Қазақы төбет, қайдасың?
Қазақы төбет, қайдасың?
471
оқылды

Қазір әлемде иттің 400-дей түрі бар екен. Соның ішінде қа­зақтың құмай тазысы жүйріктің бірі деп танылса, төбет ең ірі 10 ит­тің қатарына енген. Енді, міне кезінде бабаларымыз жеті қа­зынаның біріне жатқызып, төрінен орын сайлаған нағыз та­зыларды осы күні түстеп тану қиынға соғып отыр. Ал төбетіміз тіп­тен жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды. Тауықтың тізімін жасап, сиырға сырға тағуды үйренген қазақ, неге екенін қай­дам, төл қазынасын түгендеуге енжар болып барады.

Таздың шашындай ғана тазы қалды

Сенатор Мұхтар Құл-Мұхам­медтің «Алтын адамның ерткен иті жоқ. Егер ерте қалса, оның тазы бо­латынына менің еш күмәнім жоқ» дегеніне сүйеніп, тарих беттерін парақтасақ, тазының қазақ дала­сында алғаш б.з.д. 7-6 мыңжылдықта қолға үйретілгеніне көз жеткіземіз. Ғалымдардың пайымынша, шама­мен 2000-2500 жыл бұрын тасқа қашалған петроглифтер де оның сонау Сақ заманында қолға үйре­тілгенін айғақтайды. Ал орыс зерт­теушілері 1917 жылғы Қазан төң­керісіне дейін қазақ даласында 10 мыңға жуық тазы болғанын жазып кеткен. Қазір соның таза қандысы 500-ге де жетпейді екен. «Аштық кезінде бір өзі тұтас бір ауылды асыраған» дейтін бұл иттің сырттаны Кеңес Одағы заманында, тіпті 200 басқа дейін кеміген көрінеді. Аштық демекші, академик А.Слудский 30-жылдары қазақ даласында шама­мен 7 мыңнан астам тазы болғанын және олар бір маусымда 30 мыңдай аң ұстағанын жазған. Өкінішке қарай, сондағы репрессия талабымен тері өңдейтін фабрикаға ит терісін қажетсініп, бір ғана Қызылорда облысының өзінен 500 итті жинап әкеткен. Оның 90 пайызы – таза қанды қазақы төбет пен жарғаққұлақ тазы болған көрінеді. Сонымен қатар халықаралық дәрежедегі са­рап­шы Рашид Әубәкіров Хрущевтің өзі түлкі, қояндарды аулау тәсілін «өте ынжық», «жабайы» санап, сол үшін барлық тазыны жаппай қыруға бұйрық бергенін айтады. Қазір де ит атушылар көшеде көзіне көрінгенін ата салады. Ол онсыз да тұқымы тұздай құрығалы тұрған тазы мен төбет болса да бәрібір. Далада жүр ме, бітті, қаңғыбас иттер санатында. Бір жағынан, қазір ит жүгіртіп, құс салатын жігіттер некен-саяқ. Тазы болса, тумысынан аңшы ит. Балконнан мөлейіп, тас көшеге тел­міріп отыру мен қалалық ақсау­сақ­тың жетегінде жүру – табиғатына жат. Ал аң аулауға әуес азаматтар оны білместікпен арабтың салюкиіне, қырғыздың тайғанына, ағылшын­ның грейхаундына ылықтырып, тәуір тұқымын былықтырып жіберді. «Тазы» деп аталғанмен, нақты қан­дай тұқым екенін айыру қиын. «Жаңа­­­шылдыққа» ұрынудың кесірі­нен дүрегейден гөрі дүбәра деуге келетін бірдеңелер пайда болды. Сондықтан кинологтер тазының ха­лықаралық деңгейде танылуы тиіс таза қанын сақтап қалу үшін генети­­калық зерттеуге басымдық беріп, аралас тұқымдардан арылу керегін алға тартуда. Ал