Түрік ғалымдары Түркістанда Елбасына ескерткіш қоюды ұсынды
Түрік ғалымдары Түркістанда Елбасына ескерткіш қоюды ұсынды

ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары, доцент, доктор Біләл Чакыджы Түркістан қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатуды ұсынды. Бұл туралы Aikyn.kz порталы Azattyq Rýhy тілшісіне сілтей отырып хабарлайды.

Мұндай идеяны ол бүгін «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы: интеграция және ынтымақтастық перспективалары» атты халықаралық онлайн-конференция барысында мәлімдеді. Шетелдік қонақ небәрі үш жылға жетпейтін уақытта Түркістанның жылдам дамып, бауырлас елдердің басын біріктіретін рухани астанаға айналғанын атап өтті. «Түркі елдеріне қажетті маңызды істің барлығы Қазақ елінің Тұңғыш Президентінің бастамасымен жасалған еді. Ал осыдан үш жыл бұрын Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Елбасының ерекше Жарлығы Қазақстан жұртшылығының ғана емес, күллі түркі дүниесінің мерейін тасытты. Осылайша, тарихы терең Түркістан дамудың жаңа сатысына көтерілді. Небәрі үш жылда Түркістанды түркі елдері ғана емес, әлем танитындай жағдайға жеттік. Көне қала өзінің тарихи ерекшелігін сақтай отырып, заманауи бағытта көркейіп келеді. Бұған таңданбасқа, тамсанбасқа болмайды. ескерткіш Осы ретте, мен аса маңызды үндеу жариялағым келеді. Түркі дүниесінің рухани астанасы Түркістанның дамуына, көне шаһарға жаңа леп әкелген, түркі интеграциясын іске асыру идеясына мұрындық болған Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс орталығы – Түркістан қаласынан ескерткіш орнату бастамасын көтеремін. Бұлай деуіме үлкен негіз бар», – деді Біләл Чакыджы. Аталған конференцияны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастырды. Онлайн форматта өткен кездесуге Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) Бас хатшысы Б.Әміреев, Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясының (ТҮРКПА) Бас хатшысының орынбасары Али Йылдыз, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары доцент, доктор Б.Чакыджы, «Nur Otan» партиясының хатшысы А.Қырықбаев және түркітілдес республикалардан өзге де ғалымдар қатысып, Түркістанның тарихи маңыздылығына тоқталды. Қайта түлеген Түркістан бүгінде күллі түркі жұртының жүрегінен орын тепкен. Қазірдің өзінде бұл қалаға ай сайын 200 мың турист келеді. Түркістан – Стамбұл бағындағы рейстер ашылса, алдағы уақытта Бішкек – Түркістан бағыты бойынша ұшақ байланысы іске қосылып, Түркістан – Ташкент – Бұқар – Самарқан арасында темір жол ашу жоспарланған. Түркістанның түркі әлемі үшін маңызын, өңірде болып жатқан оң өзгерістерді Башқұртстанның тұңғыш президенті Муртаза Рахимов та атап өтті. Оның тілек-лебізі жазылған хат конференция кезінде оқылды. «Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар киелі жер. Оның атауының өзі бүкіл түркі әлемін біріктіретінін көрсетіп тұр. Осы халықтардың діні, мәдениеті мен философиясының дамуында Түркістан өлкесінің орны ерекше. Бүгінде түркітілдес елдердің жан-жақты серіктестікті дамыту мәселесін көтеруі бекер емес. Бұл біздің баршамызға ортақ рухани және материалдық құндылықтарымызды, дәстүрімізді сақтап қалуға септігін тигізеді. Ал біздің халықтарда ортақ құндылықтар көп: тіл, дін, мәдениет және тарих. Бүгінгі шараны Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің ұйымдастырып отырғаны да сәйкестік емес шығар. Ясауидің шәкірті Хаджи Хусейн-бек башқұрттарға ең алғаш болып сопылық ілімді үйреткен. Біздің халық мұны ешқашан ұмытпайды. Түбі бір түркітілдес ұлттардың басын қосып, бірлігін нығайту үшін жасаған еңбегі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтамын», - делінген М.Рахимовтың хатында. Қазақстан Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбайдың сөзінше, Түркістанда түркі елдеріне ортақ жобада, бірлесе атқаратын жұмыстар да көп. Мәжіліс депутаты Түркістанды әлемдік туризмнің орталығына айналдырудың бірнеше жолын ұсынды. Оның пікірінше, ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен ертеректе сыртқа шығарылған экспонаттарды өркениетті жолмен елге қайтару қажет. Ол үшін ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ секілді халықаралық ұйымдардың әлеуетін пайдалу қажет дейді депутат. 2018 жылдың 19 маусымында Елбасының жарлығымен Түркістан облысы қайтадан құрылып, орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. 