Шайбалы хоккейден Латвияның Рига қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионаты түрлі сенсациямен басталды. Бастапқы екі ойынның өзінде құрамалар арасында көпшілік күтпеген нәтижелер тіркелді. Латвия құрамасы өз тарихында бірінші рет Канададан басым түсті. Беларусь хоккейшілері шведтерді жеңіп сенсация жасаса, Қазақстан құрамасы турнирдің басты фавориттерінің бірі саналған Финляндияны сан соқтырып кетті.
Булиттер сериясында Латвияны 3:2, Финляндияны 3:1 есебімен жеңген Қазақстан төрт ұпаймен В тобында екінші орында тұр. Осылайша, біздің жігіттер плей-офф кезеңіне жолдама алуға бір табан жақындады. Топтағы жағдай төмендегідей: Германияда – 6, Қазақстанда – 4, Латвияда – 4, Финляндия- да – 4, АҚШ-та – 3, Норвегияда 3 ұпайдан бар. Ал Канада мен Италияда әзірге ұпай жоқ. Қазір барлық команда екі кездесуден өткізіп үлгерді. Келесі ойында Қазақстан азулы АҚШ құрамасымен маңызды ұпайды сарапқа салады. Ұлттық құрама жаттықтырушысының ұлы шабуылшы Никита Михайлис қос кездесуде де нәтижелі ойынымен көзге түсіп, үздіктер қатарынан көрінді. Пас та берді, буллиттер сериясында қақпаны да дәл көздеді. Құрама қақпашысы Никита Бояркин де мамандардың мақтауына ілікті. Айтпақшы, Никита Қазақстан құрамасы сапында Латвиямен өткен ойында дебютті матчын өткізді. Қазақстандық паспорты бар Хенрик Карлссонды ауыстырған «Сарыарқаның» қақпашысы көпшілікті сенімді ойынымен тәнті етті. Қақпашы әлем чемпиондарымен өткен матчта фин хоккейшілерінің елуден астам соққысын қайтарды. Ойыннан кейін Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Юрий Михайлис кездесуден алған әсерімен бөлісті. – Біз матч басталмай жатып-ақ жеңіске жететінімізге сенімді болдық және жеңіс үшін ойнадық. Үмітіміз ақталды. Ынтымағы жарасқан командамның арқасында үздік нәтижеге қол жеткіздік. Жігіттер соңына дейін ойнады, жанқиярлық танытты. Ең бастысы, өз күшімізге сендік. Кейбір сәттерде, тіпті ойын барысында Финляндия құрамасы бізден басым болды, бірақ біз соңына дейін күрестік, – дейді бас бапкер. Қазақстаннан жеңілген соң Финляндия құрамасының жаттықтырушысы Юкка Ялонен ойынның жоғары қарқынмен өрбігенін, бірнеше шайба соғатын мүмкіндіктері болғанын, алайда көп шабуылды сәтті аяқтай алмағанын айтты. «Ойын барысында қақпаға елу соққы бағыттаппыз. Ал қарсылас командада шайба соғатын төрт мүмкіндік болған. Осыдан-ақ ойын қай құраманың басымдығымен өткенін білуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге сәттілік жетіспеді» деген өкінішін білдірді фин жаттықтырушысы.