ұлттық тұқымды анықтау және тіркеу – 2014 жылы құрылған «Қансонар» қоғам­дық бірлестігі мен аңшылық шаруашы­лығының міндеті. «Стандартты бекіту үшін кем дегенде мың итті сипаттап жазып, олардан жоқ дегенде 3 өсім алу ке­рек. Сондай-ақ стандартқа жазған нормалардан ауытқу патология са­налатынын дәлелдеуіміз шарт. Оған ондаған жыл кетеді. Ал иттердің толыққанды тұқым беретін репро­­дуктивті жасы 2 жастан басталады. Оған келесі 2 буынды қоссаңыз ғана әлгі 10 жыл шығады», – дейді «Қан­сонардың» кинологі Ольга Вишня­кова. Заман талабы сондай болған­дықтан, таза қанды екені көзге ұрып тұрса да тазымыз ресми құжатсыз көп иттің бірі ғана болып қала бер­мек. Екіншіден, оның тектілігін дә­лелдеу қажет. Алайда бізде тазыға қатысты «шежіре құжат» та жоқ. Сөйтіп, асылтұқым тізімін жасау мақсатында ауыл аралауға ерініп жүргенімізде, Ресей, Түркия және Еуропаның бірнеше елі қазақы та­зыны «Орта Азия борзайы» атауы­мен патенттеуге құжат әзірлеуді көз­деп қойыпты. Олардың төбетті сырттай Ресейдің ұлттық иттерінің бірі етіп, «Азия овчаркасы» санатына теліп қойғанына қарағанда, бұл істің де қолдарынан келетініне күмән жоқ. Өйткені БҚО тұрғыны Рауан Саты­балдиев: «Қазақ жеріндегі тазы­лар­дың стандарты бекітілгенмен, әр об­лыс өз тазысын қазақы құмайдың эталоны ретінде қарап, бір ымыраға келер емес. Бізден талап етілетіні бір-ақ нәрсе – таза тұқымды тазылар санын 1 000-ға жеткізіп, арнайы реестрге тіркеу. Әркім көрпені өзіне тартып, қалайда өз тазысын биік қою үшін қызылкеңірдек болып жүрер болса, бұл даудың жуырда бітпесі анық», – дейді. Тазы ұстап отырған Естай Туғанбай мен «Қансонар» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Сұл­тан Әбдірайымов та осындай алауыз­дықтың кесірінен патенттеудің ауылы әлі алыстау болып тұрғанын растады. Ал Азия елдерінің ішінде Оңтүстік Корея мен Жапония итте­рі­нің таза тұқымын сақтау үшін бірауыздан арнайы заң қабылдаған. Түріктер иттерін патенттегеннен бө­лек, тіпті оның қорғалуын Қор­ғаныс министрлігі қатаң қадаға­лайтын болған. Сондай-ақ Түрік­менстан шекарасынан бір алабайды алып өтпек болсаң, түрмеге қама­ласың. Айта кетсек, «Қансонар» қоғам­дық бірлестігінің басшысы Оралбай Әбдікәрімов қазақ тазысын ха­лықара­лық деңгейге шығару үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдері мен Президентке және Бельгиядағы FCI атты халықаралық ит бағу фе­дерациясына дейін хат жолдап кел­ген. Соның нәтижесі енді шығатын түрі бар. Өйткені Мәдениет және спорт министрлігінің басқарма бас­шысы Мейрамбек Махамбетов «Ар­найы жұмыс тобы құрылды. 2021 жы­лы жақсы жаңалығымыз болады деп сенемін» деп алақан ысқылап отыр. Бұл ретте арнайы питомник ашып, тазыны жоғарыда аталған елдер сияқты мемлекеттік деңгейде қамқорлыққа алмасақ, FCI-дің «қа­зақтың иті» деп мойындай салуы неғайбіл.

