Бас қала «жасыл қалаға» айналсын...
Бас қала «жасыл қалаға» айналсын...
164
оқылды

Заман мен адам өзгерген сайын, біраз түсініктің дәстүрлі кейпі де ауысады. Мәселен, бұ­рын саябақ десе, көз алдымызға жасыл желек қана келетін болса, уақыт өте келе оған де­ма­лысқа арналған алаңқай деген бейне қосылды. Ал қазір ол түсініктің өзі жаңарып, қаладағы сая­бақтың функциясы трансформацияға ұшырап келеді. Дамыған елдерде қаланың ландшафтына баса мән береді. Бос кеңістікті барынша пайдалануға тырысады. Сондай кеңіс­тіктің бірнешеуін бас қаладан көріп жүрміз. «Ол жерлерде саябақ салса қалай болады?», «бас жоспар бойынша не салынар екен?» деп ойлап, әкімдікке сұраныс жіберіп, жауабын алдық. Ретімен айтсақ, бүгінгі та­қырыпқа тұздық – осы бос кеңістік. Ендеше талдап көрелік.

Астанаға +1 сауда орталығы мен тұрғын үй кешені

Әлқисса, бас қаланың сол жа­ғалауында, «Бәйтеректің» ма­ңайын­да орналасқан «Керуен» сауда және ойын-сауық орталығы бар. Сол сауда орталығы мен «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешенінің ортасында үлкен аумақ бос жатыр. Қаланың қақ ортасын­дағы бұл жерде болашақта қандай ғимарат бой көтерер деп ойлаған адам аз емес шығар?! Бізді де қы­зықтырып, Нұр-Сұлтан қаласы әкім­дігіне сұраныс жібердік. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 2015 жыл­ғы 30 шілдедегі №120-24 745 қаулы­сымен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жоба­сына сәй­кес, жер учаскесінде «Кер­уен-2» көпфункционалды ке­шенін орналас­тыру көзделген. Мемлекеттік жер кадас­трының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорына сәйкес, 21-320-072-1115 ка­дастр­лық нө­мірі бар жер учаскесі жер пай­даланушының жекеменшік құ­қы­ғында» делінген әкімдік жауа­бында. Демек, «Керуен» «Керуенге» ұласады екен. Айнадай жарқыраған, әйнек ғимарат саны тағы бірге көбейеді деген сөз. Қазіргісі 64 000 шаршы метр жерді алып жатқан сауда және ойын-сауық орталығының екіншісі қандай болатыны қызық. Бірақ ол жерде құрылыстың бүгін-ертең басталатыны туралы ақпарат жоқ. Әрі қарапайым қала тұрғыны ретінде жолшыбай өте қалсаңыз, бос жат­­қан кеңістіктің сол маңдағы әдемі көріністі «бүлдіріңкіреп» тұрғанын байқауға болады. Әу басындағы саябақ идеясына мұның қатысы қанша екеніне келсек. Үлкен аумақтың «сұрақ белгісі­мен» тұрғанына қарап, бәлкім ол жерде саябақ пайда болса деген ой келген. Әлбетте, ол маңда адамдардың де­­ма­­­луына арналған жер жоқ деуге келмейді. Өйткені сәл жүрсеңіз, Нұржол бульвары бар. Одан қала берді, жаяу жүрсе 20 минутта жетуге болатын, шамамен 1,5 шақы­рым жерде «Ға­шықтар» саябағы жеткілікті десе де, ке­ліспеске амал жоқ. Әйтсе де, бүгінде қала ландшафтына қатысты заманауи ше­­шімдер