Емхананың бітпейтін дауы: ананың зары, сәбидің көз-жасы
Емхананың бітпейтін дауы: ананың зары, сәбидің көз-жасы
136
оқылды

Еліміздің емханаларында маман тапшы екені бәріне белгілі. Бұл мәселені айта-айта жауыр болды. Өкінішке қарай, қазір де ештеңе өзгерген жоқ. Қай емханаға барсаңыз да, ұзын-сонар кезектен көз ашпайсыз. Соның бірі - Өтеген батыр ауылында орналасқан Алматы аймақтық балалар емханасы. Оқырманымыздың айтуынша, ол дәрігерге қаралу үшін бір ай бұрын жазылып қойған. Алайда ол күні дәрігердің қабылдауына кіру үшін бес сағат күткен екен.

“Бала - біздің болашағымыз” деп айтамыз. Бірақ іске келгенде сәбиімізге ешқандай жағдай жасалмаған балалар емханасынан-ақ көруге болады. Қызымды Алматы аймақтық балалар емханасындағы невропатолог дәрігерге апарып жүрмін. Алғашқыда ақылы бөліміне қаралғанмын. Бірақ тегін мен ақылыны бір дәрігер қабылдайды екен. Сөйтіп, тегін қаралуға талон алдым. Бірақ өкініп қалдым. Таңғы сағат 08:40-та келіп, түскі 13:30-ға дейін дәрігердің қабылдауын күттім. Сондағы қабылдау 10 минутқа да толмады. Сонда он минутқа кіріп-шығу үшін 3 айлық баламмен 5 сағат дәлізде отырдым. Бұл не сұмдық? Емханалардың жұмысы қашан реттеледі? Ақылы келгендер кезексіз өтіп жатыр. Ал біз тегін болғанымыз үшін таңнан кешке дейін дәрігердің есігінің алдында сазарып отыруымыз қажет. Бұл әділ ме? Неге тегін және ақылы бөлім бөлек ұйымдастырылмаған? Дәрігерге кіру үшін талон алу керегі және талон нөмірі арқылы кезек күтуі жайлы емхана кіреберісінде ескерту жазылмай ма?”,- дейді Анар Құлжанова.

Осы мәселе бойынша Алматы аймақтық балалар емханасының меңгерушісі Құдайбергенова Гүлшат Серікқазықызынан сұрап көрген едік. Меңгерушінің айтуынша, мұндай жағдайдың орын алуы - қаралатын балалар санының көптігі және дәрігердің жетіспеушілігі. Сондай-ақ күніне 30 бала қабылдайтын дәрігерге артылған жұмыс көп дейді.

“Жалпы осы емханаға 16 аудан қарайды. Екі дәрігер күніне 30 бала қабылдайды. Кезекте көп күтіп отырмас үшін әр адам өз маршрутын білуі керек. Дәрігерге тек талон арқылы кіру немесе кезекпен кіру деп емхананың есігіне ескерту қағаз жапсыра алмаймыз. Талап солай. Сондай-ақ тек тегін, тек ақылы қарайтын дәрігер деп те оларды бөлек орналастыра алмаймыз. Кейін егер невропотолог дәрігері келіп жатса, онда оған ақылы бөлімін тапсырар едік. Әзірге маман жоқ. Бұрын бір ғана невропатолог маманы болатын, қайта қазір - екеу. Талғар ауданында невропатолог дәрігер мүлдем жоқ. Бүкіл бала біздің емханаға келіп қаралады”, - дейді меңгеруші.

Гүлшат Серікқазықызы емхана кемшілігімен күресуге шамасы келмейтінін және күнделікті орын алып жатқан келеңсіз жағдайларды осылайша маман жетіспеушілігімен байланыстырды. Ол тіркеу бөлімінің талон тарату жүйесін алдағы күнде реттейтінін айта кетті. Сондай-ақ меңгеруші ауруханадағы балалар невропатолог дәрігер жазғы демалысқа кетсе, орнына отыратын маман жоғын алға тартты. Яғни, 16 ауданнан келіп қаралатын балалар невропатолог дәрігерін бір-екі ай күтуіне тура келеді екен. Әзірге емханадағы маман тапшылығы мәселесі қашан шешіліп, өз жүйесін табатыны белгісіз. Бірақ абзал жанды дәрігерлеріміздің еңбегі еленіп жатқанына қарап, болашақта мұндай түйінді мәселе де өз шешімін табады деп сенеміз.