Алабайдың атасы – қазақы төбет

Төбеттің археологтер тапқан ең көне сүйегімен сәйкес келетін дерек­ке сүйенген тарихшылар сол дәу ит­тің қазақ қолындағы дәурені б.з.д. 1121 жылы басталған деседі. Ал әйгілі саяхатшы Марко Поло XIII ғасырда қазақ даласына табан тіреп, сол сәттегі естелігінде біздің төбетті «Тайын­шадай биік денелі иттер түз тағыларын аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік сияқ­ты» деп жазыпты. Сондай-ақ кезінде этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы да бұл асылтұқымды итті «Әлемдегі 116 ит түрі ішінде қазақтың таутөбеті ең ірісі болып табылады. Оның кеу­десі, мойны, тұмсығы – жуан, басы, аузы – үлкен, тістері – ірі, езулері салақтап жүреді. Тұмсығы келтелеу болса да жуан болып келеді. Жүні қалың, ұзын қылшықты. Бас жүні бет-аузын жауып тұрады. Құлақта­рын да жүн басып алған» деп сурет­теген. Жалпы, осынау қазақы иттің таутөбет, маңтөбет, бәйтөбет деген үш түрі бар. Таутөбет – Жағда Баба­лықұлы айтқан ең ірісі. Қыста үй­шік­ке жатпай, «мұз төсеніп, қар жамы­лып» жата береді. Маңтөбет – далада күні бойы мал күзететін, қас­қыр алатын ит. Төбеттің осы түрі иесі қайтыс болса, оны моласының ба­сында жатып қайғырады екен. Бәй­төбет – тықыр жүнді, жазық маңдай, арқасы сәл қайқы біткен ірі тұқым. Үстіңгі ерні қалың, иегі жал­пақ, дөңес қабақты, құлағы бас терісінен үшбұрыш болып тө­менірек біткен, қарны кеуде тұ­сымен дең­гейлес, жамбасы бе­лімен тұ­тасқан ит. Мамандардың айтуынша, 1940  жыл­ғы санақ бойынша Қазақстанда 19 мыңдай төбет болған. Ал қазір не­бәрі 1 000-ның айналасында десек, оның 170-і ғана таза қанды көрінеді. Себебі олар 1966 жылы Қытайдағы, 70-жылдары Қазақстандағы мәде­ниет төңкерісі кезінде «ескіліктің сар­қыншағы» ретінде жоғала бас­таған. Тіпті, Қытайдың жаңа жыл мерекесінде ит сою дәстүріне сәйкес, «қазақ төбетінің еті тәтті» деген же­леумен қытайлар қорадағы итті қой­майтын болыпты. Кейін тәуелсіздік алып, жоғымызды түгендей баста­дық. Осылайша, үркіншілік жылда­ры қазақ байларымен бірге шекара асып кетіп, Қытай, Моңғолия жерін­дегі Алтай қазақтарында және Түр­киядағы қандастарда сақталған тө­беттер жеткізіліп, олардың гені зерттелді. Бұл ретте түрікмен алабайының атасы да біздің қазақы төбет екенін ескерте кеткен жөн. Олардың өзі алып иттерін бертінге дейін «алабай» демей, «қазақы төбет» деп атап кел­ген. Өйткені төбеттер Түрікменстанға большевиктер қуғындаған адайлар­мен бірге жеткен. Алайда атасы қаза­қы төбет болғанымен, түрікмен ала­­­байы – әбден қаны бұзылған ит. Сондықтан олар ызақор, қабаған болып келеді. Тіпті, алдындағы тама­ғын қызғанып, өзінің иесін де жеп қоюға даяр тұрады. Қазақы төбет болса, керісінше көрінгенге шаба­ланып үрмейді, байлаусыз жүрсе де адам қаппайды. Тек бөтен адам келсе ғана маңқ етіп үріп, дыбыс береді. Балалар онымен ойнап, үстіне де мініп алып жүре береді. Әдетте ерін­шек көрінетін тайыншадай төбеттер қасқыр көрсе көзі жанып, ширығып шыға келеді. Алайда қалыпты пси­хикасы бұзылмаса, ит таласына түс­пейді. «Егер ит таластырудан қазақ төбетін көрсеңіз, бұл – таза қанды төбет емес. Ит төбелестіргіштер тө­бет­тен ызақор, шапшаң ит шығару үшін оны қазір неше түрлі шетелдік тұқымдармен будандастырып әлек. Таза қанды төбеттің күн санап азайып бара жатуының негізгі себе­бі – осы», – дейді алматылық ит өсіру­ші Асылбек Әбдіқанұлы. Сондықтан былтыр Нұр-Сұл­танда таза қанды тазы мен төбет ор­талығы ашылды. «1958 жылы елі­мізде тазы ғылыми түрде зерт­теліп, оның стандарты бекітілді. Қазір сол стан­дартқа сай еліміз бойынша та­зыларды тіркеп жатырмыз. Онда тазының атауы, қай жердікі және жас мөлшері секілді барлық мәлімет көрсетілген. Ал төбеттер тым аз. Се­бе­бі ол басқа ит түрімен будан­дастырылып, өзіндік қасиетін жо­ғалтып алды. Негізі, біздің төбет әлем­дегі салмағы 100 келіден асатын ірі 10 иттің қатарына енеді», – дейді «Қансонар» республикалық қауым­дастығының басқарма төраға­сы Оралбай Әбдікәрімов. Төбет әлемдегі 10 ірі иттің қата­рына енгенмен, «қансонар­лықтар» оның таза қанды онын да таппаған. Бірлестіктің бас кинологі Инна На­за­ренко: «Ең алдымен иттің сырт­қы сипатына көңіл бөлеміз. Өзі төбет сияқ­­­­­­ты, бірақ күшіктері түсініксіз болып шығады. Шамамен 230 итті қарағанда, соның ішінен стандартқа 70-80 пайыз сай келетін 10 ит те шық­пады. Бұл – өте алаңдатарлық жайт» деп налыды. Ол аздай, қа­зақтың өзі сынды маңғаз төбетін қа­зір нұрсұл­­­тандық кинологтер есірт­кі заттары мен адам іздеуге пай­даланып отыр. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.

