Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театрында өткен мәдениет саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиында осы саланың майталмандары марапатталып, үздік ұжымдар анықталды. «Алатау әуендері» концерттік ұйымы өңірдегі үздік мәдениет мекемесі атанып, өнер ұжымына «Киа Рио» автокөлігінің кілті тапсырылды.
Мәдениет саласы қызметкерлерінің күніне арналып ұйымдастырылған салтанатты шараға келген облыс басшысы мен құрметті қонақтар жиын алдында театр фойесіне қойылған өнер көрмесімен танысты. Жыл барысында қол жеткізген жетістіктер мен жақсы жаңалықтардың куәсі болып, алдағы жоспарлар жайы да айтылды. Бұдан соң салтанатты жиын жалғасып, белгілі күйші Секен Тұрысбековтің дирижерлігімен «Ақ жауын» камералық оркестрі орындаған «Көңіл толқыны» күйі сахна шымылдығын ашты. Мәдениет саласы майталмандарын кәсіби мерекемен құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов қоғам өміріндегі, рухани кемелденудегі өнердің рөлі туралы қысқаша айта келіп, облыста мәдениетті қолдауға көп көңіл бөлініп отырғанына да тоқталып өтті. – Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Тау суындай мөлдір, бекзат өнердің биігінде жүргендердің барлығына шығармашылық табыс тілеймін. Халықтың экономикалық және әлеуметтік жағдайының жылдан-жылға жақсаруына байланысты мәдени-рухани саланың дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл облысымызда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Талдықорған қаласының Алматы облысы орталығы мәртебесін алуының 20 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, Жолбарыс бидің 350 жылдығы, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтың 95 жылдығы сияқты атаулы күндерге орай түрлі мәдени-іс шаралар жоспарлы түрде атқарылып жатыр. Біздің руханиятта жетіп отырғын барлық жетістіктеріміз сіздердің арқаларыңыз. Халық мұрасын насихаттаудағы еңбектеріңіз жансын! Отбасыларыңыз аман-есен болып, жақсылық, қуаныштар еселене берсін! Осы мереке күні сіздерге шалқар шабыт, сарқылмас қуат және жаңа жетістіктер тілеймін» деген өңір басшысы осы салада еңбек етіп жүрген үздік мамандардың, түрлі байқауларда топ жарған жастардың есімдерін атап өтті. Салтанатты іс-шара мәдениет майталмандары мен үздік ұжымдарды марапаттаумен жалғасты. Жыл бойы жүргізілген жұмыстарының қорытындысында 14 аталым бойынша мықты мекемелер мен үздік мамандар анықталып, оларға жеткен жетістіктеріне сай құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, «Үздік мәдениет үйі» аталымында Жамбыл аудандық мәдениет үйі оқ бойы озық шықса, Текелі қалалық кітапханасы «Үздік кітапхана» ретінде марапатталды. Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі «Үздік музей», Іле ауданындағы үлгілі «Элегия» вокалдық ансамблі «Үздік халықтық үлгілі атағы бар ұжым» атанды. Сол сияқты Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің балет әртісі Гүлнұр Қаржаубаева «Үздік биші» деп танылса, филармонияның жеке дауыстағы әншілері Сая Есенгелдинова «Үздік дәстүрлі әнші», Александра Ревкова «Үздік әнші» аталымын иеленді. М.Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің аспапшы әртісі Ботагөз Дүнгенбаева «Үздік аспапшы», талғарлық Сайлау Ботабеков «Үздік қолөнерші», Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері Бағдат Батыров «Үздік техникалық-жабдықтау қызметкері», Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры әртісі Базарбек Тоқымтаев «Үздік театр әртісі», «Батыр бабалар» музейінің меңгерушісі Әлім Орынбасар «Үздік музей қызметкері», Талдықорған қалалық кітапханасының қызметкері Аяжан Қыдыралинова «Үздік кітапхана қызметкері» ретінде марапатталды. Жеңімпаздарға номинация статуэткасы мен арнайы 100 мың теңгенің сертификаты берілді. Өңірдің «Үздік мәдениет мекемесі» атанған «Алатау әуендері» концерттік ұжымы облыс әкімінің қолынан «Киа Риа» автокөлігінің кілтін алды. Сонымен қатар 30-дан астам азаматқа «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, Мәдениет және спорт министрлігінің және облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен алғысхаты берілді. Мәдениет саласы өкілдерінің атынан Б.Римова атындағы драма театрының әртісі Руслан Сенкебаев сөз алып, әріптестеріне ақ тілегін арнады, облыс басшылығына алғысын жеткізді. Шара мерекелік концертпен аяқталды. Биыл мәдениет саласына облыстық бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Қазір өңірдегі архивтер мен мәдениет мекемелерінің саны – 585. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 12 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, 481 млн теңгеге саладағы мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Алматы облысының дамуына үлес қосқан жергілікті қаламгерлер мен балаларға арналған кітаптарды шығаруға, сондай-ақ облыстық бюджеттен кітап сатып алуға 67 млн теңге бөлінді.Болат АБАҒАН, Алматы облысы