Вице-премьер Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның депутаттық сауалына жауап берді. Мәжілісмен 8 наурызда Алматыда өткен феминистер шеруінің заңдылығын тексеруді сұраған болатын.
Бұған дейін Бекболат Тілеухан шеру кезінде әкімдік мақұлдаған мәселелерден басқа, елде тыйым салынған экстремистік ұйымның ұрандары айтылғанын, сонымен қатар бір жынысты неке мен жыныстың өзгеруі туралы насихат жүргізілгенін де атаған еді. Осы жайға тоқталған мәжілісмен вице-премьерден акцияның заңдылығына баға беріп, балаларды «зиянды» ақпараттан қорғауды сұраған. Ал өз жауабында Тоғжанов шеру мен митинг Алматы әкімдігімен келісілгенін жазды. – Мүдделі мемлекеттік органдар акция кезінде қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдады. Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, акция кезінде қоғамдық тәртіп бұзылмаған, – делінген жауапта. Митингті ұйымдастырушылар «әртүрлі әйелдердің құқығы» тақырыбын алдын ала бекіткен болатын. Кейін шеруге ЛГБТ өкілдері де қосылып, баса назар салған мәселе басқа арнаға түсіп кеткендей әсер қалдырды.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