Ит сатып, байымай-ақ қоялық!

Тақырыпқа тұздық ету үшін қа­зақы тазы мен төбетті сататын пи­том­никтерді іздеп көрдік. Хабарлан­дырулар толып тұр екен. Таза қанды иттер емес екені түсінікті. «Екі тазы ит сатылады. 35 000 теңге. Аңға шық­қан, ауызданған тазылар» деп қойып­­­ты жамбылдық азамат. Жаңа­қор­­ғандық жігіт болса, төбет күшігін 30-50 мың теңге аралығында, ірілерін 150 мың теңгеге сатуды кәсіпке ай­налдырған. Алабай болса керек, әй­теуір олар күніне 10-15 келі шикі ет жейді екен. Ал Петропавл тұрғыны итін сатпайды, бірақ сатып алады. Нақты айтқанда, ол жоғалтып алған тазысын тапқан адамға бір қой неме­се ақшалай сыйлық бермек. Өйткені оның табылғаны өте маңызды. Қарап отырсаңыз, сол тазы мен төбеттің кей күшігі 1 000 долларға дейін барады. Осы орайда қараған­дылық тазы ұстаушы Құрманғазы Әлиманов: «Нарық заманында «ит сату», «ит сатып алу» деген ұғым бар. Бірақ мен осыны қабылдай алмадым. Ол қанша жерден жүйрік тазы бол­сын, оның арғы атасы ит қой. Ит сат­қаны несі?! Ел осыны ескерсе екен деп ой­­­лаймын. Біреулер бұдан нә­пақасын да тауып жатқан болар. Десек те, «ит са­тып, нан тауыпты» де­ген тұрпайы естіледі. Шынайы жана­шыры болса, «қазақтың төл өне­ріне қиянат жаса­­­маймын» деген адамға тазыны тегін тарату керек» деп салды. Сондай-ақ ислам дінінде де сату мақсатында ит асырау – мәкрүһ деп есептеледі. Имам Шафи­ғидің айтуынша, ит «нәжәсүл-ъайн», яғни «нәжістің өзі» саналып, өзге нәжіс тәрізді құнсыз затқа жатады екен. Сол себепті кез келген ит сауда заты бола алмайды. Мысалы, кезінде қасқыр­дың сыртта­­­нын алып, атағы алты қыр асқан тазыларын қалың­малдық жылқыға айырбастамаған қазақтар көп болып­­ты. Қазақ қана емес-ау, Мұхтар Құл-Мұхаммед Вик­тор атты досынан бір жас­­­­­тағы Дауыл деген тазыны 1 000 дол­­­­ларға сұраған­да, ит қадірін жақсы білетін ол жауа­бын: «Сатпаймын! Тұқым үшін қал­­­­­ған» деп келте қайыр­­ған екен. Осындай адал­­­дықтан айны­масақ, жоғымыз түген­деліп, барымыз баға­лана түсер...

Еркеғали БЕЙСЕН