қабылданып жатыр. «Бастысы саябақ жоқ демесін» дегендей көзқарас жүрмейді. Өйткені саябақтарға қатысты негізгі талаптардың ішін­де оның кіріп-шығуға, жаяу жүруге қолайлы болуы бар. Мәселен, жұмыстан шаршап шыққан қызметкердің, болмаса үйінен таза ауа жұтып, серуендеуге шыққан ата-әжелердің саябаққа оңай кіруіне мүмкіндік жасалуы керек. Қаланың инфра­құры­лымдық объектілері мен саябақтың арасында ерекше байланыс болуы маңызды. Тіпті, 10-Minute Walk сияқты бұқаралық қозғалыстар ұйым­дастырылды. Оның мәні – әр қала тұрғыны он минуттық жерде орналасқан, жаяу баруға жағдай жасалған саябақпен қамтамасыз етілуінде. Бұл жағынан алып қарасақ, елордада бір жерде саябақ көп болса, енді бір жерде мүлдем жоқ. Мұндай дисбаланс әу баста дұрыс жоспарламағанның кесірінен болып отырғаны белгілі. Онсыз да, қайда қарасаңыз көтергіш кран көрінетін бас қалада құрылыс қарқыны қатты. Былтыр бұл мәселенің шет жағасын қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов қозғаған. Саяхат, қо­лайлы өмір салтын ұстанғанды ұнататын Шекенов қала сәулетшілеріне құмырсқаның илеуіндей қылып үй соға бергеннен де маңызды жайттар барын айтқан. «Сәулетшіле­ріміз қала тұрғындарының жайлы өмір сүре­тініндей жоспарласа екен. Ешкімнің құмырсқа илеуін­дей алып ғимаратта тұрғысы келмейді. Мұндай үлкен шағынаудандардың жанында саябақ, скверлер аз болса, тұрғындарға қандай қиын екенін карантин анық көрсетті. Құрылыс ком­паниялары тұрғын үйлерді салуын салады да, инфра­құры­лымды назарға іле бермейді. Яғни, мектеп, ауруханаларды ескерусіз қалдырып жатады» деген еді. Ақыры инфрақұрылым мен тұрғын үй кешені жайлы әңгіме басталған екен, біз көрген келесі бір бос кеңістіктің жайын қозғаудың реті келіп тұр. «Алматы» ша­ғы­н­ауданында орналасқан Astana Mall ойын-сауық орталығының арты мен Сәтбаев, 23 мекенжайындағы тұрғын үйлерге дейін жер де әзірге бос жатыр. Әкімдіктің мә­ліметінше, ол жерге келешекте паркингі бар тұрғын үй кешені, 280 орындық балабақша мен 1 200 орындық мектеп салынады екен. Инфрақұрылымның қарастырылғаны қуантты. Құрылыс бас­тал­ған соң аяқасты өзгеріс еніп кетпесе, әзірге бұл жоспар да жаман емес. Аталған жер теліміне қатысты «Бизнес орталығы және сауда алаңдары бар тұрғы үй кешенін салу» жер учаскесінің нысаналы мақсаты бар жекеменшік құ­қығына арналған акт бар екен. 3,8 гектар жерді алып жатқан аумақтың меншік иесі – Star Oil ЖШС. Құрылысты «Строй-Инвест-Групп KZ» жүргізеді деседі. Былтыр қазанның 12-сінде сәулет-жоспарлау тапсырмасын алып, қазір жобалау жұмыс­тарын жүргізіп жатыр екен. Әлбетте, жоспарда көп дүние жақсы көрінеді, құптарлық баға алады. Іс жүзінде соңы сиырқұйымшақтанып кететін әдеті барын көз көріп жүр.

