қауіпсіз қала" жобасын іске асырып жатқан шетелдік компаниядан келісім мерзімін ұзарту мәселесін оңынан шешіп беру үшін ақша сұраған. Оған қарсы арызды шетелдік компания өкілі жазған. 35 жастағы Дыйканбаев министрлік қызметке екі апта бұрын тағайындалған. Ол оған дейін Байланыс жөніндегі мемлекеттік агенттікті басқарған. "Қауіпсіз қала" жобасы Бішкекте 2019 жылы жүзеге асып, көшелерге жол ережесін бұзған көліктерді анықтайтын видео камералар орнатылған. Жобаның бірінші кезеңін ресейлік "Вега" концерні жүзеге асырған. Екінші кезеңіне тендер жарияланып, оны қытайлық "Shenzhen Sunwin" компаниясы жеңді деп хабарланған.