2019 жылдың 15 қазанында Түркітілдес елдердің ынтымақтастығы саммитінде Елбасы Түркістан қаласын дамыту жөнінде нақты ұсыныстарды енгізді. Аз уақыттың ішінде қала қарқынды даму үстінде. Үш жылда 30-ға жуық мәдени орталық пен саябақтар салынды. Түркістанның жаңа әкімшілік ғимараты орналасқан бөлігінде 140 жуық көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. ескерткіш Жиынға қатысқан «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев өз сөзінде партияның Түркістан облыстық сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы екі-үш жылда Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау, дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп-интернатын ашу, олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жөсөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің және «Назарбаев зияткерлік мектебінің» құрылысын аяқтау сияқты шаруалардың атқарылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, 2023 жылы Түркістанда жаңа темір жол вокзалы пайдалануға беріліп, 700 орындық Дарын мектебінің құрылысы аяқталады. Онлайн-кездесудің негізгі мақсаты – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан қаласына «Түркі әлемінің рухани астанасы» деген мәртебе берілуіне орай  жарияланған шешімдерді жүзеге асыру. Конференцияға қатысушылар Түркістанды қайта түлету идеясын бастаған, қаланың саяси стратегиялық маңызына терең бойлаған – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев екенін атап өтті. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, Қазақ хандығының астанасы болған, түркілердің текті төрі, рухани қарашаңырағы атанған Түркістан – қасиетті шаhар. Wisconsin-Madison және Назарбаев Университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы Түркістан жерінің несімен қасиетті екенін атап өтті. Оның пікірінше, түркі халықтарының Түркістанда бірігуі Қожа Ахмет Ясауимен тікелей байланысты. Діни қайраткер, сопылық ілімнің негізін қалаушы Ахмет Ясауи исламдық түрік поэзиясында жаңа жанрдың негізін салып, халыққа Ислам дінін насихаттаған. «Сайрамда дүниеге келген Ахмет Ясауи өмірінің көп бөлігін Яссы қаласында өткізіп, сол жерде қайтыс болып, осында жерленген. Кейінірек ол жатқан орынды Әмір Темір үлкен кесенеге айналдырды. Оның мазары мен кесенесі Еуразиядағы мұсылман түріктері үшін зиярат ететін маңызды орынға айналды. Мұның маңыздылығын түсіну үшін онда қаншама мазар мен танымал тұлғалардың жатқанын білу жеткілікті. Шынында да, бұл қасиетті қазақ жері мұсылман түрік әлемі үшін маңызды. Мен АҚШ-та туып-өскен түрколог және тарихшы ретінде Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялауды өте дұрыс шешім деп қабылдаймын. Пандемия аяқталғаннан кейін Түркістан қаласына сапарлату жоспарымда бар», - деді конференцияға қатысқан Юлай Шамилоғлы. Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы (ТҮРКПА) Бас хатшысының орынбасары Али Йылдыздың сөзінше, бүгінгі жетістіктерге жету жолында сан қилы қиындықтан өтуге, ұзақ жылдық келіссөздер жүргізіп, бағдарламаларды қабылдауға тура келген. Шетелдік беделді ғалымдар конференцияда Түркістанды жан-жақты дамытудың, туристік орталықтардың біріне айналдыру жолындағы жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті. «Бүгінгі күнге дейін түркі мемлекеттері интеграциялық үдерістерді дамыту тетіктерін құруда ұзақ жолдан өтті. «Түркі ынтымақтастығы» термині халықаралық қатынастар жүйесінде маңызды орын алады деп толық сеніммен айтуға болады. Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының соңғы кезектен тыс саммиті осы тезистің расталуы болды. Түркістанның айналасында бауырлас елдердің топтасуы Еуразия аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға да үлес қоса алады. Өткен кезең түркітілдес мемлекеттер арасындағы терең ынтымақтастықтың, кейіннен интеграциялық үдерістердің үлкен әлеуетінің бар екендігін растады. Аймақтық және жаһандық деңгейде бұл дискурсты біздің ұйымдар жариялады. Енді біздің алдымызда түркі ынтымақтастығының стратегиялық векторына бағытталған жаңа мақсат пен міндет тұр. Сондықтан биыл – Орталық Азия елдері үшін нысаналы жыл, өйткені біздің мемлекеттер өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Мемлекет басшылары кезектен тыс саммитте атап өткендей, түркітілдес мемлекеттер ауыз толтырып айтарлықтай саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізді», - деді Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы (ТҮРКПА) Бас хатшысының орынбасары Али Йылдыз. Жиынға қатысушылар маңызды шешімдерді жүзеге асыруда үнемі бірлікте жұмыс істейтінін, Түркістанды дамытуға күш салатынын жеткізді. Сондай-ақ, ғалымдар мен конференцияның өзге де қатысушылары жиында ұсынылған резолюцияны бірауыздан қолдады.