Саябақтар бола берсін көп мейлі…

Мұндағы айтпағымыз – қаланың шынайы қажеттіліктерін ес­керу, байқай қалған жағдайда ұтымды шешімге дереу ауыстыру. Жыл сайын ауысатын трендтерді дер кезінде енгізуден ұтарымыз көп. Айталық, бұрын табиғат пен қала бір-біріне қарама-қарсы ұғым саналса, қазір «адам табиғаттан алыстамауы керек» деген ой басым. Сол үшін де «Жасыл қала» концепциясы жасалды. Яғни, қаланы жоспарлаудағы қазіргі тренд – экологиялық қаңқасын жа­сау. Саябақтар мен оларды байланыстыратын жасыл дәліздерді (бульвар, өзен, каналдар осының ішіне кіреді) тұтас әрі табиғи инфрақұрылым етіп қолданады. Әрі бұл сәулет өнерінің дәстүрлі түрінен әлдеқайда күрделі. Оны жос­пар­лау да оңай емес. Олай дейтініміз – кірпіштен, қозғалмайтын үй соғу басқа да, үнемі күтімді қажет ететін, өзгеріп, өсіп, шіріп тұра­тын жасыл желегі бар саябақ салу үшін кешенді жоспар қажет. Әлемдік тенденция сол – қазір саябақтар қоғамдық орынға айналған. Серуендеуге келген тұр­ғынның қажетін өтеумен ғана шек­телмейді. Балалардың ойнайтын, жасөспірімнің спортпен айналысатын, ересектердің денсаулығына байланысты таза ауада көп уақыт өткізетін, кей жері тыныш­тықта отыруға, енді бір жері отбасымен шулы отырыс ұйымдастыратын жер болуы тиіс. Міне, күрделі іс дегеніміз – осы. Қазақ өзі тумысынан табиғатпен етене жа­қын байланыста болуды құптайтын халық ретінде белгілі. Бұл пі­кір­­дің дұрыс екеніне көз жеткізуге көмектесетін талай зерттеу бар. Мысалы, Ричард Лоув есімді америкалық журналист «Ормандағы соңғы бала» атты кітабында адам табиғаттан неғұрлым алшақтаған сайын, соғұрлым күйзеліске ұшырап, денсаулығы құритыны дәлелденген зерттеу жұмыстарын тізіп шыққан. Тіпті, мұны күнделікті тәжірибеде өзіңіз де байқап жүрсеңіз керек. Басыңызды көтере ал­май қалғанда аз уақытқа болсын далаға шықсаңыз, бой жазып, сырқатыңыз тарқап кеткендей болады.

Венеция мен Дубайды бір бойына жиған  бас қала

Одан бөлек, қалада жасыл желектің, саябақтың мол болуы эко­логиялық мәселелерді де реттейді. Табиғатқа негізделген ше­­шімдер, климаттың өзгеруіне арналған эко­жүйелерді қолдану сияқты концеп­тілерге үңілсек, тағы да бүгінгі тақырыбымыздың маңызына көз жеткізе аламыз. Қалада бетон кеңіс­тік көбейген сайын ол жерде судың тұрып қалатыны, нөсер бола қалса сел жүретіні содан. Сөзіміздің дәлелі ретінде Нұр-Сұлтанның Венецияға айналған сәттерін желідегі видеоларын көрсеңіз, жеткілікті. Бұл проблемамен күресу үшін дамыған елдер жаңбырлы бақтар, яғни суды жақсы сіңіретін өсімдіктер бағын жасау арқылы күреседі екен. Сонда әлгі жаңбыр суы кәріз жүйесіне күш салмастан, жерасты суына кетеді. Саябақтардың шамамен 7-8 градусқа дейінгі айырмашылықпен бірнеше шақырымдық жерді салқындататыны тағы бар. Грекияда үйінде желдеткіші жоқтарға күн ыстықта баруға бо­латын, жақын маңдағы скверді көрсететін қолданба жасалған екен. Бұдан шығатын қорытынды – саябақ санын көбейту арқылы қаланың көп күрмеулі мәселесін шешуге болады. Нұр-Сұлтандағы көкке қол соз­ған биік ғимараттарға қарап, Нью-Йорк, Дубай не Сеулге ұқсататынымыз бар. Бірақ қаладағы экологиялық мәселелерді оңтайлы шешу­­ден бастап, тұрғындардың қалауына дейін ес­керілмесе тағы болмайды. Бұл жағынан келгенде, саябақтар мен скверлер жайлы «бола берсін көп мейлі» дейміз. Өйткені олар шынымен көптік етпейді. Қарқынды құры­лысты көбейтемін деп жүріп, бас қаламыз тас қалаға айналып кетпесе болғаны…

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР