Минск қаласында бортында Nexta Telegram арнасының негізін қалаған оппозиционер Роман Протасевич отырған Ryanair әуекомпаниясының ұшағын қондыру туралы бұйрықты Беларусь президенті Александр Лукашенко берген. Бұл туралы Лукашенконың баспасөз қызметіне байланысы бар «Пул Первого» Telegram арнасы мәлімдеді.
Афинадан Вильнюске ұшып бара жатқан ұшақты қондырғаннан кейін «Пул Первого» арнасы «Беларусь Еуропаны қорғады» деген тақырыппен жазба жариялапты. «Ұшақта жарылғыш зат бар деген мәлімет түсті. Маршрут скриншотында борт шекараға жақын қалғаны көрінсе де, ұшақты қондыру туралы өтініш Минскіге түсті. Жағдай президентке баяндалды. Лукашенко дереу ұшақты қайтарып, қондыру жайлы бұйрық берді. Бұл жағдайда ең бастысы – қауіпсіздік және адамдардың өмірі. Вильнюске жүгінуге болар еді. Бірақ дәл Минскіге жүгінген. Осылай диктатордың көмегі қажет болып қалған! Саяси жағдай қандай болса да, Беларусь қиын жағдайда бас тартатын ел емес. Оның үстіне мұнда адамдардың өмірі қыл үстінде тұрды» делінген жазбада. Сонымен қатар Лукашенко жолаушылар ұшағын қондыру үшін МиГ-29 жойғышын әуеге көтеру туралы бұйрық бергені айтылды. Ал әуежай «ұшаққа бомба қойылды» деген хабардан кейін ұшақ қондырылғанын жария еткен. Бірақ көп өтпей бұл ақпарат расталмады. Ал ұшақ бортында журналист, Nexta Telegram арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевич болған. Nexta 2020 жылғы тамызда Беларусьтегі президенттік сайлаудың нәтижелері жарияланғаннан кейін жаппай наразылық кезінде оппозицияның негізгі алаңдарының біріне айналды. Арнаны Беларусь билігі экстремистік деп танып, оның негізін қалаушылар Степан Путило мен Роман Протасевичті терроризмге қатысы бар жеке тұлғалардың тізіміне енгізді. Алдын ала дерек бойынша, Беларусьте Протасевичке өлім жазасы төніп тұрғаны айтылды.Мадияр ТӨЛЕУ